Ақ халатты нәзік жандар мерекені қалай қарсы алады?

article_57966.jpg

Медицина саласында нәзік жанды аруларымызды көптеп кезіктіруге болады. Қиындығы мен жауапкершілігі мол салада тынбай еңбектеніп жүрген қыз-келіншектер бұл саланың ауыртпалығын сезінбейтін көрінеді. Себебі, жан тәнімен қалап таңдаған мамандығын мақтан тұтады. Медицина саласы біздің екінші жартымыз, егіз ғұмырымыз дейді. 

     Денсаулық сақтау саласында қызмет ету  нәзік жанды ақ халаттыларға ауыртпалығын түсірмей ме олар    8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесін   қалай  қарсы алады? Осы тақырып төңірегінде денсаулық сақшыларынан сұрап  көрген едік. 

Ляззат СЭС.jpgЛәззат РСЫМБЕКҚЫЗЫ, Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

                    Жұмыста моральдық тұрғыда демаламын

        Медицина саласында  жұмыс істеу үнемі адамдармен қарым-қатынаста болуды талап етеді. Олардың өзін қалай сезінетіні және қай жерінің ауыратынын білу үшін - адамдармен сөйлесу қажет. Жұмысымыздың жемісі — адамдарға көмектесіп, өз еңбегіңнің нәтижесін көру мүмкіндігіне ие боласың. Бұл мамандықта әсіресе әйел заты — өз ісіне берілген жандар. Себебі, біз өзімізді ана, қарындас, әпке, яғни қамқоршы ретінде сезінеміз. Сол себепті медицина саласында қызмет ету әйел затына қиын деп ойламаймын.

  Жалақы төлеуді тоқтатып тастаса да бұл сала да қызмет етуді тоқтатпас едім. Себебі медицина тек мамандығым ғана емес, қуат  беретін сүйікті ісім. Жұмысқа үнемі көтеріңкі көңіл-күймен келемін. Қанша шаршап тұрсам да, жұмыста моральдық тұрғыдан демаламын. 

  8 наурыз  күні   ерекше құрметке бөлеп, жылы сөздерін аямайтын ұжымдағы  барлық ер азаматтардан  шын жүректен құттықтаулар, шынайы көңілден шыққан тілектерді қабылдаймыз. Одан да бөлек бұл күн мен үшін аналарымызға, әпкелерімізге, сіңлілерімізге және құрбыларыма  жақсылық тілейтін күн. Мереке қарсаңында оларға ерекше уақыт бөліп,   мерекелерімен құттықтап, барлығының аман-есендігін сұрап, жүздесіп қайтамын. Бұл өз отбасымда қалыптасқан дәстүр. Бұл мейрамның мәнін түсіне білсек жастарға тәрбиелік жағынан маңызы зор. Әр жанұяның  құт берекесін арттыратын ең бір маңызды істер әйел затына жүктелген. Әр шаңырақтың тұрмыс-тіршілігі, қал-жағдайы да осы үйдегі аналарымызға тиесілі.

   Мен барлық әйел затын  8-наурыз Халықаралық әйелдер мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Әрқашан, шаттық пен қуанышқа бөленіп, береке-бірліктің бастаушысы, игі істердің қостаушысы болып жүре берулеріңізге тілектеспін!


Screenshot_19.jpgГүлнар МАМЫТБЕКОВА, Сарыағаш   аудандық   орталық  ауруханасының   бас   мейірбикесі:


                                 Бұл мамандыққа  әркім жүрек қалауымен келеді


  Денсаулық сақтау саласында жұмыс істеу әрі оңай, әрі қиын. Себебі әр мамандықтың өзіне тән қиындықтары мен қызықтары қатар жүреді. Адам жанының арашашысы болу оңай емес. Медицинаға әрбір адам өзінің жүрек қалауымен келеді деп ойлаймын. Медицина – саулықты сақтап, науқасты кеселден айықтыратын сала. Сондықтан, бұл мамандықпен мақтанамын. Талай жылдан бері осы саланың пұшпағын илеп келе жатқандықтан, медицинамен менің жаным да, ғұмырым да егіз болып кеткен. Жұмысыма қатысты  қиындықты, ауыртпалықты сезінбей еңсеріп келемін.  Науқастардың дертін емдеп, аяққа тұрғызып жүргендігім үшін қуанамын.

      Аналарымызды, қыз-келіншектерді, нәзік жанды әріптестерімді  әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Барлықтарының отбасына амандық, дендеріне саулық тілеймін. Мен үшін 8 наурыз әдемі мерекелердің бірі. Бұл күні жыл сайын ұжымның басшысы кәсіподақ ұйымымен бірлесіп жақсы бір кеш ұйымдастырады. Ер азаматтар  қыз-келіншектерге өлең оқып, ән айтып, көңілімді серпілтіп жүреді. Сонымен қатар, кеш барысында үздік қызметкерлерге алғыс хат, марапаттар мен гүл шоқтары сыйланады.


Screenshot_20.jpgЛәззат ТӘЖІБАЕВА,  Ордабасы аудандық орталық ауруханасының бас мейірбикесі:


                  Медицина саласында 80 пайыз әйелдер жұмыс істейді


  Өз мамандығыңды жақсы көріп тұрсаң, оның ешбір қиындығы жоқ деп ойлаймын. Медицина – ерекше салалардың бірі. Мұнда адамның өмірі басты орында. Мән маңызы мен жауапкершілігі мол болғандықтан дәрігер де қолынан келгенін аянбауға тырысады. Бұл салада 80 пайыз әйел адамдар жұмыс істейді. Сол себепті, медицина саласында қызмет істеудің қиын тұстарын әлі күнге дейін байқаған емеспін. Қазақта мынадай сөз бар: «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты», - дейді. Сол себепті, науқас адамдардың сауығуына көмектесіп, нағыз бақытты сезінуіне жәрдемші болғандығымыз үшін де біз қуаныштымыз. Күнделікті ауыр жағдаймен науқастар келіп біздің көмегімізге жүгініп жатады. Өз қызметімізді жауапкершілікпен атқарып, олардың жанының арашасы бола білгендігімізбен мақтанамыз!

        Ал, 8 наурыз мейрамын жылы ұямда отбасыммен бірге қарсы аламын. Түрлі тәтті, дәмді тағамдарды дайындап, дастархан басында жақсылап атап өтуге тырысамыз. Жұмыста  ұжымдастар арасында тойлап, ер адамдар тарапы түрлі марапаттар, сыйлықтар береді. Мерекені барынша жақсы көңіл-күймен өткізуге тырысамыз. 


Screenshot_24.jpgКүнсұлу ЕГЕНҚЫЗЫ, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының  бас мейірбикесі:


                   Мерекені кейде жұмыста қарсы аламыз


  Медицина саласын ұнатқан адамға қиындық болмайды. Барлық адам өз жұмысын сүйетін болса, ешқандай ауыртпалық туындамайды деп ойлаймын. 8 наурыз күні жұмысқа түсіп қалатын күндер де болып тұрады. Ондай сәтте екеуін де қатар алып жүруге тура келеді. Ол кезде отбасыңның түсіністікпен қарағаны өте маңызды. Бірінші кезекте жұмысыңда қиындықтар, мәселелер болмауы қажет. Мерекені тойлау ешқайда қашпайды. 

  Жыл сайын асыға күтетін 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесін  үлкен қуанышпен қарсы аламын. Әрине отбасыңның жанында өткізгенге не жетсін. Ұжыммен бірге қарсы алған мерекелік кеш те көңілді өтеді. Бұл күні барша қыз-келіншектер марапатсыз, сый сыяпатсыз қалмайды. 

       Барша ақ жаулықты аналарды, әріптес қыз-келіншектерді көктемнің алғашқы күндерінде құлпыра жететін керемет мерекемен құттықтаймын! Шаңырақтарында шаттық, қуаныш болып, дастархандарынан құт-береке кетпесін!  


Screenshot_25.jpgЛәйла ЖҰМАҚАЕВА, Арыс аудандық ауруханасының бас мейірбикесі:


                               Жылы сөз жарты ем

      Кез келген адамның бір мамандыққа деген әуестігі болады. Кез келген жұмысты махаббатпен істесең өнімді болады емес пе? 

     Дәрігердің науқасты емдейтін үш тәсілі бар: сөз, дәрі, пышақ. Егер де келген науқасты жылы сөзбен, оның жағдайына қарап жанына жалау болатын сөз таба білсеңіз, ол да  алғашқы емнің бірі. Сол себепті, әйел затына бұл жұмыс қиын деп санамаймын. Мен осы салаға 40 жылымды арнадым. Өз жұмысымды жақсы көремін. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. 

        Мереке күні отағасы  үйдің қызғалдақтарына (үш қызым және мен) арнап мерекелік дастархан жайып, дәмді тағамдарын даярлап, сый-құрметін көрсетеді. Ұжымда қыз-келіншектер көп. Көктемнің келгенін солардың жүзіне  қарап біле бересің. Бәрі құлпырып кетеді. Ұжымда да мерекені атаусыз қалдырмаймыз. 

      Барша қазақстандық аруларды көктемнің құлпыра жеткен мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 


Screenshot_23.jpgГүлнар АХМЕТОВА, Түркістан жоғары медициналық колледжі директорының тәжірибе ісі жөніндегі орынбасары:


                 Ақ халаттылар әрдайым көмекке келеді


  Медицинада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келемін. Қиындығын сезбедім, себебі бұл менің жан қалауым.   Ақ халаттылардың  науқасты емдеп, жаза білу үлкен өнер, зор жеңіс әрі мол еңбек.  «Алдын ала емделгеннің есесі кетпес» дейді ғой. Сондықтан, әрбір адам өз денсаулығына күтіммен қарап, оның алдын алу шараларын қолға алып, өз жанынан ештеңені аямаған жөн деп санаймын. Сондай-ақ, адамдарға айтарым жанына дерт жамалса оны емдеуге әзір әрдайым денсаулықтың сақшылары бар екенін ұмытпағаны абзал.   Медицина қызметкерлері ондай жағдайда көмек қолын созуға дайын тұрады. 

       Жалпы, 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесін ұжымдастармен және отбасыммен бірге өткіземін. Жыл сайын көктем мезгілімен бірге құлпырған арулардың мейрамын керемет көңіл-күймен асыға қарсы аламын. Сондай-ақ, күллі қазақстандық аналарды, әйелдерді, аруларды 8 наурыз Халықаралық әйелдер мейрамымен шын көңілден құттықтаймын! 


 Screenshot_21.jpgРоза ЕРНАЗАР, «Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығы» №4 өкпе терапиясының аға медбикесі:


                      Қызығы мен шыжығы мол сала

       Медицинаны өз қалауымен таңдаған, оны жан тәнімен жақсы көріп істейтін адамға қиындық тудырмайды. Әрине, қызығы мен шыжығы мол саланың бірі. Алайда, қанша жыл бойы осы мамандықта жүргендітен ауыртпашылығын сезінген емеспін. Мұнда науқастарды емдеп, олармен тіл табысып, жылы жылы сөздер айтып олардың ішкі жан дүниесі мен сыртқы жарасын емдеудің өзі біз үшін зор ғанибет. Оларға жылы сөйлей отырып, алғысы мен рақметін алу бізге қуаныш сыйлап, саламызға деген махаббатты екі есе арттыра түседі. Сол себепті, медицинаны қиын сала деп есептемеймін. 

      Жыл сайын көктем мезгілінде сағынта жететін, керемет көркем мейрам 8 наурызды отбасыммен бірге қарсы аламын. Әрине, ұжымдық басқосу болып, сый-сыяпатты да аламыз. Отбасы мен жұмысты тепе-тең ұстап, мерекені сол жақын жандармен бірге өткіземін. 

      Құрметті қыз-келіншектер, аяулы аналар, ардақты әжелер және әріпстер, Сіздерді көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. 


Screenshot_22.jpgСавриой САЙДИРАСУЛОВА, №12 Шымкент қалалық емханасының бас мейірбикесі:


                      Қыз-келіншектердің құшағы гүлге толатын күн


  Денсаулық сақтау  саласын  жаныммен қалап таңдағандықтан  қиын деп шағым айту бізге жараспайды. Медицина – үлкен өнер. Ол ұғынып, тереңінен түсіне отырып, қызметін жауапкершілікпен атқаруды қажет ететін сала. Дертімен күрескен адамдардың жанында болып, оларды демеу  бірге ауруымен күресу  біздің басты жұмысымыз. Сондай-ақ, пациенттердің басынан  өткізген қиындықтарын бірге көру, оларға қуаныш сыйлай білу, дертінің емін таба білу де медицина қызметкерлерінің міндеті. Сол себепті мен ақ халат киіп жүргенім үшін  мақтанамын. 

   8 наурыз Халықаралық әйелдер мейрамын ұжыммен бірге өткіземін. Ұжымдағы ер азаматтардың ұйымастырған дастарханынан дәм татып, түрлі  сый сыяпаттар аламыз. Жалпы, бұл мейрам әйел адамдардың құшағы гүлге толатын күн деп айтсам артықтық етпес!.. Баршы әйелдер қуаымына бақыт тілеймін!

  

Сауалнаманы жүргізген: Нұр ЖІГЕРЛІ