Тегін дәрі-дәрмек босатуда ешқандай мәселе жоқ

Шымкент қалалық №6 емханасында пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында арнайы іс-шара өтті. Оны қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен «СК-Фармация» ЖШС ұйымдастырды. 

image.png

Жиында дәрілік заттарды пациенттерге тарату жалпы мемлекеттік емдеу мекемелерінің дәрілік препаратпен қамтамасыз етілу жайы талқыланды. Сонымен бірге алдағы жоспарлар бойынша пікірлер алмасылды. 

«СК-Фармация» ЖШС-ның Шымкент қаласы бойынша өкілі Ұлжан Нұғманова қаладағы емхана мен ауруханалар мемлекет тарапынан тегін дәрі-дәрмек қамтамасыз етіліп отырғанын және бұл салада ешқандай проблема жоқ екенін мәлімдеді. «Емдеу мекемелеріне дәрі-дәрмек жеткізілу және оны есепте тұрған науқастарға тарату қалыпты жағдайға жоспар мен кестеге сәйкес жүріп жатыр» деді Ұ.Нұғманова. Маманның айтуынша, амбулатория жағдайында пациенттерге тегін босатылатын дәрі-дәрмектен 15 млрд теңгенің қоры бар. Стационарға бөлінетін дәрі мен медициналық бұйымнан 18 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алу жасалды. Осылайша стационарлық емдеу мекемелерін медициналық бұйым, препаратпен қамтамасыз ету жүз пайызға жақын орындалды. Маманның мәлімдеуінше, емдеу мекемелерінде ешқандай дәрі-дәрмек жетіспеушілігі туындамайды. Егер мұндай жағдай орын ала қалса, дереу әрекеттер жасалып медициналық препарат жетіспейтін өңірлерге тиісті көлемде дәрі-дәрмектер жөнелтіледі. Бұл әбден пысықталып, тәжірибеден өткен механизм. Сондықтан қай кезде де есепте тұрған пациенттер дәрі-дәрмексіз қалмайтынын айтты Ұ.Нұғманова. «СК-Фармация» өкілі, сондай-ақ келер жылға мемлекеттік сатып алу биыл жүргізіліп, қажетті дәрі-дәрмек сатып алынғанын, сөйтіп ол дистрьюбитер қоймаларына түсетінін жеткізді. Ол жерден келесі жылы барлық медициналық ұйымдарға таратылатын болады. Осылайша келесі жылға қор жасақталып, дәрі-дәрмек бойынша ешқандай тапшылық туындамайды. 

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда мегаполисте бірыңғай дистрибьютор арқылы 92 медициналық ұйым дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп отыр. Осы жылға арналған негізгі өтінімдер бойынша қаланың медициналық ұйымдарынан 1118 атауға сұраныс қабылданып, жыл ішінде қосымша 768 дәрілік атауға өтінім жасалыпты. Сонымен бірге стационарлық көмек шеңберінде дистрибьюторлық компания 79 медициналық ұйыммен келісімшарт жасасып, 18 млрд теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізетін болып мойнына жауапкершілік алды. Өз кезегінде жоғарыда айтып өткеніміздей, амбулаториялық деңгейдегі дәрілік қамтамасыз ету бағытында 483 дәрілік атау бойынша өтінімдер қабылданып, оның жалпы құны 15 млрд теңгені құрады.

Енді іс-шара өткен емхана туралы да айта кетсек. Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «№6 қалалық емхана» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны – алғашқы медициналық-санитариялық көмекті және консультациялық-диагностикалық көмекті қоса алғандағы амбулаториялық-емханалық көмекті көрсететін денсаулық сақтау ұйымы болып табылады. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап Шымкент қаласы бойынша алғашқы емханалар арасында аймақтық мейіргерлерге Әмбебап прогрессивті патронаж моделі (УПМП) толық еңгізілуін қаматамасыз ету мақсатында GPS навигациясы базасы іске қосылды. GPS навигациясының басты мақсаты аймақтық мейіргерлердің аула аралауын бақылауды 5 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүгізуді жеңілдетуді және динамикалық бақылауда тұратын азаматтарды жоспарлы профилактикалық тексеруге шақыруды қамтамасыз етуді көздейді.

Осыдан екі жыл бұрын Шымкент қаласында алғашқы рет емханалар арасында «Үздік тәжірибелік орталық» осы №6 қалалық емханада ашылды. Мекеменің А корпусында «Алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету» бөлімінің құрамында дәрігерге дейінгі қарау, әйелдерді қарау, ерлердің ұзақ өмір сүруі, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, симуляциялық және тыныштық бөлмелері орналасқан. Емхана өкілі Ұлбала Ерғалиқызының айтуынша, мекемеде «Отбасылық денсаулық орталығы» қызмет атқарады. Оның құрамында отбасылық дәрігерлер мен медбикелер бар. Соның ішінде 6 медбике өздігінен қабылдау жүргізіп, көрсетілімдер бойынша өздерінің дәрігерлеріне жолдайды. Сонымен қатар, «Денсаулық мектебі», «Ауруларды басқару бағдарламасы», «Отбасын жоспарлау және босануға дайындық» және «Дені сау бала» мектептері, «Патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті моделі» және «Баланың даму» бөлмелері жұмыс атқаруда. Денсаулық мектебі бөлімінде салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша кардиологтар, невропатологтар және эндокринолог дәрігерлер кестеге сәйкес апта сайын ашық есік күндерін өткізеді. Әлеуметтік қызметкерлердің және психолог мамандардың ай сайынғы жұмыс кестесі бекітіліп, жұмыс жоспары қайта құрылды, кейс-менеджмент бойынша жұмыс жүргізілуде. Тұрғындардың қажеттілігі мен сұранысын қолжетімді ету, сапалы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету арқылы халықтың денсаулығын нығайту мақсатында «Халық кеңесі» құрылып, оның арнайы кеңсесі ашылған. Халық кеңесінің құрамында Абай ауданының билері, учаскелік полиция, блогерлер, емхана қызметкері кіреді. Сонымен бірге, емхана пациенттерімен және қызметкерлерімен «Назар аудару тобы» тұрақты жиын өткізіп тұрады. Сол отырыстарда талқыланған мәселелер бойынша емхананың әкімшілігі тиісті шаралар қабылдайды.

– Емханада арнайы оқу-тәжірибелік орталығы жұмыс істейді. Бұл ретте симуляциялық оқыту кәсіптік оқытудың міндетті құрамдас бөлігі болып табылады. Оқу орталығының мақсаты медицина мамандарының біліктілігін арттыруды көздейді. Орталықта медициналық тәжірибені жетілдіру және медицина қызметкерлерінің білімін арттыру мақсатында тренингтер өткізіледі. Жылдам оқытудың көпсалалы бағдарламасы бар орталықта жүрек тоқтауы кезіндегі алғашқы көмек көрсету, акушерлік және гинекологиядағы алғашқы көмек көрсету, баланың жарақаты алғандағы мейіргерлік манипуляциялық дағдылар бойынша медицина мамандары жаттығу өткізіп тұрады. Емхана ішінде «Альфараби» жастар денсаулық орталығы ашылған. Жастар денсаулық орталығының қызметтері 12-29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарға медициналық көмек көрсетіледі. «Альфараби» жастар денсаулық орталығының (ЖДО) мақсаты жастардың медицна жайында, әртүрлі аурулар жөнінде ақпараттық танымын хабардарлығын арттыру болып табылады. Сондай-ақ орталықта жастарға отбасы мен жүктілікті жоспарлау, АҚТҚ және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың, нашақорлықтың, суицидтің алдын алу, саламатты өмір салтын ұстануға шақыру, ерікті жастарды оқыту секілді жұмыстар жүргізіледі. Емханада медициналық көмек барлығына қолжетімді болуын қамтамасыз ету және оның заманға сай болуы, яғни емделушінің алтын уақытын бағалау және емделушілерге бар мүмкіншілікті жасау мақсатында құрылған «Электронды тіркелу», «Кезексіз емхана» сияқты автоматтандырылған жүйелерін енгізілді. Одан бөлек мамандардың жаңа технологиялық бағдарламаларды жоғары деңгейде меңгеруіне, қызметкерлердің білімін үнемі жетілдіріп отыруына үлкен мән беріледі. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін емханада цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде іске асырылуда. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде, емделушілерге қолжетімді, сапалы медициналық қызмет уақытылы көрсетіліп келеді. QR-кодтар аймақтық дәрігерлер мен бейінді мамандарда қамтылған. Емхана жалпы 128 бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Оның ішінде дәрігерлер мен мейірбикелердің де жұмыстары осы бақылау камералары арқылы бағаланады. Медициналық көмек көрсетуде кейде өтірік жағдайлар болып жатады немесе құжат толтыруда қосып жазып жіберу оқиғалары орын алып қалады. Осындай келеңсіздіктердің алдын-алу үшін емханада 2025 жылы ақпан айында 88 камера орнатылып Face Id жүйесі іске қосылды, – деді Ұ.Ерғалиқызы. 

Маманның айтуынша, өткен жылы №6 қалалық емхана аккредитациядан өтіп, Шымкент қаласы бойынша емханалар арасындағы ұлттық аккредитацияның «Жоғары» санатына ие болды. Бұдан басқа №6 қалалық емхана базасында жаңадан «Даму және ерте араласу» және «Шұғыл және көмек көрсету» орталығы ашылды. Осы тұста айта кеткен жөн биыл Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев іс-сапармен келіп, «Даму және ерте араласу» бөлімінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Вице-министр емхана жұмысымен танысып өзінің жоғары бағасын берді. Сондай-ақ денсаулық саласына жауапты тұлғалар арнайы іс-сапар барысында №6 қалалық емханада ашылған «Даму және ерте араласу» орталығы мен «Шұғыл және көмек көрсету» бөлімінің жұмысымен танысып, емхана қызметкерлерімен тілдесті. Өз кезегінде министрлік өкілдері емхана қызметіне оң бағасын беріп, медициналық ұйымдағы тәжірибені өзге ұйымдарға енгізуді және тәжірибе алмасуды ұйымдастыруды тапсырды. Дәрігерлерге ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

 – «Даму және ерте араласу орталығын» ашудағы басты мақсат балалардың өмірінің ерте кезеңдеріндегі даму ауытқуларын анықтауға және жан-жақты көмек көрсетуге бағытталған. Орталықтың құрамына аймақтық дәрігер, педиатр, невропатолог, психолог, әлеуметтік қызметкер, патронаждық мейіргерлер және бейінді мамандар кіреді. Олар 3-5 жас аралығындағы балаларға тексерілулер жүргізу арқылы неврологиялық, психофизиологиялық ауытқуларды, аутизм белгілерін ерте кезден анықтайды. Бұл өз кезегінде ана мен баланың саулығын жақсарту, нәрестелер арасында өлім-жітімді азайтуға сеп болады. Осы «Даму және ерте араласу орталығында» патронажды сүйемелдеудің жұмыс жоспарын бақылайтын педиатр кабинеті, патронажды мейіргерлер кабинеті, Баланың даму кабинеті, баланың психофизикалық тексеруін (скрининг) жүргізетін кабинет, 5 жасқа дейінгі балалармен жүкті әйелдерді бақылайтын прогрессивті-әмбебап патронаж моделі супервизиясы, Тамақтану бойынша ресурсты орталығы жұмыс істейді. Ал «Шұғыл және көмек көрсету» орталығы алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіруге бағытталған. Емханаға күн сайын 500-ден көп адам келеді. Олардың арасында қан қысымы көтерілген, тынысы тарылған, тіпті есінен танған науқастар кездесіп жатады. Мұндай кезде алғашқы минуттар шешуші рөл атқарады және жедел жәрдем келем дегенше, алғашқы көмек көрсету – адамның өмірін сақтап қалудың кепілі болып табылады. Жалпы аталған орталықтар тұрғындарға уақтылы алғашқы медициналық көмек көрсетуде, дәрігердің алдындағы кезекті азайтуда, емханаға келушілер арасындағы кенеттен жағдайы нашарлаған адамдарға дереу көмек көрсетуде, ауруханаға жеткізілгенге дейінгі шұғыл шараларды жүргізуде өте маңыхды рөл атқарады, – деді Ұ.Ерғалиқызы. 

Қорыта айтқанда №6 емхана – үшінші мегаполисте медицина ұйымдары арасында алғаш рет «Үздік тәжірибелік орталық» ашылып, тәжірибесі республикаға таратылған медициналық мекеме болып табылады. 

Ә.ҚОНЫСБАЙ