Экстракорпоралды ұрықтандыру кезінде баланың жынысын таңдауға бола ма?

aitkogina_v.jpg

Бүгінде  экстракорпоралды ұрықтандыру  (ЭКО) арқылы перзент сүйіп отырған  ерлі-зайыптылар қаншама?! Денеден тыс ұрықтандыру төңірегінде  жүрген жұрттың  сауалы көп екені анық. Елімізге  белгілі репродуктолог, «Қазақстанның 100 есімі» жобасына енген дәрігер  Ләззат Айтқожина «Диагноз» газетіне берген сұхбатында ДТҰ кезінде баланың жынысын анықтауға, алайда таңдауға болмайтынын айтқан. «Қазақстан Республикасының Заңы бойынша баланың жынысын таңдауға рұқсат етілмейді. Дегенмен біз эмбрионды жатырға салмас бұрын генетикалық анализ жасаймыз. Яғни эмбрионның хромосомалық аурулары бар-жоқтығын, ұрықтың қаншалықты белсенді екенін тексереміз. Сол кезде генетиктер эмбрионның қызға не ұлға тиесілі екенін айта алады. Яғни, ата-ана болашақ перзентінің жынысын алдын ала біле алады. Алайда тексеруді тек қана баланың жынысын анықтау үшін ғана жүргізуге болмайды»,- дейді Ләззат Кенжебайқызы. Гинеколог дәрігердің айтуынша ДТҰ арқылы дүниеге келген балалар болашақта өздері де табиғи жолмен  ата-ана бола алады екен. «ДТҰ-ны жасатқан нәзік жандылардың екінші, үшінші мәрте табиғи жолмен бала көтеріп жатқандығын айта кеткім келеді. Өз тәжірибемде мұндай пациенттер өте көп. Егер әйелдің екі трубасы және жолдасының спермасы жақсы болса ДТҰ-дан кейін көбісі медицинаның көмегінсіз жүкті болып кетеді. Ал осы әдіспен дүниеге келген балалар болашақта табиғи жолмен ата-ана бола алады. Бір ғана мысалды айтайын. Дүниежүзінде осы тәсілмен алғаш рет 1977 жылы Ұлы­британияда дүниеге келген қыз Луиз Браун қазір тұрмыста. Ол табиғи жолмен екі балалы болды. Тәжірибе мен өмір көрсеткендей олар да бала сүйіп, ана, әке махаббатына бөлене алады»,- дейді гинеколог дәрігер.

  Айта кетейік, қазіргі таңда бір-екі баламен шектеліп қалмай бес, жеті балалы болғысы келетін ата-аналардың қатары көбейген. Екі баласын табиғи жолмен көтеріп үшіншісін  көтере алмай жүрген әйелдер жасанды ұрықтандыру тәсіліне жүгінуде. Бұл жағынан Алматы, Түркістан облысы мен еліміздің батыс аймағы көш бастап келеді екен.