Мейірхан Аманбеков, нейрохирург: Адамның миы ғажайып жаратылыс

Screenshot_6.jpg

Дәрігер атауының ауқымы кең. Гиппократқа ант берген ақ халаттылар бір терінің пұшпағын илеп жүргенімен әрқайсысының қызметі әр түрлі. Яғни дәрігерлер де белгілі бір салаға, бағытқа маманданады.  Сол саланың ішінде күрделі әрі қиыны ол – нейрохирургия. Жауапкершілігі мол мамандықты игеруге әркімнің жүрегі дауала бермейді. Бұл салаға тек жүректі, білімді, өр мінезділер ғана шыдас береді. Осындай жанның бірі  - Мейірхан Аманбеков.  Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тумасы бағытын айқындаған  соң Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық универсиетіне оқуға түседі. Дипломын алған соң жас маман туған жеріндегі орталық ауруханада хирург ретінде  қызметтік жолын бастайды. Араға жыл салып «Болашақ» бағдарламасымен Мәскеу қаласында (ординатура) білімін жалғастырады.  2012 жылы елге оралып, Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына жұмысқа орналасады. Екі жылдан соң білікті дәрігер Тараз қаласындағы №1 ауруханасына ауысады. Бүгінде аталмыш мекемеде өзіндік орны қалыптасқан, елдің алғысына бөленіп жүрген нейрохирургпен тілдесіп көрген едік.

-         Мейірхан Аманбекұлы, Қазақстанда нейрохирургия саласы қаншалықты дамыған?

-         Нейрохирургия өте күрделі әрі  көп құрал-жабдықты қажет ететін сала. Елімізде ол  тәуелсіздік жылдарынан кейін дами бастады. Әсіресе 2008  жылы Нұр-Сұлтан қаласында   Ұлттық нейрохирургия орталығының ашылуы нейрохирургия саласына үлкен серпіліс берді. Дегенмен әлемдік деңгейге жету үшін әлі де көп ізденіс пен талпыныс керек. Ең бірінші кезекте нейрохирург мамандарының біліктігін жоғарылату қажет. Екіншіден жоғарыда айтқандай аурухана, орталықтарды құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету керек.  Бұл тұрғыдан алғанда  Алматы мен Елорданың медицина мекемелерін  заманауи аппарат, жабдықтармен қамтамасыз етілген деп айтуға болады. Сол секілді республикадағы өзге де облыс, қала, аудандағы емдеу нысандарын толығымен жабдықтайтын болсақ  нейрохирургияның дамуына айтарлықтай үлес қосқан болар едік.     

-         Адамның жүйке клеткалары уайымдағанда, ашуланғанда жойылады және олар қайта қалпына келмейді деп жатады. Бұл қаншалықты рас?

-         Осы күнге дейін нерв клеткалары қайта қалпына келмейді деп айтылып жүрді.  Алайда ғалымдардың соңғы зертеулері бұл тұжырымды жоққа шығаруда. Бұл жерде мәселе жүйке клеткаларының санында емес олардың арасындағы байланыста болып тұр. Әр жүйке клеткаларының арасында синапс деген зат болады. Мәселен бір клетка бірнеше синапспен байланыс түзуі мүмкін.  Егер біз әрдайым кітап оқып, интеллектуалды жаттығуларды орындап, жаңа тілдерді меңгеріп, миға қажетті жаңа тапсырмалар тауып беріп отыратын болсақ біз сол синапстардың санын арттыра түсеміз. Өз кезегінде синапстардың көбеюі ми жұмысын жақсарта түседі.

-         Қыз-келіншектер шашты буғанда,  шашқа арналған сәндік бұйымдарды таққанда немесе кейбір адамдар көзілдірік кигенде басының қатты қысып ауыратынын айтады. Бұл ненің белгісі?

-         Бас  терісінің астында  қан тамырлар орналасады.  Әлгі заттарды таққанда сол қан тамырлар  қысылуы мүмкін. Сонымен қатар терінің астынан өтетін жүйке талшықтары да болады. Олар да қысылуы бек мүмкін. Міне, осы кезде адамда басының ауырсынуы байқалады. Мұндай жағдайда басты қысып тұратын заттарды тағудан, тар бас киім киюден аулақ болған жөн.  Қан тамырлары мен нерв жүйелеріне күш түспеген жағдайда олар өз қызметін мінсіз атқарады. Бір айта кетерлігі,  қан тамырлары мен жүйке талшықтарының қысылуын бастың суықтауы қоздыра түседі. Сол себепті басты әрдайым жылы ұстаған дұрыс.  

-         Мидың жұмысын бұзатын ең қауіпті кесел деп нені айтар едіңіз?

-         Әрине инсульт. Оның екі түрі бар: біріншісі қан тамырларының бітелуінен туындайтын ишемиялық инсульт және қан тамырларының жарылуынан пайда болатын геморрагиялық инсульт. Сондай-ақ миға қауіпті аурудың бірі мида пайда болатын өспелі ісік (онкологиялық ісік). Қатерлі дерттерден сақтану үшін адам салауатты өмір салтын ұстанып, тамақ рационына көп көңіл бөлу керек. Тұзды тағамдардан бас тартып, дәрумендерге бай жеміс-жидек пен көкөністерді көп тұтыну денсаулықты нығайтады.  Шылым шегу, алкогольді сусындарды ішу ағзаны «өлтіретін» зиянды әдеттер. Уақытылы  демалу мен көңіл-күйдің көтеріңкі болуы – сізді көптеген ауру-сырқаудан сақтайтынын естен шығармаңыз.    

-         Нейрохирург адамның миын "тірідей" көретін бірден бір маман.  Айтыңызшы, адамның миы шын мәнінде қандай? Операция кезінде ми қанша уақыт ашық тұра алады?

-         Адамның миы ғажайып жаратылыс. Ол қоймалжың масса секілді. Қан тамырларына  өте бай.  Көрер көзге  нәзік болғанымен, атқаратын қызметі үлкен.  Миға бір тәулікке дейін жасалатын оталар болады. Әсіресе ісікті алу ұзаққа созылуы мүмкін. Сол кезде мидың ота жасалатын бөлігі ашық тұрады.  Ең бастысы ота кезінде  орта зарарсыздандырылған болуы керек.    

-         Тәжірибеңізде кездескен ең қиын ота?

-         Жоғарыда атап өткенімдей мидағы ісіктерді алу қиын, күрделі отаға жатады. Мұнда әрбір әрекетіңе сақ болуың керек.  Бір тамырды күйдіріп жіберсең ота үстелінде жатқан науқастың аяқ-қолы істемей қалуы мүмкінЖәне мойын омыртқасы сынған кезде жасалатын оталар ауыр болады.  Себебі операция барысында біздер жұлынға зақым келтіріп алмай сүйекті алып шығып, оның барлығын қайта орнына қоямыз. Мен үшін осы операциялар ауыр тиеді.  Жалпы кез- келген отаның алдында  бір Аллаға сиынып кіремін. Науқас үшін пайдасы тисе екен деп, жеңілдігін сұраймын. Операцияға дейін қатты толқимын және оны жасағанша асығамын.  Көпті көрген дәрігерлер отаның оңайы болмайды деп айтып отырады. Жұмыс тәжірибемде осы сөздің растығына көзімді жеткіздім. Кейде тез істеп шыға саламын деген ота ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Немесе керісінше қиын болады-ау деген оталар Құдай сәтін салып сәтті әрі тез аяқталып жатады. Әрине бәрі бір Алланың қолында. Операция бөлмесінен шыққаннан кейін иығыңнан ауыр жүк түскендей боласың.  

-         Қазір өзіңіз білетіндей трансплантация саласы қарқынды дамып келеді.  Жүрек, бауыр, бүйрек секілді ағзаларды алмастыруға болады.  Ал болашақта адамның миын алмастыру мүмкін бе?

-         Бүгінде  миды ауыстыруға талаптанып жатқан ғалымдар бар. Алайда мен болашақта миға трансплантация жасау мүмкін немесе мүмкін емес деп дөп басып айта алмаймын. Себебі мидың құрылымы  өте күрделі. Онда тіпті көзге көрінбейтін тамырлар да бар. Оны алмастыру үшін әлгі структураның бәрін бір-біріне жалғау керек.  Ол үшін әлі ғалымдар мен дәрігерлерге көп ізденіп пен тәжірибе қажет. Бұл жағдай алдағы 20-30 жылда орын алады деп ойламаймын.

Screenshot_7.jpg

-         Осы ретте жарық (грыжа) ауруы туралы сұрамай кетпеске болмас. Жарық неден туындайды? Оны отасыз емдеу мүмкін бе? Ота жасалған жағдайда пациент бұрынғы қалыпты өміріне орала ала ма?

-         Жарық  -  ол омыртқаның дегеративтік ауруларына жататын кесел. Жарықтың пайда болу себебі әркелкі. Туабітті пайда болатындары да бар. Егер адамның омыртқасында ешқандай ақау болмаса және бұлшықеттері  мықты дамыған болса (әсіресе бел, аяқ, мойын бұлшықеттері) жарықтың пайда болу қатері аз. Аурудың адамға жабысуына оның өмір сүру салты да әсер етеді. Қимыл-қозғалысы, салмағы, тамақтануы деген секілді.   Жарыққа қандай жағдайда ота жасалауы мүмкін? Омыртқаның ішінен жұлын өтетіні белгілі. Жарық пайда болған кезде жұлын қысылады. Отаның жасалу,  жасалмауы жұлынның қысылғанына  байланысты. Егер нерв қатты қысылған болса  оның өлу қауіпі бар. Міне осы жүйке талшықтарын босату үшін жарықты ота арқылы алып тастауға тура келеді.  Отадан кейін емделуші қалыпты өміріне орала алады. Дегенмен дәрігердің нұсқаулығын қатаң сақтап, салауатты өмір салтын ұстанып жүрген абзал.  Ал егер нерв қатты қысылмаған болса оны дәрі-дәрмектеп, физиотерапиялық еммен жазуға болады. Мұндай пациенттерге әдетте ем-доммен қатар бассейнде жүзуге кеңес береміз. 

-         Хирургтың саусақтары өте нәзік болуы керек дейді. Сіз саусақтарыңызға қандай күтім жасайсыз?

-         Ота кезінде біз ми немесе жұлынды қолмен ешқашан ұстамаймыз. Тек қана құралдармен жұмыс істейміз. Сондықтан сауағымызға аса күтім жасаудың қажеті шамалы. Бірақ хирургтың қолының күшті болғаны маңызды. Ұзаққа созылған оталарда иыққа көп күш түседі. Маманның иық белбеуіндегі және білектегі бұлшықеттерінің күшті болуы  ота кезінде кәдімгідей көмегі болады. Сондықтан өз басым иыққа, қолға жаттығулар жасап, сау болуын қадағалаймын.  

-         Хоббиіңіз не?

-         Бассаейнде жүзгенді  жақсы көремін. Кітап оқығанды да ұнатамын. Әр түрлі тілдерді оқып,  меңгеру арқылы ми жұмысымды да дамытып отырғанды әдетке айналдырғанмын.

-         Алға қойған мақсатыңыз?

-         Нейрохирург ретінде кәсіпқой маман болып қалыптасуды мақсат тұтамын.  Қиын оталарды меңгеріп,  науқастарға дер кезінде көмек бере алсам деймін.

-         Мақсатыңызға жетуге тілектеспін!

  Сұхбаттасқан: Айнұр АСАНҚЫЗЫ