Ләззат Айтқожина: Бір отбасының тағдыры сенің қолыңда тұрады

c6oiOMO5.jpg

Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтының репродуктологы Ләззат Айтқожина денеден тыс ұрықтандыру кезінде ауру баланың дүниеге келуі мүмкін екенін айтады. Бұл туралы «Диагноз» газеті жазады.  «Табиғи жолмен көтерген ананың бәрі бірдей сау баланы дүниеге әкелмейді ғой. ДТҰ да сол секілді. Ауру бала туылғанда кейде пациенттер бұл қолдан ұрықтандырудан болған жағдай деп бағалап жатады. Сәбидің паталогиямен туылуы нақты жасанды ұрықтандырудан екенін айту қиын.  Егер әйел кезінде түсік жасаса, баланың шетінеуі көп болса, онда ауру шақалақтың дүние келуіне қауіп көп. Тек мұны көбісі түсіне бермейді»,- дейді ол.

Дәрігер кейде «жанкешті» мамандықтан шаршайтын сәттері де болатынын жасырмады.  «Мен мамандығымды жақсы көремін. Соған қарамастан кейде шаршағанда, стресс болғанда, бір нәрсеге көңілім толмағанда өкінетін кездерім болады. Репродуктология физикалық соншалықты күшті талап етпейді, бірақ жүйкеңді жұқартады. Алдыңа келген әрбір әйелдің тағдыры, әйелдің ғана емес бүкіл отбасының тағдыры сенің қолыңда тұрады. Әрине біз Құдай емеспіз, біз тек себепшіміз. «Соңғы тиынымызды сізге әкеліп отырмыз, несие алдым, осыдан бала көтермесем енем мені қуып жібереді, балалы болмасам күйеуім менен ажырасқалы жатыр, сәби сүймесем өмір мен үшін осы жерден бітеді» деген сөздерді естігенде жаныңды қоярға жер таппай кетесің. Бірақ оны пациентке білдірмейсің ғой. Осылайша зар илеп келген адамдарға кейде көмегіміз тиіп жатады, кейде қолдан келер қайран болмай қалады. Сондай сәттерде «неге мен осыншама адамның тағдырына жауап беруім керек?» деген сұрақ мазалайды. Егер процесс ойдағыдай шықпаса, пациент бірінші кезекте дәрігерді кінәлайды. Жалпы адамдардың табиғаты солай ғой. Бақытсыздығы, өмірдегі сәтсіздігі үшін өзгені кінәлайды. Бәріне бірдей топырақ шашқаным емес. Арасында «ем-домды дұрыс қабылдамадым, бала көтеретін жастан өтіп кеткесін келдім ғой» деп түсіністік танытып жататындары да кездеседі. Бірақ, өте сирек. Ал кейбір пациенттер әлемдегі бірде-бір ДТҰ-ның 100 пайыз кепілдік бермейтінін сол күйі түсінбей кетеді. Егер бәрі ойдағыдай өтіп, құрсағына бала бітіп, сәбиін иіскеп жатса сенен жақсы дәрігер, сенен білікті маман жоқ! Дәрігер өмірінің қызықты да қиын тұсы осы шығар.  Жүздері балбұл жайнап, балапандарын жетектеп, алғыс айтуға келген ерлі-зайыптыларды көру дәрігердің басты жемісі!»,- дейді Ләззат Кенжебайқызы.