Балаларға арналған ойыншықтарды қалай таңдаған дұрыс?


 Ойыншық – баланы жан-жақты тәрбиелеу мақсатында пайдаланылады. Баланың дүниетанымын кеңейтуге көмектеседі, белгілі бір мақсаттағы, ойластырылған әрекетке үйретеді, қиялын дамытып, еңбеккке сүйіспеншілігін, техникаға қызығушылығын, білуге құмарлығын, аңғарғыштығын қалыптастырады, талғампаздыққа тәрбиелейді. Бала тіршілігінде де, тәрбие прцессінде де ойыншықтардың маңызы өте зор. Ойыншықтар арқылы өзін қоршаған ортамен танысады, баланың көңіл-күйі көтеріледі.

Ойыншықтарға арналған баланың жасы, ойыншық қорабының сыртында немесе арналып салынған қағазда көрсетіледі. Ойыншықпен бірге берілетін нұсқау қағаздағы ескертулер ойыншық арналған жас тобындағы балаларға түсінікті болуы керек және мұнда ойын мен ойыншықты өңдеудің (жуып-тазалау, залалсыздандыру) ережесі жазылуы керек.

Бір жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтар олардың көру, есту жағдайларын, дыбыс реакцияларын, дене тұлғасын өзгертуге арналған қимыл-қозғалыстарын (отыру, тұру, қолдарымен бір нәрсені қармап ұстау т.с.с.) дамытуға арналады. Бұл жастардағы балалар үшін ең көп таралған ойыншықтар полимерден жасалған дөңгелектер, әртүрлі шылдырмақтар т.с.с. болып табылады. Олар мүмкіндігінше ірі, қармап ұстауға ыңғайлы, ашық түстермен боялған және дыбыс шығаруы белгілі дәрежеде болуы керек. Бір жастың соңына қарай қүыршақтар, аңдар, машина, ойыншық-әткеншектер т.б. қолданыла бастайды.

Одан кейінгі жастарда бала айналасын тереңірек танып, біле бастайды, қимыл-қозғалыстары реттеліп, тіл дами бастайды. Сондықтан бұл жастарда біраз күрделірек, түсіну үшін ойлану қажет ететін әртүрлі мозайкалар, таяқшалар мен кубиктер, құрылыс материалдары, дамыту ойыншықтары қолданылады. Мектепке дейінгі жастардағы балалар белгілі роль атқаратын ойындарға (апа, әже, дәрігер, мұғалім т.б.) көше бастайды, бұл жастарда көбінесе ұжымдық ойындарға арналған ойыншықтар пайдаланылады.

Балалардың морфофункционалдық ерекшеліктеріне, білім, интеллектуалдық деңгейлеріне сәйкес, ойындар мен ойыншықтар 5 топқа бөлінеді: бір жасқа дейінгі сәбилерге (ерте жас) арналған ойыншықтар; бір жастан үш жасқа дейінгі (ясельдік жас); үш жастан алты жасқа дейінгі (мектепке дейінгі жас); алты жастан он жасқа дейінгі (бастауыш мектеп жасы) және оннан он төртке дейінгі аралық (орта мектеп жасы) деп бөлінеді.

Қазіргі уақытта сауда орындарында ойыншықтардың өте үлкен ассортименті бар.

Ойыншықтарды сатып алу барысында неге назар аудару қажет?

Ең бастысы, ойыншық қауіпсіз, тығыз, қауіпсіз материалдан жасалған, ұсақ бөлшектері болмауы керек және оны жууға болатын материалдан жасалуы қажет.

Сатып алу кезінде өндірушіге, қаптамаға, ойыншық шығаратын дыбыстарға назар аударыңыз, олар дыбыстар нәрестені қорқытпауы тиіс.

Бүгінгі таңда Қазақстанда балаларға арналған ойыншықтарға қойылатын талаптар айқындалған, олар Кеден одағының КО ТР 008/2011 «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінде нақты жазылған, ол балалар мен оларға қарайтын адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ тұтынушыларды олардың мақсаты мен қауіпсіздігіне қатысты жаңылыстыратын әрекеттердің алдын алу мақсатында ойыншықтарға қойылатын талаптарды белгілейді.

Ойыншықтарда пайдаланылған материалдарды қайта өңдеу нәтижесінде алынған қайталама шикізатты қолдануға жол берілмейді. Ойыншықтардың қорғаныш-сәндік жабыны ылғалды өңдеуге, сілекей мен тердің әсеріне төзімді болуы керек, сұйық толтырғыштың ағып кетуіне жол берілмеуі тиіс.

Ойыншықтарды таңбалау айқын, тексерілетін, анық, оңай оқылатын, тексеруге және сәйкестендіруге қол жетімді және келесі ақпаратты:

- ойыншықтың атауы;

- ол дайындалған елдің атауы;

- дайындаушының, импорттаушының атауы және орналасқан жері, олармен байланыс үшін ақпарат;

- дайындаушының тауар белгісі (бар болса);

- ойыншық арналған баланың ең төменгі жасы немесе баланың жасын көрсететін пиктограмма;

- негізгі құрылымдық материал (үш жасқа дейінгі балалар үшін) (қажет болған жағдайда).

- ойыншыққа күтім жасау тәсілдері (қажет болған жағдайда);

- шығарылған күні (айы, жылы);

- қызмет ету мерзімі немесе жарамдылық мерзімі (олар орнатылған кезде);

- сақтау шарттары (қажет болған жағдайда) көрсетілуі тиіс.

 Дені сау ұрпақ үшін сапалы, пайдалы және қауіпсіз  ойыншықтар таңданыз!

 

М.Сатымбекова

Әл-Фараби ауданының СЭББ бас маманы