Салт-дәстүр орталығы көне ән-жырдан шашу шашты

Screenshot_1.jpg

Шымкенттегі Салт-дәстүр орталығында көне заманнан келе жатқан асыл мұраларымызды, ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ән қазынасын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Дәстүpлі және ғұрыптық әндер» этно-танымдық шарасы өтті. Бұл туралы аталған орталық әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. 

Этно-танымдық шарада өңірімізге белгілі өнерпаздар қазақ халқының мерей тұтар асыл мұрасы, бүгінгі ұрпаққа жеткен дәстүрлі өнердің қаймағы ғұрыптық әндер-бесік жыры, тұсау кесер жыры, беташар, сыңсу, аушадияр, жар-жар, тойбастар, бақсылық өнер, ауылдың алты ауызы, жарапазан, жоқтау сынды ғұрыптық әндер мен көнеден жеткен ән-жырдан шашу шашты.

Мың жыл бұрынғы саздың, күй мен сарынның бүгінгі күнге жетуінің өзі халықтың ұлттық болмысының биік көрінісі. Ендеше, бұл өнер үлгісінің ғұмыры ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа жете бермек, - деп, атап өтті орталықтың директор орынбасары Райхан Сапарқызы. Тағылымы мол шараға мәдениет саласының қызметкерлері, мектеп оқушылары, ЖОО студенттері және БАҚ өкілдері қатысты.