Тұрғындарды құтқарған полицейлер су басқан ауылдарды күзетіп жүр

мактапол.jpg

Апат айтып келмейді. Тосыннан болған су тасқыны Мақтаарал ауданының тұрғындарын барынан айырды. Төрт түлігі мен дүние мүлкі су астында қалып, үйлері үйме топыраққа айналды. Дегенмен, мемлекеттік қолдаудың аясында бүгінде ел халқы еңсесін көтеріп келеді.

Бүгінде көпшілік ел басынан күн туғанда қолдау білдірген сала мамандарына алғыстарын айтуда. Жергілікті тұрғындар әсіресе тәулік бойы қырағы қызметімен көрінген полиция қызметкерлеріне риза.

– Біз Фирдоуси ауылында тұрамыз. Ағам екеуміз қой іздеп жолға шыққан едік. Бірден келген тасқын судың ортасында қалып қойдық. Көмек шақырдық. Полиция қызметкерлері дер кезінде көмекке келіп, бізді қауіпсіз жерге алып шықты, – дейді Данияр.
Мақтаарал аудандық 
Полиция бөліміне қарасты Жергілікті полиция қызметінің аға учаскелік полиция инспекторы Дастан Мейірманов төтенше жағдай орын алған күннен бастап, оқиға орнында жұмыс атқаруда. Күндіз-түні көшелерді аралап ұрлықты болдырмау жұмыстарын жүргізсе, кешкісін постта қызметін жалғастыруда.

– 1 мамыр күні су тасқыны бойынша хабар келді. Дереу көлікке мініп, су аумағын көріп келдік те ауыл тұрғындарына ескертіп, қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарына кірістік. Қойларын айдастық. Өздерін тасыдық. Жолда көлік кептелісінің болмауын қадағаладық. Бар ойымыз, халықты қауіпсіз жерге жеткізу болды, – дейді полиция майоры.
Дастан Кескінбайұлы Өргебас ауылында туып өскен. Жергілікті мектепте білім алып, осында балалық шағын өткізді. Кейіннен отбасын құрып, еншісін алып, Мырзакентке қоныс аударған.
 Бүгінде Дастанның туған жері түгелімен су астында қалды. Бауырларының үйі де бүлінді.
– Мырзакентке де қауіп төнгендіктен, отбасымды қауіпсіз жерге жіберген болатынмын. 
Қауіптің беті қайтқан соң, үйге алып келдік. Ал, Өргебас ауылында ағаларымның шаңырақтарын түгелімен су басып қалды, – дейді ол.

Учаскелік полиция инспекторы Асхат Асқаровқа алғыс айтушы ауыл тұрғындары көп. Су қауіпі басталған тұста мүмкіндігі шектеулі азаматқа демеу болған тәртіп сақшысының әрекеті әлеуметтік желі арқылы кеңінен таралып кетті. Көпшілік жылы пікір білдіріп, жақсы тілектер айтты.

Дастан Мейірманов пен Асхат Базаралыұлы қазіргі кезде ауылдағы қауіпсіздікті күзетіп жүр. Күні-түні қызметте. Қашанда халықтың қасынан табылатын полиция қызметкерлеріне жергілікті тұрғындарда дән риза.