Бауыржан АЙТУОВ, биотехнолог: InnoDent тісті зақымдамай емдейді
Стоматологтың кабинетіне кіргенді балалар түгілі ересектер де ұнатпайды. Себебі дәрігердің темір саймандарын көргеннен көзіміз шарасынан шығып, жүрегіміз дүрсіл қағып кетеді. Ал тісті бұрғылау мен жұлдырту... Енді мұндай азапты күндер артта қалуы мүмкін. Себебі қазақтың қара домалақ баласы дер кезінде емдесеме тістің жұлынуына алып келетін тісжегіні ерте сатысында емдейтін инновациялық препарат ойлап тапты. Статистикалық деректерге сүйенсек, жер бетіндегі ең ежелгі және ең көп тараған ауру осы тісжегі екен. Жамбыл облысының тумасы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия біріккен Корольдігінде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жас маман Бауыржан Айтуовтың шығарған InnoDent препаратына әзірге әлемде балама табылмай тұр. Тіпті медицинасы жақсы дамыған Израиль, АҚШ, Қытай, Жапония мемлекеттерінің өзінде мұндай бірегей препарат қолданылмайды. Биотехнологиялық ноу-хаудың авторы қазір өз өнімін елімізде ғана емес шетелге де шығаруды жоспарлап отыр. Жас ғалымның тағы қандай жоспарлары бар? Бұл туралы «InnoDent» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бауыржан Айтуовтың өзі «Диагноз» медициналық газетінің оқырмандарына арнайы берген сұқбатында айтты.
– Бауыржан, ғылым сүңги берсеңіз, тереңге бойлап кете беретін теңіз секілді. Жастайыңыздан жігер мен ізденісті талап ететін ғылым жолына түсуіңізге не түрткі болды?
– Бәріміз де ауылда өскен баламыз ғой. Сол қызыққа тоймай жүретін шақта ауыл маңындағы өзенге барып шомылып, әрі балық аулайтынбыз. Өзен мен тоғай арасынан бақа, жылан ұстауға үйір едім. Неге екенін қайдам өзге балалар асыр салып ойнап жүргенде мен сол жыбырлаған жәндіктерді, жан-жануарларды аулап, олардың құрылысын зерттегенді жақсы көрдім. Табиғатқа етене жақын болдым деп айтсам болады. Жетінші сыныпта Тараз қаласындағы қазақ-түрік лицейіне ауыстым. Онда биология кабинетінде зерттеуге арналған тасқаба, суыр, балық секілді түрлі тіршілік иелері болатын. Көп уақытымды сол кабинетте өткіздім. Мұғалім менің қызығушылығымды байқап, биологияны тереңірек үйретуге кірісті. Мектеп қабырғасында жүріп елімізді айтпағанда әлемдік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Ғылым жолындағы алғашқы баспалдақтарым осылай басталған. Мектеп бітірерде анам дәрігер болуымды қалаған еді. Алайда мен жаныма жақын биотехнология саласын таңдап, 2004 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. Кейіннен «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Йорк университетіне жолдама алып, сол жақта генетика саласы бойынша білімімді шыңдадым. Бүгінде Йорк университеті Ұлыбританияда биотехнология саласы бойынша үздік үштікке кіреді. Жазғы демалыста Лондон империялық колледжінде іс-тәжірибеден өту бақыты бұйырды. Сол уақытта Нобель сыйлығының иегерлерімен бірге ғылыми жобаларға атсалысып жүрдім. Англияның ең үздік 70 студентінің қатарына да кіргенмін. 2009 жылы Қазақстанға қайттым. Шыны керек, шетелде қалғым келді. Себебі ол жақта ғылыммен айналысу ыңғайлы. Алайда ел алдындағы қарызым мен парызымды өтеу үшін, оның үстіне жобаларымды өз елімде бастайын деген оймен отаныма оралып, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетіне магистратураға түсіп, кейіннен докторантураны бітірдім. 2011-2014 жылдары Назарбаев университетінде жұмыс істедім. Бір сөзбен айтқанда ғылым мені өзіне тарта берді...
– Бүгінде теңдесі жоқ InnoDent препараты қалай дүниеге келді?
– Швейцарияның Лозанна университетіне оқуға түсіп, кетуге қамданып жүргенде бір профессор мынадай ақыл айтып еді. «Доктор-ғалымдар мемлекеттен берілетін грант пен қаражатқа тәуелді. Мәселен менің қанша ғылыми атағым мен мақалам болғанымен мен мемлекеттен беретін ақшаға тәуелдімін. Ғылыммен еркін шұғылданып, жобаларымды жүзеге асыра алмаймын. Сондықтан уақытыңды бос өткізбей жеке биотехнологиялық зертханаңды ашсаң қайтеді. Ешкімге тәуелді болмайсың, жобаларыңды жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Оған сенің білімің мен жігерің жетеді» дегенде ойланып қалдым. Негізі профессор менің арманымды дөп басып айтты. Бұрыннан көкейде жүрген жобаларым көп еді. Тек оны бастауға ыңғайы келмей жүрген. Содан ҚазҰУ-де бірге оқыған группаласым Әсел Бөленовамен бірге тәуекел деп мемлекеттік бірнеше гранттарды ұтып, нәтижесінде еліміздің Білім және ғылым министрлігінің берген аттестациясымен Шымкент қаласынан теңдесі жоқ, заманауи биотехнологиялық зертхана аштық. Әріптесім Әсел менің көптеген жобаларымды жүзеге асыруға көмектесіп келеді. Әлі де осы жолда бірге еңбек етудеміз. Бірлескен жұмыстың арқасында әлемдегі тұңғыш тісжегіні емдейтін InnoDent препараты дүниеге келді.
– Аталмыш препарат стоматология саласына қандай өзгерістер алып келді?
– Біздің жаңалық тісжегінің алғашқы кезеңдерінде тісті бұрғыламай-ақ емдеуге мүмкіндік береді. Ескі тәсіл бойынша тісжегінің кесірінен ойылып қалған жерге пломба қойылады. Пломбаны қою үшін тісті бор машинамен бұрғылайды. Ол, әрине, жағымсыз процедура. Соған қарамастан пломба тісжегіні түбегейлі емдемейді. Ол бірнеше жылдан кейін түсіп қалады. Оны қайта салғызасыз. Соңында ауру тіске коронка немесе имплантат қоюға мәжбүр боласыз. Ал жаңа технология тіс эмалінің табиғи қайта қалпына келуін имитациялайды. Егер клиникада сіздің немесе балаңыздың тісінен жегінің алғашқы белгісін анықтайтын болса, тіске біздің өнімнің бір тамшысы тамызылады. Бір айдың ішінде тістің сыртқы қабаты қалпына келеді. Өлген тіндер қайта өседі. Шыны керек, бұған басында стоматологтардың өзі сенбеген. Себебі тісжегі түскен тіс осы уақытқа дейін қайта қалпына келмеген. Жаңалығымыздың инновациялық тұсы – бұл бір реттік процедура. Тіске пломба салу және тісті тесу қажеттілігі болмайды. Бар болғаны 15 минутқа ғана созылады.
– Әдетте дәрі-дәрмектің, әсіресе әсері күшті препараттардың пайдасымен қатар жанама әсері де болып жатады. InnoDent-тің ағзаның өзге мүшелеріне зияны жоқ па?
– Дәрінің құрамында ешқандай химиялық заттар мен концерванттар жоқ. Адам ағзасында амелогенин деген ақуыз бар. Ол жатырдағы шарананың жетінші, сегізінші айларында тістері пайда бола бастағанда тістің дамуына ықпал ететін бірден-бір ақуыз. Біз препаратты осы пайдалы ақуыздан жасаймыз. Яғни, дәрі 100 пайыз табиғи жолмен жасалады. Сондықтан оның ағзамызға ешқандай зияны жоқ. Аллергия да бермейді.
– Препаратты балаларға қолдануға бола ма?
– Әрине. Тісжегі ересектерден гөрі балаларда көп кездеседі. Себебі олар тәттіні көп жейді, тіс тазалауды да біле бермейді. Тамшыны ойлап тапқаннан кейін біз тәжірибе ретінде сараптама жасап көрдік. Бір жастағы баладан бастап отыз жасқа дейінгі пациенттерге жыл бойы әр айда тісжегісі жоқ сау тістерге тамызып жүрдік. Сол бір жылда пациенттердің ешқайсысында кариес пайда болған жоқ. Яғни, оны профилактика ретінде қолдана беруге де болады. Соның ішінде әсіресе балаларға бұл аса қажетті дәрмек. Әр екі айда оны баланың тісіне тамызып отырса тісжегіден аман болады. Біздің бала күніміздегідей стоматологтың кабинетінен жылап шықпайтын болады.
– InnoDent қазір қолданыста бар ма?
– Препараттың нарыққа шыққанына екі жылдай уақыт болды. Еліміздің Шымкент, Алматы, Астана секілді бірқатар қалаларында бар. Жалпы алғанда республикада шамамен 250 стоматолог тамшыны қолданып келеді. Одан бөлек оны Ресей мен Украинаның клиникаларынан да табуға болады. Алдағы уақытта Америкаға жөнелтсек деген жоспарым бар.
– Жас ғалым ретінде тағы қандай жобалармен айналысып жүрсіз?
– Қазіргі таңда тісжегіден ғана емес ересектерде жиі кездесетін тіс сезімталдығына қарсы InnoDenses препаратын ойлап таптық. Оны үй жағдайында барлық адамдар, тіпті жүкті әйелдер де қолдана беруіне болады. Дәрі тістің ыстық пен суыққа, ащы мен тәттіге деген сезімталдықты жояды. Препаратты шетелге шығаруды жоспарлап отырмыз. Оған Ислам даму банкі қолдау білдіріп отыр. Айта кетерлігі, банк 1500 жобаның арасынан 32-сіне қолдау білдіруге ниет танытты. Олардың қатарында біз де бармыз. Құдай қаласа, өніміміз мұсылман елдеріне оның ішінде Индонезияға, Сауд Арабиясына, Африкаға тарайтын болады. Тағы бір айта кетерлігі, стоматологиялық клиникамды ашсам деймін. Ондағы мақсатым – препараттарды қарапайым халыққа қолжетімді ете түсу. Мәселен қазір InnoDent-ті бір тіске қолдану 5 мың теңгені құрайды. Егер сіз бес тізіңізді емдетсеңіз, 25 мың теңге төлейсіз. Бірақ жеке клиникалар бағаны өздері қояды. Яғни бағаны көтере алады. Сондықтан емделушілердің қалтасын қаға бермей, өз өнімімізді қолжетімді бағада өз клиникамызда қолдансақ деген едік.
Әңгімелескен: А.Оңғарбай
"Диагноз" медициналық газеті, №2 (78)
24 қаңтар 2019 жыл