Ұлжанат ЖҰРЫМБЕТОВА: Науқастар ауруын басқаруды үйренуі керек

   Screenshot_15.jpg

Шаңырақтың ұйытқысы әйел екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар. Бүгінде отбасын айрандай ұйытып, сондай-ақ әр салада қызмет етіп, жетістікке жеткен қыз-келіншектер баршылық. Отбасы мен қызметті қатар алып жүрген жандар медицина саласында да бар. 

Мереке қарсаңында Түркістан облысы «Атакент» Мақтаарал аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Ұлжанат Жұрымбетованы әңгімеге тартқан едік.

 - Ұлжанат Серікбайқызы, аурухананың тыныс-тіршілігіне қатысты оқырмандарды нендей жаңалығыңызбен қуанта аласыз?

- Медицина саласы өздеріңіз білетіндей ай аунап, жыл жылжып дамып келеді. Біздің аурухана да бір орында тұрған жоқ. Осы ретте оқырмандарға ақжолтай хабарды айтқым келеді.  Санаулы күндерден соң пациенттерге жаңа емханада қызмет көрсететін боламыз. Наурыз жаңару айы емес пе?! Қазақы жаңа жылда ескіміздің жаңарып жатқанына ұжым болып қуанып отырмыз. Тағы бір жағымды жаңалығым: жыл басында 14 төсек орынға арналған оңалту бөлімшесін аштық. Бұл жерде инсульт алған науқастарға тиісті емін алғасын әрі қарайғы оңалту шаралары жүргізіледі.  Өкінішке қарай қазіргі таңда жүрек аурулары, инсульт секілді дерттер жасарып барады. Оларға ерекше әрі ұзақ күтім қажет. Бір пациентпен реабилитолог маманнан бастап  невропатолог, кардиолог, психолог сияқты бірнеше дәрігер жұмыс істейді. Оларды мультидисциплинарлы топ деп атайды.  Оңалту бөлімі  инсульт алған пациенттердің аяққа тұрып кетуіне, бұрынғы толыққанды өміріне қайта оралуына септігін тигізбек.    

      Цифрлық технология аурухананың тамырына қан жүгіртті деуге болады. Себебі қазір бұрынғыдай пациенттер кезек күтпей дәрігерге алдын ала жазыла алады. Бума-бума қағаз арқаламайды. Ауру тарихы, анализ талдамалары, бәрі бәрі компьютерге енгізілген. Қаңтар айынан бастап іске қосылған МӘМС жүйесі медицина саласына бәсекелестік деген дүниегі алып келді. Енді денсаулық саласы мамандарының  жауапкершілігі арта түсті, медициналық қызмет көрсету сапасы да жақсарып келеді. Жаңа жүйенің тиімділігі туралы  тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын  жалғастырып жатырмыз. 

     Жалпы  аурухана құрамында бір емхана, 7 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік пункт бар. 51 388 халыққа қызмет көрсетеміз. 

 -  Елімізде ана мен бала денсаулығына бөлініп жатқан көңіл де, қаражат та басымырақ. Сіздердегі ахуал қандай?  

 - Дұрыс айтасыз, қазір ана мен бала денсаулығы басты назарда тұр. Біздің де мақсатымыз ана мен бала өлімін болдырмау, денсаулықтарын жақсарту. Осы мақсатта  «Әмбебап прогрессивтік патронаждық модуль» бағдарламасы  аясында жұмыстар жүргізудеміз. Бағдарлама бойынша жүкті әйел мен 5 жасқа дейінгі балалардың денсаулығын бақылау мақсатында екі пакет жұмыс жүргізілген. Олар - универсалды және прогрессивті пакеттер. Универсалды патронаждық модель пакеті бойынша дені сау, яғни күнделікті бақылауды қажет етпейтін жүкті әйелдер мен балаларды қараймыз. Ал, прогрессивті патронаждық модель пакеті аясында әртүрлі қауіпті топтарға кіретін жүкті әйелдер мен 0-5 жастағы балалардың денсаулығына және жалпы жағдайына кері әсер ететін жағдайларға сектораралық мамандардың бақылауымен және көмегімен жұмыстар атқарудамыз. Әр аймақтық дәрігерге 3 медбикеден берілген. Сол мебдикелердің бірі аталмыш бағдарламаға толыққанды кіріскен. Ана мен бала денсаулығын жақсарту үшін мейірбикелерді арнайы оқытып, біліктілігін арттырдық. 

853f5426970f3d199e71c7330af6d1d2.jpg - Әр адам денсаулығына өзі жауапты. Мұны тұрғындар түсініп отыр ма?

 - Өкінішке қарай бәрі емес. Білесіздер ме, біздің қоғам денсаулығын 100 пайыз дәрігерге жүктеп қойған. Жаны көзіне көрініп, ауруы асқынғасын дәрігердің алдына келеді де «мені  дұрыс емдемедің» деп айғайға салады.  Біз әрбір тұрғынға  денсаулықтың жақсы болуы, емнің нәтижелі болуының 90 пайызы бірінші кезекте адамның өзіне, өмір сүру салтына байланысты, қалған 10 пайызы ғана ақ халаттыларға байланысты екенін түсіндіреміз. Алайда Кеңес үкіметі замамында тәрбиеленген  жандардың мұны қабылдауы қиын. Бізде тамақтану режимі сақталмайды.  Кешкі тоғыз, онда бешбармақ жеп аламыз да, ұйқыға кетеміз. Қимыл-қозғалыс аз. Осыдан келіп ауру денемізге баптандап кіре береді.  Тағы бір айтарым  денсаулықтың сыр беруіне тойдың тигізіп жатқан залалы бар. Қазақ тойшыл халық. Әйтсе де бүгінде той жасау мәдениеті шектен шығып кеткен секілді. Той жасау үшін кредит алады. Бір, екі ай бұрын шапқылап дайындық жасайды. Той кезінде тамақтану режимі де жайына қалады, ұйқының да мәнісі болмайды. Бәрінен де қиыны тойдың шығыны. Осының барлығын ойланған адамның жүйкесі шаршайды, стреске ұшырайды. Тойхананы жарысып сала бергенше неге осы спорт зал мен  алаңдарды салмайды екен деймін кейде. Әр аулаға жаттығу құралдарын орнатып қойса денесін шынықтыратын адам табылады ғой. Өзге елдерде қарияларға дейін аулада жаттығу жасап, серуендеп жүреді. Ал біздікілер той тойлап жүреді. Мен бірінші кезекте адамдардың мәдениеттілігін арттыру керек деп есептеймін. Дегенмен өсіп келе жатқан ұрпақ салауатты өмір салтына бейімделіп келеді.  Әрі мамандарымыз үздіксіз түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

 - Елімізде қолға алынған «Ауруларды басқару» бағдарламасы осы мәселенің түйінін тарқатуға септігін тигізіп отыр ма? 

 - Қазіргі әлемдік қоғам үшін созылмалы аурулар медициналық ғана емес, әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жаһандық проблема болып отыр. Жыл сайын созылмалы аурулармен ауыратын науқастар санының өсуі байқалады, олар еңбекке қабілеттілігінен айырып, ұзақ уақыт шығынмен емдеу, оның ішінде стационарлық емдеу қажеттілігімен ауыр асқынуларға әкеп соқтырады. Асқынулардың алдын алу мақсатында қолға алынған «Ауруларды басқару» бағдарламасы созылмалы аурумен ауыратын науқастарға тиімді екенін айта кеткен жөн. Біздің науқастар да аталмыш бағдарламаға қатысуда.   Жобаның мәні пациенттің медициналық қызметкерлердің мультитәртіптік командасымен ынтымақтастықта өз денсаулығының жағдайын өзі бақылап отыруы болып табылады. Мультитәртіптік топқа учаскелік терапевт, жалпы практика дәрігері, мейірбике, міндетті түрде кардиолог, эндокринолог, психолог, әлеуметтік қызметкер кіреді. Ауруларды басқару бағдарламасына ІІ және ІІІ сатыдағы артериялық гипертензиясы бар (ілеспелі, ауыр созылмалы аурулары жоқ), ІІ типті қант диабеті бар (компенсацияланған, субкомпенсацияланған, ауыр асқынуларсыз), созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар, қауіп факторлары бар пациенттер қатысуда. Қатысушылар дәрігердің кеңесі бойынша өз ауруын өздері бақылап, басқарып отыруы қажет. Мәселен күн сайын қан қысымын өлшеп, жазып жүру, диета сақтау, дәрігердің қабылдауына уақытылы келу, анализдерін уақытылы тапсыру т.б. Бағдарламаға белсенді қатысып, ауруын басқаруды үйреніп жатқан науқастарымыз бар. Әйтесе де әлі де  сол жауапкершіліктің төмендігінен науқастар дәрігердің  емес біз олардың соңынан жүрміз. Бағдарламаның жүзеге асып жатқанына бір жылдан асты. Мамандарымыз пациенттерге бағдарламаның мәнін түсіндіруден жалыққан емес. Көш жүре түзеледі дегендей болашақта  әрбір пацинет ауруын басқара алатын дәрежеге жетеді деген ойдамын. 

 - Әйел адам эмоционалды келеді емес пе. Кейде жұмыста эмоцияңызға ерік беретін кездер бола ма? 

 - Аурухана болғасын мұнда түрлі жағдайлар орын алады. Жол апатынан жарақат алып түскен науқастардың және туыстарының қиналып жатқанын көргенде әрине жүрегің ауырады. Жан сақтау бөлімінде өмір үшін арпалысып жатқан жандарды да ойлап, уайымдайсың. Адам өлімі де жанға батады. Мұндай  сәттерде әрине сабыр сақтауға тырысамын. Іштей қиналып тұрсам да әріптестеріме, емделушілеріме мұны көрсетпеймін. Қиын сәттерде науқастар мен туыстарына сөзбен жәрдем беруге тырысамын. Кейде керісінше пациенттеріміздің қуанышына ортақтасамыз. Әсіресе перзентін сән-салтанатпен алып шыққан сәбидің туыстарының жүзіндегі күлкілерін көргенде біз де кәдімгідей қуанып қаламыз. Қандай жағдай болмасын өзімді ұстауға тырысамын. 

 - Нәзік жандыларға медицина саласында қызмет ету қаншалықты қиын? Қанша дегенмен дәрігер, мейірбике ол ең алдымен біреуге жар, біреуге ана емес пе? 

 - Жұмыстан шығып үйдің табалдырығын аттағаннан кейін әйелдік қызметіме кірісемін. Отбасыма көбірек көңіл бөлгім келеді. Алайда ауруханада шұғыл жағдай бола қалса оқиғаның басы-қасында жүруім керек. Қаншама адамның өміріне жауапты болғасын үйде отырып жұмысты ысырып қоя алмаймын. Өмірлік жарым да дәрігер болғасын менің жағдайымды жақсы түсінеді. Бүгінге дейін отбасы мен жұмысты үйлестіріп келе жатырмын деп айта аламын. Қазір құдайға шүкір келін түсіріп, қолымның ұзарып отырған жайы бар. 

     Әйел қырық жанды. Ол  ең бірінші үйдің шегесі екенін ұмытпауы керек. Ал   осы саланы таңдаған екен, онда бәріне төзуі керек.  

 - Сыйлық адамды байытпас, бірақ көңілді байытады. Сыйлық алғанды ұнатасыз ба? 

 - Сыйлық алғанды кім ұнатпасын. Мен үшін шын көңілмен берілген сыйлық қашанда қымбат. 

 - Шынайы әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан: Айнұр ОҢҒАРБАЙ