Жұмагүл Исабаева: Пациенттердің жылы сөзін естігенде шаршағанымды ұмытамын

 Screenshot_7.jpg

       ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2011-15 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2015 жылға дейін еліміздегі емханалардағы учаскелік дәрігерлердің кем дегенде 30 пайызын отбасылық дәрігерлік тәжірибесіне ауыстыру міндеті қойылған болатын. Бұл жоспар бүгінгі таңда республика өңірлеріндегі емдеу орындарында қолға алына бастады. Жалпы тәжірибелік  немесе  отбасылық дәрігердің міндеті — учаскеде тіркелген тұрғындарға тек емханада ғана емес, қажет кезде үйде де медициналық көмек көрсетіп, отбасының медициналық-әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесу. Аталмыш емдеу әдісін бұрын біз тек шетелдік емдеу жүйесінің жетістігі мен жаңашылдығы ретінде қабылдасақ, бүгінде бұл тәжірибе біздің елімізде де өз жемісін беруде.

      Айталық осыдан екі жыл бұрын үшінші мегаполис мәртебесіне ие болған Шымкент қаласында да жалпы тәжірибелік дәрігерлер халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде біліктілігі мен білімін дәлелдеп, елдің алғысын арқалап жүргендері қаншама. Осындай маманның бірі Шымкент қалалық №9 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Жұмагүл Исабаева жақында үздіктер қатарынан көрінді.   Ақ халатты абзал жан жалпы тәжірибелік дәрігерлер арасында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ұйымдастырған сайыста  «Ең үздік отбасылық дәрігер» номинациясын жеңіп алды. Осы орайда жеңімпаз дәрігерді аз-кем әңгімеге тартқан едік.


 Жұмагүл Исабаева, Шымкент қалалық №9 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері :


                  Пациенттердің  жылы сөзін естігенде шаршағанымды ұмытамын


- Жұмагүл  Асанханқызы, еңбек жолыңызды қайдан бастадыңыз?

- Мен С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің түлегімін. Оқуды тәмамдаған соң Шымкент қалалық №3 амбулаториясына (авт.бұрынғы атауы) жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде жұмысқа орналастым. Бес жылдай еңбек еттім. Кейіннен кішігірім амбулаториялар  бірігіп,  емханаға айналды. Сол кезде біздің амбулатория №9 емханаға қосылып, жұмыс тәжірибем осы мекемеде жалғасын тапты.  Жалпы алғанда жұмыс өтілім 8 жыл.  

- Аталмыш сайыстың қызығы мен шыжығын айта отырсаңыз...

- Өздеріңізге белігілі елімізде 2007 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселесі көтеріліп келеді.  Бұл жүйе биыл іске қосылғанымен оны түсіндіру жұмыстары сол он шақты жыл бұрын бастау алған. Халыққа насихат жұмыстарын жүргізу ісіне біз де яғни, жалпы тәжірибелік дәрігерлер де тартылған болатын.  Республикалық жарыстың мәні мен мақсаты да осы жүйені медицина мамандары мен жалпақ жұрттың қаншалықты түсінгендігін, қалай қабылдағанын пысықтау еді. Конкурстың бір ерекшелігі мұнда МӘМС бойынша дәрігерлердің білімі ғана тексерілген жоқ, сонымен қатар тұрғындар да өз білімін көрсете алды. Ереже бойынша алғашқы турда 3 сұрақ дәл осы қарапайым халыққа қойылған болатын. Мәселен сұраққа дұрыс жауап берген адам менің учаскеме қарайтын болса онда ұпай маған қосылып отырды. Бірінші турдан 34 үміткер суырылып шықты. Екінші турда қатысушылардың тәжірибесі сыналды.  24 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында «МӘМС: Қазақстан медицинасының трансформациясы» атты үлкен форум өтті. Жиынға Түркия, Литвия секілді мемлекеттерден шақыртылған және жергілікті  мамандар мен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзі қатысты. Форумда жаңа жүйенің қыр-сыры ашылып, шетелдік мамандар тәжірибелерімен бөлісті. Сайыстың қорытындысы осы кеште айтылды.   Ең үздік отбасылық дәрігер» номинациясының иегері атанғанымда әрине қатты қуандым. Бұл менің ғана емес сонымен қатар басшыларымның және емделушілерімнің жеңісі деп білемін.

- Форумда МӘМС жайлы келелі мәселелер қозғалып, шетелдік тәжіриебелер айтылды деп қалдыңыз. Өзгелермен салыстыра қарағанда біздің жүйенің кем-кетігі немесе артықшылығын  байқадыңыз ба?

- Өзге мемлекеттер медициналық сақтандыру жүйесіне әлдеқашан өткен. Олардың бізге қарағанда тәжірибесі мол. Форумда түркиялық мамандар жүйеде әлі де болса шикіліктердің барын,  ел ішінде түсіндеушіліктердің орын алып тұратынын айтты.  Қазақстанның  МӘМС-ке  көшкеніне әлі бір айдың жүзі толмады. Бұл жүйенің артықшылығын  немесе кем-кетігін уақыт пен тәжірибе көрсете жатар. Жалпы айтқанда МӘМС халыққа өте тиімді жүйе. Үкімет барлық топты назардан тыс қалдырмаған.  Медициналық сақтандыру жаңа туылған сәбиден бастап барлық тұрғындардың денсаулығын сақтайды. Ең бастысы халықтың  өз денсаулықтарына деген жауапкершілігін арттырмақ.

- Ел ішінде әлі де болса отбаслық дәрігердің кім екенін, немен айналысатынын түсінбейтін жандар бар...

 - Отбасылық дәрігерлік қызмет дегеніміз — отбасын, яғни жанұя мүшелерін жан-жақты тексеріп, кешенді емдеу. Бұған дейін жас баланы педиатор ересектерді терапевт қарап келген болса жалпы тәжірибелік дәрігерді осы екі мамандықтың қосындысы деуге болады. Бір отбасылық дәрігерге 3 медбике берілген. Бір сөзбен айтқанда бала дүниеге келіп, перзентханадан үйіне шығарылған күннен бастап оның өмірінің соңына дейін денсаулығына біз жауаптымыз. Яғни амбулаториялық емі, скринингтік тексерулерге қатысуы, созылмалы аурулары бар болса диспансерлік бақылауы, қажет жағдайда тереңдетілген мамандарға жоддама беру бәрі біздің мойнымызда. Емханаға келе алмайтын пациенттердің үйіне  өзіміз барып, тексеріп кетеміз. Емделушілердің денсаулық жағдайы ғана емес әлеуметтік жағдайы да бізге таныс. Қазіргі таңда бір жалпы тәжірибелік дәрігердің қарамағында 1700 пациент бар. Биылдан бастап емделушілердің саны азаяды деп отыр.

- Бір дәрігерге 1700 пациент көптік етпей ме?

- Кейде шаршайтынымыз рас. Әсіресе қыста тұмау, ЖРВИ көбейгенде, жазда іш өту, диарея секілді мезгілдік аурулар қоза түскенде жұмысымыз еселене түседі.  Таңнан қара кешке дейін  жұмыста болғандықтан үйде өткізетін уақытым аз. Балаларыма да көңіл бөлуге уақыт тапшы. Алайда өз жұмысыңды жақсы көріп істесең, мамандығыңды жүрегіңмен қаласаң бәріне де үлгеруге болады. Науқастардың жылы сөзі мен алғыстарын естігенде шаршағанымды ұмытып кетемін.

- Бір отбасының жас баладан еңкейген қариясына дейін денсаулық жағдайлары сіздерге белгілі. Сұрайын дегенім қандай ауру тұқым қуалауға бейім келеді? Мәселен әке-шешесі немесе өзге туысы ауырған қандай кесел балаға жұғады?

- Аурудың барлығы құрсақтан басталады. Сондықтан біз әсіресе жүкті әйелдің, іштегі шарананың денсаулығына қатты көңіл бөлеміз. 12 аптада есепке алынған соң жүкті әйелдер бірнеше скринингтік тексерулерден өтеді.  Одан бөлек пациенттен өзі немесе жақын туыстары  бұрын-соңды қандай жұқпалы аурулармен ауырғанын сұрап, анықтаймыз. Скринингтік тексеру кезінде сәбиден Дауна синдромы анықталса жасанды түсік жасатуға тырысамыз. Бұл шамамен 14-ші апталарда ғана жүзеге асырылады. Одан бөлек жүрек ақауымен туылатын нәрестелер бар. Мұндай кішкентай пациенттерді туылған күнінне бастап ерекше бақылауға алып, дертінен айықтыруға тырысамыз. Сондай-ақ егер анасы немесе әкесі туберкулез, қант диабеті секілді аурумен ауырған болса онда ол кеселдің балаға жуымауы үшін алдын-алу емдік  шараларын жүргіземіз. 

- Шетелдік көптеген отбасылық дәрігерлер пациенттерімен етене араласып, сол жанұяның бір мүшесі секілді болып кетеді. Сіздің тәжірибеңізде мұндай жағдайлар кездесе ме?

- Емделушілерімнің ішінде мені жақын тартып, туысындай көретіндер көп. Сайысқа қатысатынымды есітіп қолдау көрсетіп, мен үшін қуанған  емделушілерім көп болды.  Жоғарыда біз пациенттердің денсаулығынан ғана емес әлеуметтік жағдайы, тұрмысынан да хабарымыз бар екенін айтып кеттім. Пациенттерім маған кейде сырын ақтарып жатады.  Отбасы, жеке басындағы қиындықтарымен бөліседі. Екі баласы бар бір жанұяны білемін. Жағдайлары өте төмен. Аядай ғана баспанада тұрады. Отағасы базарда әйтеуір тиын-тебен табады. Ал әйелі үйінде. Осы секілді жағдайы нашар отбасыларға жүрегім ауырады. Барлығына қолымнан келгенше көмек көрсетуге тырысамын. 

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

  Сұхбаттасқан: Айнұр АСАНҚЫЗЫ