Оларға ЖИТС кедергі емес

      Screenshot_1.jpg

Тағдыр – Алланың сынақтарынан құралады. Егер де өмірізде тосыннан бір жағдаяттар немесе қиындықтар орын алмаса, ол сөзсіз сценарийге құрылған кино болар еді. Бірақ кейде бір адамның қателігіне екінші адам өмір бойы жауап беретін кездер де болады. Бүгінгі таңда оған дәлел дүниелер де аз емес. Осындай трагедияның бірі Шымкентте   2006 жылы орын алған еді. Дәрігерлердің салғырттығынан жазықсыз қаншама сәбидің маңдайына «ЖИТС» деген диагноз қойылды.  Кінәлілер жазасын алды. Алайда  бүлдіршіндер қатерлі дерттің азабын әлі тартып келеді.  Амал нешік, олар тілеп алмаған ауруға өмір бойы көндігуге мәжбүр. Анадан сау туылған балалар бүгінде  атың өшкір кеселмен қалай күресіп келеді, олардың кейінгі тағдыры не болды, олар нені армандайды. Біз балалармен арнайы тілдесу үшін   шымқаладағы «Болашақ» ақпараттық-оңалту орталығына бас сұққан едік. 

  Неге мен дәрі іше беремін?

«Медицина дамыған заман» дейміз-ау. Әйтсе де ғалымдар  ЖИТС-тің алдында әлі де дәрменсіз күйде.  Оңтүстік өңірде бұл дертке шалдыққандардың көпшілігі балалар мен жасөспірімдер. Ата-ана, дәрігерлер, психологтар үшін ең ауыр –баланың «мәртебесін» ашу сәті. Шетелдерде 6-7 жас дұрыс деп саналса, біздің қоғам үшін бұл тым ерте. Сонымен қатар, ата-аналар перзенттерінің тұйықталып кетуінен және ойын баласының достарынан шеттетіліп қалуынан қорқады. Бала дейміз-ау, ес білгеннен бері уыстап дәрі ішіп келе жатқан балалар өзгелерден «ерекше» екенін сезбейді дейсіз бе?  Әлде ата-анасын сұрақтың астына алмайды дейсіз бе?  Ауыр дертке шалдыққан балалардың ата-анасы үшін де ең қиын сәт осы. Бала жүрекке  ащы шындықты айту. Мамандардың кеңесі бойынша, осы тұста «жалған» себеп айту керек. Балалардың бірі – бауыры үшін, екіншісі, асқазаны үшін дәрі қабылдайтын болып шығады. Сан түрлі сылтаудың артынан ақиқат шықпай қоймайды. 10-12 жасқа келгенде арнайы күн белгіленіп, көбінесе «Балаларды ЖИТС-тен қорғайық» қоғамдық қорының президенті Жанетта Жазақбаеваның қатысуымен олар өздерінің «мәртебесін» біліп жатады. Әр баланың эмоциясы әр түрлі болады. Кейбірі, түк болмағандай кейіп танытса, біреулері жылап қалады. Араларында «статусы» ашылмай жатып, өзінің қанында вирус барын біліп қойған балалар да бар. «Басында анамнан «Неге мен дәрі іше беремін?» деп сұраған болатынмын. Бауырың ауырады, сол үшін ішесің деп айтқан еді. Кейіннен сұрастырып білсем, мен жалғыз емес екенмін. Барлығына әр түрлі өтіріктер айтқан. Негізі менде қанымда вирус барын «статусым» ашылмай тұрып біліп қойдым. Ауруханада жатқан кезде қабырғалардың барлығында «ВИЧ» туралы тақтайшалар ілініп тұратын. Барлығын оқып шықтым, дәрігер апай отыратын кабинеттегі документтер тұратын жерде де «ВИЧ» деген жазу тұратын. Мен осылайша сезіп қойдым», - дейді 15 жастағы Айя есімді қыз (аты-жөні өзгертіліп берілді). Ауыз ашса, сыр көрінеді демекші, кей отбасылар «мәртебені» күтпей-ақ, балаларынан ештеңе жасырмайды. Мәселен, Нұртасқа әкесі барлығын егжей-тегжейлі түсіндірген. Әрине, мұндай батылдық тек жігіттер қауымына тән. Бүгінде колледжде 4-курс оқитын ол жастықты дәуренімен кеселін ұмытып кеткен сыңайлы. «Менің «статусым» 10 жасымда ашылды. Бірақ оған дейін әкем бір ауыз айтып қойған. «Сенің қаныңда вирус бар. Бірақ сен шүкір ет. Бастысы, аяқ қолың сау. Тек дәріңді ішсең болды» деді. Осылай айтқан соң, ұмытып кетіппін. Қазір де солай, осы орталыққа келгенде ғана есіме түседі. Қызыққа беріліп кеткен соң ба, оны ойлайтын уақыт та жоқ»,- дейді Нұртас. 

 Ешкім бізді түсінуге тырыспайды

Балалардың көпшілігінің айтуынша, олар өздерінің диагнозын құпия сақтағысы келеді. Тіпті, олар үшін бұл өзге кеселдерге қарағанда жеңілірек. Тек дәрі ішсек болды дейді. Бірақ, олар қоғамның көзі мен сөзінен сескенеді. «Қазіргі таңда бұл аурудың атын айтсаң, ешкім бізді түсінуге тырыспайды. Себебі, олар ЖИТС туралы ештеңе білмейді. Қазір түшкіріп, жөтелсең болды «ойбай ана адам  тұмау, жұғады, маска киіп ал» дейтін қоғам менің диагнозымды естісе мүлдем қашып кетеді ғой», - дейді орталықтағы балалардың бірі. Расымен де, бұл пікірдің жаны бар. Біздің қоғамды сауатсыз деп айтуға қимағанымызбен, сұқ саусақтарымен шошайтып, ЖИТС-пен ауыратындармен қарым-қатынастарын үзіп, теріс айналатындар да аз емес. Мұның жалғыз себебі, олар бұл аурудың қалай жұғатынын білмейді. 

«Болашақ» ақпараттық-оңалту орталығына үнемі келіп жүретіндердің арасында Аңсаған есімді қыз бар. Ол сырт көзге ашық мінезді, пысық, өзінің ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын болып көрінді. Оңаша қалып тілдескенімізде болжамымыз расталып шықты. Қазіргі таңда 9-сынып оқитын ол өмірге құштар, арманы мен мақсаты айқын қыз екен. Осыдан бір жыл бұрын барған «Көшбасшылық» мектептің ықпалынан соң, ол өзінің сырлас құрбысына қанында вирус барын айтып көрген. Бірақ нәтижесі күткендей болмапты. «Статусымды ашқан кезде ВИЧ туралы 3 дос қызыма айтқан едім. Себебі, маған да қызық болды. Бірақ олар бірден ұмытып кетті. Содан соң 8 сыныпта «Көшбасшылар» мектебіне бардым. Ол жақта қандағы вирус туралы көп мәліметтер алдық. Көптеген тренингтер болды. Содан үйге оралған соң, мен өзімнің сыныптас құрбыма айтамын деп шештім. Мені үнемі қолдайтын қыз еді. Оның маған деген көзқарасы бірден өзгерді. Айтпақшы, дәл сол күні алдау күні еді. Мен қалжыңдадым дегеніммен, ол маған баяғыдай қарым-қатынас жасамады», - дейді Аңсаған.

Біздің қоғамдағы тәрбиенің сиқы осындай. Қарапайым бір ауыз ауыр сөзді көңілімізге алып қаламыз. Ал, тағдырдың сынағына балғын шағынан бастап түскен балалардың көңілі неге қоғам үшін маңызды емес? Қандай да бір кеселге шалдыққандар өзінің дерті туралы ашық айта алмайды. Себебі, шектеліп, шеттетіліп қалудан қорқады. Бұл – балалардың пікірінен түйілген тұжырым.

       Ақан Сатаевтың киносына түсер едім

Бірнеше баламен жеке-жеке сұхбаттастық. Олар бүгінгі жағдайын да, армандарын да, жоспарларын да еш қымсынбастан айтып берді. Бір қызығы, олар дертіміз бар екен деп, өмірден түңіліп кеткен жоқ. Күн сайын дәрі ішуден де шаршамайды. Қойылған диагноз бен үзіліссіз ем олардың өміріне тиіттей де болсын кесірін тигізбейді екен. Керісінше, орталықтағы қыздардың бірі небәрі 15 жаста болса да, аймақтық телеарналарда жұмыс істеп, бірнеше қысқа метражды фильмдерге түсіп үлгерген. «Болашақта Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түскім келеді. Содан соң Мұхтар Әуезов театрында актриса болып жұмыс істеймін деген жоспарым бар. Кино саласында да бағымды сынап көргім келеді. Аян Өтепберген, Кәмшат Жолдыбаеваның әртістік шеберлігі ұнайды. Егер де менің жолым болып жатса, Ақан Сатаевтың киносына түсер едім. Менің арманыма, болашағыма ЖИТС кедергі емес», - дейді ол. 

ЮНИСЕФ БҰҰ балалар қоры ұйымдастырып жатқан «Көшбасшылық мектепке» толтырылған сауалнамаларды қарағанымызда балалардың көпшілігі өнер саласына жақын екенін байқадық. Арасынан ерекше аспап, флейта ойнайтын баланың пікірі көзге түсті. Түрлі жарыстарға қатысып, бағын сынап көрген. Сахнаны жақсы көретін ол болашақта әлемге танымал музыкант болғысы келеді. Арманынан бөлек, бұл баланың өз қорқынышы да бар болып шықты. «Бұл туралы достарыма айтудан қорқамын. Араласпай кететін сияқты. Және болашақта үйленер кезде өзімнің таңдаған адамыма қалай түсіндірерімді де білмеймін. Бірақ, міндетті түрде осы орталыққа келіп, қызымды Жанетта, Лола апайларыммен таныстырамын. Себебі, дәл осы кісілер секілді ВИЧ туралы ешкім түсіндіре алмайды», - дейді Жансерік. Баланың айтқан пікірі орынды. Себебі, орталықтың жетекшісі Жанетта Қанайқызы олардың психологиясымен тікелей өзі жұмыс істейді. Егер де жасөспірімдердің жеке өмірінде махаббат, сезім орын алған жағдайда өздерінің диагнозы туралы бірден айтқанды құп көреді. Себебі, балалардың жүрегін жаралап алудан қорқады. Осы уақытқа дейін ЖИТС-ке шалдыққандар, отау құрып, өз теңдерін тапқан. Кей жұбайлардың шешімімен, бұл дерт отбасылық сыр ретінде сақталып келеді екен.  

  Болашақ жарыма қалай айтамын?

Орталықтағы аты-жөнін айтуды жөн санамаған бойжеткеннің ойы тереңде. Жаратылысына жүктелген міндетті жақсы білетін ол отбасын құрар кезде орын алатын қиындықтардан қорқатын айтты. «Менде бір қорқыныш бар. Қыз баласы болған соң, біздің мақсатымыз отбасын құрып, ана атану ғой. Кейін болашақ жарыма қалай айтамын? Оның ата-анасы қалай қабылдайды? Осы сұрақтар мені мазалайды. Бірақ анам үнемі айтып отырады. Ешнәрсе жасырмаймыз, өтірік бәрібір судың бетіне шығады деп», - дейді бойжеткен. Айтуынша, ол өзіне жабысқан кеселге өзі жауап береді. Және жұрттың көзінше, бұған шағымданып, көз жасты көлдетуді жөн санамайды. Керісінше, оның санасында өмір бір ғана рет берілді. Ал оны жылаумен өткізудің мәні жоқ.

Міне, балалардың бүгінгі жағдайы осындай. «Балаларды ЖИТС-тен қорғайық» қоғамдық қорының жетекшісі Жанетта Жазықбаеваның тәрбиесін көріп өскен олар ешнәрседен қорықпайды. Тіпті, айықпас дертке себеп болған дәрігерлерге де өкпе-назы жоқ. Олар өзінің болашағы мен қабілеттеріне сенеді. 

     Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Оларға ЖИТС кедергі емес