Райымбек ТАСЫРБАЕВ: Пациент дәрігерін монитордан көріп, сапалы ем қабылдай алады

Screenshot_2.jpg

Райымбек Берікұлы, Түркістан қалалық орталық емханасына жетекшілік ете бастағаныңыза көп бола қойған жоқ. Дегенмен, сіздің осында бұрын қызмет еткеніңізді ескерсек, емдеу мекемесінің тыныс-тіршілігін бес саусақтай білетініңіз сөзсіз. Жалпы, бүгінгі ахуал қандай? 

– Өзіңіз айтқандай, басшылық қызметке келгеніме көп уақыт бола қоймады. Бірақ, атқарылған біршама жұмыстарымыз бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 982 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жоспарлы түрде жұмыстар жүргізілуде. Негізгі мақсат – халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру. Осы орайда Түркістан қаласы халқына көрсетілетін қолжетімді медициналық көмек сапасын арттыру бағытында жұмыстар атқарудамыз. 

Бүгінде емханамызға қарасты 7 отбасылық дәрігерлік орталық, 2 дәрігерлік амбулатория, 1 жылжымалы медициналық жиынтық бар. Сонымен қатар консультативтік диагнотикалық, жедел жәрдем бөлімшелері қызмет атқарады. Жақын күндері емханамызда қосымша Амбулаторлық-хирургиялық орталық және Қайта оңалту бөлімшелерін ашу жоспарлануда. Қала көлемінде емханамыз 94 мың 322 адамға дәрігерлік көмек көрсетеді. Соның ішінде 35 мың 266 бала, 20 мың 319 туу жасындағы әйелдер. Емханамыздың құрамына жалпы саны 68 аймақ кіреді. Оның 15-і педиатриялық болса, 53-і жалпы тәжірибелі дәрігерлік аймақтар. Қазіргі таңда негізгі принцип бұл халыққа қолжетімді медициналық көмекті ұйымдастыру. Соған сәйкес барлық бөлімшелерімізді мамандармен және медициналық құрал жабдықтармен қамтамасыз ету қолға алынған.

Емханамыз 2018 жылдан бастап толық цифрлық жүйеге көшкен. Сол жүйені дамыту мақсатында, емханамыздың Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышында сенсорлы экран қойылған. Ол арқылы емханамызға келген азаматтар дәрігер қабылдауына жазыла алады, egov.kz электронды порталы арқылы мемлекеттік қызметтер алуына қолжетімді мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар, аталған экраннан дәрігерінің жұмыс кестесін, бірінші рет келіп тұрған болса дәрігерінің келбетін, оған қалай баруға болатынын көре алады. Яғни, пациенттің әркімнен сұрап, адасып әр есікті қағып, табалдырық тоздырмай-ақ, ешкімді мазаламай-ақ бару жолы бейнелі түрде көрсетіледі. 

Қазіргі таңда әлемде өлім көрсеткіші бойынша екінші орынды алатын онкология ауруының алдын алу мақсатында,  емханамызда Жасыл дәліз жұмысы іске қосылған. Оның негізгі мақсаты – онкология ауруына күдік туындаған науқастарға кезексіз тексерулер жүргізу арқылы диагнозын бір күннің ішінде анықтау. Мысалы, онколог дәрігері науқасты күдікті деп таныса, онда қолына жасыл білезік тағылады. Жасыл білезік тағылған азаматтар кезексіз толық тексеруден өтеді.

Бұдан бөлек емханамызда Аналитикалық орталық ашылып жатыр. Мұнда поликлиникамызға қарасты барлық мекемелердің жұмысын айына екі рет саралау жұмыстары жүргізіліп отырады. Ол арқылы емхананың халыққа қызмет көрсету жұмысын толық деңгейде жүргізілуін бақылай аламыз.

Былтыр еліміздің үздік емханасы деп танылған мекеменің жетістері жетерлік екен. Ал, қызмет сапасы қандай? Жетілдіріп жатқан боларсыздар?

– Медициналық қызмет көрсету сапасын басқару жүйесін жетілдіру мақ­сатында және емделушінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін барлық медициналық ұйымдарда Емделуші­ні қолдау және ішкі аудит қызмет­тері ұйымдастырылған. Арнайы сенім телефоны құрылған. Олар шағымдарды дереу тек­серу және кемшіліктердің алдын алу ұстанымы бойынша жұмыс істейді. Емханамыздың арнайы сайты да бар, егер медициналық қызметкерлердің қызмет көрсетуіне көңілі толмаған пациенттер сол жерде шағымдарын қалдырса, мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде кемшіліктерді жойып, жұмыс сапасын арттыру жолында қызмет жасаймыз. Сонымен қатар емханамыздың барлық бөлімшелерінде жұмыс сапасына, әрбір дәрігердің жұмысына баға беруге мүмкіндік беретін QR код жүйесі қолданысқа енгізілген. 

Бірыңғай ұлттық денсау­лық сақтау жүйесі енгізілгеннен бері медициналық көмектің қолжетімділігі, сапасы біршама жақсарды. Атап айтар болсақ, емдеу мекемелеріндегі барлық көмектер және қызметтер электронды түрде жүргізіліп, есепке алынуына байланысты қазіргі таңда «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер жасалмайды. Барлығы айқын, ашық пациенттердің көз алдында жүргізіледі. Қазіргі таңда барлық емдеу мекемелерінде емдеуге жатқызу бюросы құрылған. Ауруханаға жатып емделу электронды түрде жату күні автоматты түрде белгіленеді. Ауруханалардың бос орындарына сай ста­ционарды еркін таңдау принципі бойынша емдеуге жатқызу бюросы қызметкерлері бос орындарды ұсынады, соған сәйкес жатар күнді және емделетін мекемеңізді таңдауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының барлық азаматтары басқа аймақтарға емделуге, соның ішінде ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарға баруға, жоғары мамандандырылған көмек алуға, оның ішінде мамандандырылған медициналық көмек алуға мүмкіндік алды. 

– Сіздің айтып отырғаныңыз цифрландыру емес пе? 

– Иә, қала халқының медициналық көмекке жүгіну барысын оңтайластыру мақсатында емханамызда қазіргі күнде электронды құжат айналымға ауыстырылды. Бұл өз кезегінде пациенттердің үйден шықпай дәрігер қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру секілді қызметтерді алуына мүмкіндік берді. Шаһар тұрғындарының 100 пайыз электронды денсаулық паспорты жасақталған. Яғни, пациент бұрынғыдай медициналық құжаттамалар алып жүру қажеттілілігі жоқ, тек жеке басын куаландыратын құжаты болса жеткілікті. Сонымен қатар, электронды түрде жазылуға мүмкіндік беретін «ДамуМед» мобильды қосымшасы пайдаланылуда. Бүгінге дейін аталған қосымшаны емханаға тіркелген жалпы халықтың 21 мыңнан астамы қолданған. Оның  18 мың 230-ы 20-60 жас арасындағы ересектер, 7 мың 530-ы 5 жасқа дейінгі баласы барлар, 1500-ге жуығы жүкті әйелдер. Сонымен қатар, қазіргі таңда емханамыздың барлық бөлімшелеріне келу- кетуді тіркейтін цифрлық құрылғы орнатылу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде емхана қызметкерлерінің жұмыс уақытын қатаң бақылауға мүмкіндік береді. Қызметкерлердің жұмыс уақытында жұмыс орнында бар жоғын қашықтықтан бақылауға болады. 

Бүгінде мемлекеттік емханалармен қатар жекеменшік емханалар да халыққа ақылы дәрігерлік қызмет көрсетуде. Ал, қарапайым қала тұрғындары мемлекет тарапынан кепілдік берілетін тегін медициналық көмектің көлемін біле бермейді. Сондықтан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және оған қолжетімділік жайы туралы кеңінен айтып өтсеңіз?

–  Қаламызда қазіргі таңда біздің емханамыздан бөлек қосымша 6 жекеменшік емхана жұмыс істейді. Бұл дегеніміз емханалар арасында басекелестікті арттырып, сапаның жақсаруына әкеледі. Осы бағытта барлық емханалар өз емханасының материальдық-техникалық базасын жақсартуға барынша тырысады. Мұнда Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің үлесі өте көп. Атап айтқанда, осыған дейін көптеген медициналық қызметтердің ақысын қарапайым халық өз қалтасынан төлеген болатын. 2020 жылдан бастап МӘМС жүйесінің енгілуінен бастап бұл шығындардың барлығын қор өз мойнына алған, яғни ендігі кезекте медициналық көмектің қолжетімділігі арта түседі деген сөз. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Заңына сәйкес, МӘМС жүйесі іске қосылғалы қазіргі таңда ол екі пакет бойынша жұмыс жасауда. Біріншісі –  кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (ТМККК). Оған жедел жәрдем, санитарлық авиация, емханалық алғашқы көмек, әлеуметтік маңызды аурулар топтамасына берілетін көмек, 281 бұйрыққа сәйкес 25 сырқат түріне көрсетілетін көмек, профилактикалық екпелер жатады. Екіншісі – Міндетті әлеуметтік сақтандыру пакеті (МӘМС). Оған емханалық көмектің барлық түрі, стационарлық көмектің барлық түрі, күндізгі бөлім, қымбат медициналық тексерулердің барлық түрі, амбулаторлық деңгейдегі дәрі дәрмектер кіреді. Демек сақтандырылған азаматтар барлық медициналық көмекті тегін ала алады деген сөз. Осы жерде атап өту керек, 086-у және 083-у анықтамалары МӘМС пакетіне кірмейді. Аталған мемлекеттік қызметті ақылы негізде медициналық ұйымдар көрсетеді. Жеке меншік медициналық ұйымдарға келетін болсақ, егерде ол мекемелер МӘМС жүйесі бойынша мемлекетпен шарт түзген болса, онда азаматтар ол мекемеден осы және мен жоғарыда атап өткен медициналық көмектерді заң аясында ала алады.

Мемлекет тарапынан тегін медициналық қызметпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған. Мұны да жергілікті тұрғындардың бәрі біле бермейді. Тегін медициналық қызметтің қолжетімділігін тарқатып айтып беріңізші...

– Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтарды, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарын амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және мамандандыралған емдік өнімдермен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» №666 бұйрығына сай дәрілермен қамтамасыз ету жолға қойылған. Науқастардың жыл сайынғы дәрімен қамтамасыз етілуі артқан. Осы мақсатта емханамыз өзінің ішінен аталмыш тегін берілетін дәрілерді таратуға аптека ашылған. Биылға емханамызға жекелеген топтарды тегін дәрімен қамтамасыз етуге 504 миллион 721 мың 569 теңге көлемінде қаражат жоспарланған. Қазіргі таңда аталмыш қаржының 48 пайызы игеріліп, дәрі-дәрмек пациенттерге таратылған.

– Жалпы мемлекеттік және жекеменшік емханалардың айырмашылығы қандай?

– Жаңа атап айтқанымдай, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемін (ТМККК) Қазақстан азаматтары тегін ала алады. ТМККК тізіміне енетін қызметтерді жекеменшік клиникалар да тегін көрсетеді. Алайда, жекеменшік клиникада тегін емделудің де өзіндік тәртібі бар. Ол үшін сіз сол клиникаға тіркелген болуыңыз керек. Кей жағдайда жекеменшік клиникалар аталған көмекті толық көрсете алмауы мүмкін. Ол клиниканың техникалық мүмкіндіктеріне байланысты. Мұндай жағдайда олар аталған қызметті қосымша атқаратын медицина ұйымдарына жолдама беруі тиіс. Дәл сол секілді мемлекеттік емханаларда өздерінде жоқ тексеру түрлерін (мысалы МРТ, КТ секілді) жеке клиникалармен шарт түзіп, жолдама беру арқылы көрсете алады. 

1589806847_e90e68ef-7629-4dbe-a624-a646412866d1.jpg

– Сіздерді адам жанының арашасы деп жатамыз. Дәрігер антына адал, білікті мамандары қалай шешілуде?

– Кез келген емхана ең алдымен кадрлық ресурсты реттемесе онда медициналық көмек сапасы толық болмайды. Сол принциппен біз жоспарлы түрде жұмыстар жасаудамыз. Бұл жағдайға қаламызда орналасқан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетімен тығыз жұмыс жасаудамыз. Бүгінгі таңға аталған университеттің түлектеріне кепілдік хат беріп, 4 хирург пен 1 гинеколог маманын жұмысқа қабылдау бойынша жұмыстар жасап жатырмыз. Сонымен қатар, келер жаңа оқу жылынан бастап сол университетке клиникалық база есебінде тіркеліп, студенттерді өз клиникалық базамызда оқытуды жоспарлап отырмыз. Бұл өз кезегінде тәжірибеден өту барысында білікті мамандарды іріктеп алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде емханамыз білікті де білімді жастармен толығатын болады деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар мамандарды біліктілік арттыру курстарына және заман талабына сай қажеттілікке орай жетіспей жатқан мамандарды қайта даярлаудан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Соңғы жылдары Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының бастамасымен мамандарды шетелдерге оқуға жолдау қолға алынды. Мамандарымыз шетелде білімін жетілдіріп, медицина саласына жаңадан енгізілген тәсілдермен, жұмыс істеу тәсілдеріне қанығып қайтуда. Бұл да өз кезегінде жұмыс сапасын арттырады. 

Сізді бүгінгі күні не толғандырады? Өмірлік басты ұстанымыңыз туралы ой бөліссеңіз?

– Әрине ойландыратын жайттар өте көп, өзгерту қажет ететін жағдайларда бар. Соның ішінде ең бастысы адамдырдың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артса деймін. Себебі адам денсаулығының өзгеруі ең алдымен адамның өзіне байланысты. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігерлер ұсынысын қабыл алып, салауатты өмір салтын сақтанса адамзаттың денсаулық жағдайы әлде қайда жақсарар еді. Барлық медициналық қызметкерлерден әрбір пациентті мұқият қарауды талап етемін. Жанына араша іздеген халық қанағаттандыруды тапсырамын. Пациент барда біз бармыз. Цифрлы технологияларды дамыту медицина саласының дамуына оң әсер етеді. Соған байланысты ғылым, білім және тәжірибе бірге жүреді. Мәселен, қазір науқастың тіркелуінен бастап барлығы сандық жүйеде жасалады. Яғни, оның ем алуы, диагностика, барлығы сандық технологиямен жабдықталған құрылғылар көмегімен атқарылады. Сондай-ақ қазір қашық жерде отырып науқасқа диагностика жасап, оған ем-шара жүргізуге болады. Мұның барлығы цифрлы технологиялардың дамуының арқасы және көрсетіліп жатқан көмектің ашықтығын, яғни «бармақ басты, көз қысты» шаруалардың алдын алады. Денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту шеңберінде медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын және пациенттің қауіпсіздігін арттырудың халықаралық танымал құралдарын енгізу жұмысы жалғасады. Елде медициналық көмектің сапасын басқару моделі жетілдірілетін болады, сол орайда бар күш жігерімді қосамын деген ниеттемін.

Қазіргі таңдағы індетке қатысты жасалынып жатқан шаралар туралы айта кетсеніз?

– Қазір жаһанды шарпыған тәжвирус бүкіл әлемді әуреге салуда. Бұл сырқат біздің елімізді де айналып өтпеді. Аурумен күресуде медицина қызметкерлерінің қызметі орасан зор деуге болады. Індет басталғаннан бастап барлық медициналық қызметкерлер аула аралауды күшейтті. Адамдарды үй жағдайында жұмыс жасауға үгіттеді. Сол арқылы адамдардың себепсіз сыртта жүрмеуіне және сырқаттанғандардың қарым қатынасын болдырмауға жұмыс жасадық. Қаламызда індетке байланысты карантин жарияланған күннен бастап қаланың барлық бағыттары бойынша кіретін жолдардың барлығына бекеттер қойылып, 24 сағат көлемінде қызмет көрсетті. Қалаға кіретін барлық адамдардың дене қызуы өлшеніп, тіркеуге алынып отырды. Сол арқылы сырқат анықталғанда нақта мекен жаймен тауып алу мәселелері оңтайлы шешіліп отырды. Індетпен күрес барысында қызметкерлердің де жеке бас сақтық шараларын сақтауын қатаң бақылауда ұстадық. 

Әңгімелескен А.ДОС