А вирусты гепатиті
Соңғы кезде Шымкент қаласында вирусты аурулар – ковид, тұмау, тағы басқа да аурулармен қатар, көп жылдық талдау барысында балалар арасында А вирусты гепатит аурушаңдығының жоғарылауы байқалуда. А вирусты гепатиттің (ВГА) қоздырғышы – вирус, бауырды зақымдаумен жүретін жіті жұқпалы ауру.
Вирус бауырдағы гепатоциттерге тікелей немесе жанама зақымдау әсерін тигізіп, ағзалардың функциясының бұзылуына, ал бірқатар жағдайларда – күрделі, кейде өмірге қауіпті асқынулардың (цирроз, бауыр обыры) дамуына әкеледі. Науқастардың ағзасына көптеген жылдар бойы теріс әсер етіп, сауығумен аяқталуы немесе созылмалы түріне айналуы мүмкін. Сау адам ВГА-мен ауырған адаммен ластанған тамақ өнімдері мен су арқылы жұқтырады.
А гепатитінің клиникалық белгілері: қалтырау (дене қызуының көтерілуі), әлсіздік, жүрегі айну, құсу, ішінің ауруы, оң жақ қабырға астының ауырсынуы, тәбетінің төмендеуі, бас ауруы, тері қабатының сарғаюы. Аурудың клиникалық белгілері жеңіл сарғаю түрінен ауыр ағымға өтіп, кей жағдайларда өлімге дейін алып келуі мүмкін. Халық бұл кеселді «сары ауру» деп атаған. Науқастан вирус аурудың алғашқы кезеңінде бөлінеді, сондықтан клиникалық белгілері білінгенге дейін ауру көзі болып, басқаларға жұқтырады. А гепатитінің вирусы адам ағзасынан нәжіспен және зәрмен бөлініп, суды, тағамды және қолданыстағы заттарды зақымдайды. Вирус жоғары зақымдағыш қабілетке ие, вирус адам ағзасына ауыз қуысы арқылы зақымданған су, тағамдық өнімдер, сонымен қатар науқаспен қатынаста болғанда жеке бас гигиенасын сақтамағанда лас қол арқылы жұғады. Ауру жылдың кез келген мерзімінде тіркеледі, дегенмен көбіне жаз-күз айларында жиі тіркеледі.
Аурудың алғашқы белгілері жұқтырған күнінен бастап 7-50 күнге дейінгі аралықта пайда болады. Сарғаю белгілері білінгенге дейінгі мерзімдегі науқастар өте қауіпті, бұл кезде науқас вирусты көптеп бөледі. Сарғайғаннан кейін науқас вирусты аздап бөліп, соңынан толық тоқтайды. Ауруды ерте анықтап, уақтылы ауруханаға жатқызу жұқпаның таралуының алдын алады.
Алдын алу іс-шаралары:
- жеке бас гигиенасын сақтау, сырттан келгенде, тамақ ішер алдында немесе дәретханаға барғаннан кейін қолды мұхият сабындап жуу;
- тек қайнатылған су ішу. Вирус суды 100 0С қайнатқанда, тек 5 минуттан кейін ғана өледі;
- шомылуға арнайы бөлінген жерлерде ғана шомылу;
- жеміс-жидекті қолданар алдында мұқият жуу;
- тағамдық өнімдерді белгісіз адамдардан немесе рұқсат етілмеген жерлерде сатып алмау;
- үй жағдайында тамақ дайындар алдында гигиеналық ережелерді және тез бұзылатын өнімдердің жарамдылық мерзімін сақтау;
- тағамдық өнімдерді мұқият қуыру немесе қайнату;
- 2 жастағы балаларға вакцинация жүргізу;
- жұқпаны таратуға жол бермеу үшін науқастың ауырлық жағдайына қарай дер кезінде үйінде немесе ауруханада оқшаулап, дәрігердің тағайындауымен амбулаториялық немесе ауруханалық ем қабылдау керек.
Балалар қоғамдық автокөлікте, адамдар көп шоғырланатын орындарда тығыз қарым-қатынаста болуына орай аурушаңдықты жұқтыруы мүмкін.
Сондықтан міндетті түрде балаларға жеке бас гигиенасын сақтау ережелерін үйретіп, егу күнтізбесіне сай барлық профилактикалық егулерін уақтылы егу күнтізбеге сай алған жөн. Бүгінгі күнге А вирусты гепатитінің алдын алудың тиімді әдістерінің бірі – вакцинация жүргізу. 2006 жылдан бастап 2 жастағы балаларды егу күн тізбеге сәйкес вакцинация 2 егу курсынан тұрады: алғашқы егуін алғаннан кейін екінші егуін 6 айдан кейін алады.
Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз!
М.БЕЙСЕНБАЕВ,
Тұран ауданы СЭББ басшысы