Айдана Кеңесханқызы, жалпы тәжірибелі дәрігер: Аналар сәбиіне дұрыс күтім жасай алса деймін
"Дәрігердің құрметті атағын ала отырып, өз ұстаздарым мен әріптестерімнің алдында өзімді азаматтардың денсаулығын сақтауға бар болмысыммен бағыштап, дәрігерлік ұлы іске адал әрі қалтқысыз қызмет етуге салтанатты түрде ант етемін». Жоғары білім беру ұйымдарын медициналық мамандықтар бойынша оқып бітірген түлектердің барлығы осылай ант беріп, қызметіне кіріседі. Бүгінде елімізде антына берік, ақ халатына кір келтірмей, ел саулығы үшін аянбай тер төгіп жүрген жас мамандар баршылық. Оның ішінде тек кабиентте отырып қана ғана емес сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы халыққа кеңес беріп, пайдасын тигізіп отырған дәрігер-блогерлердің қатары көбейіп келе жатқандығы қуантады. Мұндай ақ халаттыларды ел ішінде «инстадоктор» деп атайды. Заман көшіне ілесіп, өз қызметімен қатар инстаграмда dariger_ana парақшасын жүргізіп отырған Айдана Кеңесханқызымен тілдесіп көрген едік.
Айдана Кеңесханқызы - Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Қазақстан-Ресей медициналық университетін тәмамдаған. Мамандығы – жалпы тәжірибелі дәрігер. Қазіргі таңда Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Райымбек» дәрігерлік амбулаториясында қызмет етуде.
- Айдана Кеңесханқызы, әуел баста әлеуметтік желіде медициналық ақпараттық парақша ашудағы мақсатыңыз қандай болды?
- Алғаш ана атанғанымда, дәрігер бола тұра қатты қиналдым. Дұрыс емізе алмадым, босанудан кейінгі депрессияға түстім. Сол кезде, ресейлік дәрігер блогерлердің жазбаларын көп оқитынмын. Оқи отырып қазақ тілінде осындай пайдалы ақпараттармен бөлісетін парақша ашсам деген ниетім пайда болды. 2017 жылы екінші рет ана атанып, жұмыста да азды-көпті тәжірибе жинақтап қалғандықтан "АНАЛАРҒА КЕҢЕС" деп аталатын инста-парақшаны ашып, қолға алдым. Мақсатым - жас қазақ аналары мен сияқты қиналмай, сауаттылығын арттыру, құшағындағы сәбилеріне дұрыс күтім жасай алатын дәрежеге жеткізу. Алғашқыда күмәндандым... Қолымнан келе ме,жоқ па? деп ұзақ ойландым. Инста-Шаңырақ жобасының жетекшісі Гүлжан Қайназарқызының қолдауымен, қорқынышымды жеңіп, аналарға қажет деген ақпараттармен бөлісе бастадым. Кейіннен парақша атауын өзгерттім.
- Желі қолданушылары жазбаларыңызға қаншалықты мән береді. Дәрігер-блогер тек кеңес бере ме, әлде ем тағайындай ала ма?
- Ешбір дәрігер пациентті өз көзімен көріп, жағдайын толыққанды тексермейінше ем тағайындамайды. Сол секілді парақшамда мына ауруды былай емдеңіз немесе мына ауруға осындай дәрі беріңіз деп жазбаймын. Өйткені, аурудың себебі әртүрлі. Мысалы, бас ауруын алайық. Ол, қан қысымы жоғарылағаннан ауырса; қан қысымын төмендету керек. Оттегі жеткіліксіздігінен ауырса тамыр кеңейткіштер керек. Тұмау кезіндегі бас ауруға парацетамол керек. т.с.с. Жөтелде де солай.
Мен, тек, оқырмандарыма ауруды анықтау тәсілі мен жалпылама ауру белгілерімен күресу жолдарын көрсетемін. Баласын дұрыс күтіп, дұрыс емізуге бағыт беремін. Дәрігерге дейнгі көмекті көрсете алып, пайдасыз, зиянды заттардан алыс болуға шақырамын. Балалар тамақтануына қатысты ұсынысымды білдіремін. Еңбегім зая кетіп жатқан жоқ. Жекеге күнделікті алғыс хаттар мен ризашылығын білдірген баталарды аламын.
- Дәрігердің жұмысы ауыр, уақыты тығыз екенін бәріміз білеміз. Пост жазуға уақытты қайдан табасыз? Жалпы күніне инстаграмға қанша уақытыңызды жұмсайсыз?
- Ия, уақыт табу қиындау. Сол үшін дайрект пен пікірлерге жауап беріп үлгермеймін. Жұмысқа келгеннен кейн, науқастар жоқ кезде стористе пайдалы ақпаратпен бөлісіп, түскі үзіліс уақытында пост жазып қоямын. Ең қиыны, контент план құру. Ол болмаса, уақыттың бәрі тақырып ойлауға кетеді.
- Оқырмандарды көбінесе қандай тақырып, қандай мәселе қызықтырады?
- Ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі - баланы горшокқа үйрету, баланың үлкен дәретіндегі өзгерістер, емізу мен бала дамуына қатысты мәселелер. (Аналар, өз балаларының жетістіктері туралы тоқтамай айта алады). Сонымен қатар тұмау, ЖРВИ ді дұрыс емдеу, жөтелден құтылу, иммунитетті көтеру сынды тақырыптар да жоғары қызығушылық туындатады. Аналар, осы сырқаттардың бәріне супер тәсілді білгісі келеді. Бір дәріні бере салып, бала енді мүлдем ауырмағанын қалайды. Оларға, иммунитетті дәрімен емес, кешенді түрде (дұрыс ұйқы тәртібі, шынықтыру, дұрыс тамақтану) көтеруге болатынын, әр ЖРВИ мен ауырған сайын иммунитетіңіз жоғарылай түсетінін түсіндіру өте қиын! Себебі, бізде бұның бәріне уақыт жоқ. Оданда, бір таблетканы беріп, барлық проблеманы ұмытқысы келіп, жеңіл ойланады. Ал, фирмалар аналардың осы осал тұсын ұстап, өзінің «супер» өнімін өте қымбат бағаға ұсынады.
- Желі қолданушылардың арасында жағымсыз пікір айтатындар да кездесетін шығар. Жалпы негативті пікірлерді, сынды қалай қабылдайсыз?
- Оқырмандарымның 99,9%ы өте сыпайы, адамның жеке басын құрметтейтін жандар. Содан болар, жазбаларымның астында жаман пікірлер өте-өте сирек кездеседі. Кездескен күннің өзінде, ол адам қара тізімге кетеді де, мен бұл туралы мүлде ойламаймын. Тіпті, есімде бірде бір жағымсыз пікір жоқ. Мүмкін, мен дәрігер болғандықтан, аналардың ақ халатқа деген құрметі де бар шығар.
- Дәрігердің блогер болуы қиын ба?
- Қиын. Өзіңіз жауапты аймақтағы аналардан бөлек, Қазақстанның кез-келген нүктесінен кеңес сұраған ана хабарласуы мүмкін. Кейде, мезгілсіз уақыттағы қоңырауларға ашуланып та кетесің. Бірақ, ол анада жаны қиналғаннан, баласы үшін қатты уайымдағаннан хабарласып тұр ғой деп өзімді ақылға шақырамын. 90% ананы тыныштандырып, кеңес беруге тырыссам, 10% мезгілсіз қоңыраулар мені басқа қырымнан көретіні рас. Бұл адамдық фактор.. Ол аналар да мені түсіну керек деп ойлаймын.
- Блогер болу үшін әлеуметтік желіні қолданудың тілін білу қажет. Ал сіз қалай үйрендіңіз?
- Инстаграмда қазақ тілді блоггерлердің алғашқыларының бірімін. 2017 жылы санымыз аз болатын. Бір-бірімізді қолдап, бірімізге біріміз көмектесіп, білмейтінімізді үйретіп, қазақ тілді аудиторияны арттыруға күш жұмсадық. Ол кезде, қәзіргідей инстграммды жүргізуді арнайы үйрететін курстар атымен жоқ. Бір сөзбен айтқанда өз ізденуімізбен өстік.
- Телефонға үнемі шұқшиып отыратын адамдардың кейде ортаға жақпай қалатыны бар. Инстаграмда көп уақыт өткізгеніңізге отбасыңыз (күйеуіңіз) қалай қарайды?
- Кешке үйге келгеннен кейін инстаграмм мен үшін жоқ! Кешкі ас әзірлеу, отбасыма кешкі ас беру, балалардың жағдайын жасаумен уақыт өтеді. Түнге қарай, МЛМ бизнестегі командама көңіл аударамын. Парақшаны алғаш ашқанда, алдымен күйеуімнен рұқсат алдым. Екіншіден, мен үшін екінші анамның (енемнің) ойы маңызды болды. Сол кісінің қолдауының арқасында, осы жетістіктерге жеттім деп ойлаймын. Үлгермей жатқан тірлігіме кешіріммен қарап, немерелеріне қарасып, үнемі қолпаштап отырады.
- Айтыңызшы, қазіргі балалар неге аурушаң келеді? Оның үстіне қазір бүлдіршіндер арасында бұрын соңды естімеген диагноздар, туабітті кеселдер көбейіп кетті. Мұның себебі неде?
- Біріншіден, гаджеттер кесірінен физикалық белсенділіктің төмен болуы. Балалардың, бұрынғыдай, таза ауада асыр салып ойнауы азайған. Екіншіден, зиянды тағамдар мен қоспалардың көбеюі. Балаларға фаст-фуд берудің белең алуы. Үшіншіден, дұрыс емес күн тәртібі. Төртіншіден, дәрілердің қол жетімді болуы. Ата-аналар дәрігер кеңесінсіз, дәріханадан ойына келген күшті антибиотикті алып баласына бере салады. Бұл бала денсаулығы үшін қауіпті болуы мүмкін.
- Жаңа туылған сәбилерге күтім жаусауда аналар көбінесе қандай қателіктер жібереді?
- Ең жиі қателік: сүтім аз деп сүт қоспасын беру. Ана сүтімен емізу үшін күреспеу. Ана сүті – дүние есігін ашқан нәресте үшін сөзсіз ең қажет дүние. Нәресте дүниеге келе сала, денесі құрғатылып сүртіліп, анасының ішіне жатқызылады. Бұл құрсақтан стерильді боп шыққан бала, анасының микрофлорасын алуы үшін жасалады. Ішке жатқызылған сәби, сүтке қарай қозғалып, омырауды аузына салады. Бұл нәресте үшін ғана емес, ана үшін де маңызды. Омырау ұшын баланың соруы, окситацин гормонының бөлініп, жатырдағы барлық қалдықтардың толықтай шығуына оң әсерін тигізеді. Ана сүті арқылы бала тағам ғана емес, анасының махаббатын, қорғаныш клеткаларын алады. Сондықтан барлық аналарға айтарым емізу ол тек баланың денсаулығын ғана күшейтіп қоймайды, емізу ол - ана мен бала арасындағы махаббат сезімін күшейтеді.
- Дәрігердің алдына түрлі жағдайдағы пациенттер келеді. Осындай жағдайда дәрігер эмоциясын жасырғаны дұрыс па әлде науқастың қуанышы мен қайғысын бөліскені дұрыс па?
- Барлығы науқасқа байланысты. Бір пациентке қатқыл үнмен түсіндірмесең, тағайындамаңды орындамауы мүмкін. Бірақ, кез-келген адам дәрігер күлімсіреп қарсы алғанын, бәрін егжей-тегжей түсіндіргенін қалайды. Дәрігер - тән ауруын ғана емес, жан ауруын да түсінуге тырысу керек. Әсіресе, науқас баланың анасына ерекше түсінікпен қараған жөн. Баласы ауырған ана - түнімен ұйықтамай, жүйкесі жұқарып келеді. Күйеуінен "бір баланы ауыртып алдың", "Сен бірдеңе жеп қойдың" , "Сен далаға шығарып қойдың" – деген сөздерді есітіп келген байғұс ана дәрігердің алдына әбден шаршап, қолдауға мұқтаж болып келеді. Ішіндегі ашуын мейірбикеден, дәрігерден алуы да мүмкін. Түсінікпен қарап, тыныштандыра білу керек. Осындай жүктемеден дәрігерлер де эмоциональды күйзеліске жиі ұшырап жатады.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Айнұр АСАНҚЫЗЫ
Бөлісу тақырыбы: Айдана Кеңесханқызы, жалпы тәжірибелі дәрігер: Аналар сәбиіне дұрыс күтім жасай алса деймін