Шымкент-әрі тарихи, әрі заманауи
Шымкент – көне қала, бірақ мұнда заманауи нысандарды көптеп көруге болады. Қалада театрлар, мейрамханалар, жайлы қонақ үйлер, саябақтар, аквапарктер бар. Шаһар қонақтар мен туристерді шығыстық ерекше қонақжайлықпен қарсы алады. Жануарлар мен өсімдіктердің бірегей түрлері кездесетін хайуанаттар бағы мен дендропарк те ең сүйікті орын саналады.
Шымкентте көптеген саябақ, бірнеше мұражай, бес театр және басқа да көптеген көрікті жерлер бар. Солардың бірі әрі бірегейі «Кең-Баба» этнопаркі. Бұл жер жергілікті тұрғындардың ең танымал демалыс орындарының бірі. Спорт әуесқойлары мен салауатты демалыс үшін саябақта командалық ойындарға арналған бірнеше спорт алаңдары, сондай-ақ теннис корты бар.
Шымкент хайуанаттар бағы. Мұнда 200-ден астам түрдегі 1600-ге жуық жануарлар мекендейді, оның ішінде 20-дан астам түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Сондай-ақ хайуанаттар бағының аумағында балықтың 510 түрі мекендейтін аквариум бар. Бір қызығы, хайуанаттар бағы жануарларына арналған азық-түліктің шамамен 25% зообақ аумағында өсіріледі.
Дендропарк. Шымкенттегі орталық туризм орындарының бірі. Бұл тұрғындардың демалуына арналған дендросаябақ. Дендропарк 1979 жылы ашылды, аумақта өсімдіктердің 600-ден астам түрі бар. Тәуелсіздік саябағы. Ол 2011 жылы қаланың тарихи бөлігінде ашылған және қаладағы ең үлкен және ең жаңа саябақ болып табылады. Ашылу салтанатына еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Саябақ ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту еткен сыйы болды. Саябақтың ортасында металл элементтерден жасалған ескерткіш бар.
Темірлан тас жолының бойындағы зәулім мешіт үш мың адамға арналған. Нысанның құрылысын БАӘ-нің «Заед бен Сұлтан Әл-Нахян» қайырымдылық қоры қаржыландырды. Мешіт Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері президенттері арасындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында салынды. Бірыңғай кешенге жуынатын бөлме, имам үйі, қазандық кіреді.