МӘМС жарнасын уақытылы төлемесе, өсімпұл есептеледі

МӘМС жүйесіне тұрғындарды қамту барысында кездесіп жатқан мәселелерге қатысты сұрақтарға облыстың теріскейінде, Созақ аудандық орталық ауруханасына қарасты шалғай жатқан Қыземшек дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Қосауов Биржан Қолдасыновичпен сұхбат барысында жауап алған едік.
— МӘМС жүйесіне тұрғындарды қамту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
— Бүгінгі таңда Қыземшек кенті бойынша медициналық ұйымға тіркелген тұрғындар саны – 3982. Оның ішінде 3895 адам МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Бұл – тұрғындардың 97,8 пайызы. Ал 87 азамат сақтандырылмаған.
Өткен жылмен салыстырғанда сақтандырылмағандар саны азайды. Мысалы, 2025 жылдың мамырында бұл көрсеткіш 200-ден асса, биыл 87-ге дейін төмендеді. Яғни, бір жылда 113 адам жүйеге қосылды.
Бүгінгі таңда жалпы Созақ ауданында халықтың МӘМС жүйесіне қатысу деңгейі жоғары. Бұл жұмыспен қамтылған азаматтар санының көптігіне байланысты деп ойлаймыз.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Д және Е санаттарына жататын азаматтар мен ресми жұмыссыздар жергілікті бюджет есебінен МӘМС жүйесіне енгізілді. Бірақ медициналық көмекке жүгінбеген азаматтардың шартты мәртебесі автоматты түрде тоқтатылып жатыр.
Сондықтан жеңілдік санатында болса да, сақтандырылмаған болып қалған азаматтар кездеседі. Мұндай жағдайда тұрғындар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жүгініп, мәртебесін нақтылауы керек.
— МӘМС жүйесіне тұрақты төлем жасамайтындар бар ма?
— Иә, ондай жағдайлар кездеседі. МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесін сақтау үшін азаматтың соңғы 12 айдағы төлемдері үздіксіз жүргізілуі қажет. Егер жарна немесе аударым уақытылы төленбесе, азамат сақтандырылған мәртебесінен айырылып, кейбір медициналық қызметтерді ала алмай қалады. Өкінішке қарай, кейбір жеке меншік мекемелер қызметкерлері үшін төлемдерді уақытында аудармайды. Соның салдарынан адамдар медициналық көмекке жүгінген кезде ғана мәртебесінің жоқ екенін біліп жатады. Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай жағдайларға бақылауды күшейтті. Берешегі бар азаматтар мен жұмыс берушілердің жеке кабинеттеріне арнайы хабарламалар жолдануда. Егер төлем уақытында жүргізілмесе, өсімпұл есептеледі.
— Ұзақ мерзімді еңбек демалысында МӘМС қалай төленеді?
— Егер қызметкер бір айдан ұзақ мерзімге ақылы еңбек демалысына шықса, МӘМС төлемдерін дұрыс бөлу өте маңызды. Мысалы, қызметкер екі ай демалыста болса, жұмыс беруші төлемді бір рет аударғанымен, оны айлар бойынша бөлек көрсетуі керек. Яғни, тамыз бен қыркүйекке арналған төлем жеке-жеке есептелуі қажет. Егер бұл дұрыс рәсімделмесе, қызметкердің жүйеде берешегі пайда болып, сақтандырылған мәртебесі тоқтап қалуы мүмкін. Сондықтан бухгалтерия қызметкерлері МӘМС аударымдарын әр кезеңге бөліп төлеуі қажет.
— Пациенттің құқығы бұзылса, қайда жүгіну керек?
— Көп жағдайда тұрғындар бірден Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарласады. Бірақ әрбір емхана мен ауруханада пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейтінін біле бермейді. Бұл қызмет пациенттердің арыз-шағымдарын қарап, медициналық көмектің сапасына бақылау жүргізеді. Егер пациент дәрігердің қабылдауына, емнің сапасына немесе МӘМС мәртебесіне қатысты мәселеге тап болса, алдымен осы бөлімге жүгіне алады. Сонымен қатар, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ресми сайты — msqory.kz мен Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы да өтініш қалдыруға болады.
— Оқушыларға МӘМС арқылы қандай медициналық қызметтер көрсетіледі?
— Оқушылар МӘМС жүйесінде автоматты түрде сақтандырылған. Олар үшін жарналарды мемлекет төлейді. Сондықтан балалар дәрігер қабылдауын, анализдер мен тексерулерді, стоматологиялық қызметтерді, оңалтуды, стационарлық емді және жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін ала алады. Мектеп медицинасы аясында балалар профилактикалық тексеруден өтеді, екпе алады және денсаулығына бақылау жүргізіледі. Жазғы демалыс кезінде балалар толық медициналық тексеруден өтіп, қажет болса, оңалту емдерін де ала алады. Мысалы, массаж, физиотерапия, емдік дене шынықтыру секілді қызметтер МӘМС аясында көрсетіледі. Егер бала мектепте медициналық тексеруден өтпей қалса, оны тіркелген емханасында өте алады.
Әңгімелескен А.Есімбай
