Қағазбастылықтан арылған аурухана

Screenshot_3.jpg

Түркістан облысының орталық бөлігінде орналасқан Бәйдібек ауданы өңірдегі әлеуеті дамыған, экономикасы өркендеген, ауылшаруашылығы етек жайған мекеннің бірі. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі «Шаянға барсаң әншімін деме» деп баға берген өнер мен мәдениеттің ордасында денсаулық сақтау саласы да айтарлықтай дамып келеді. Медицинаға айрықша көңіл бөліп отырған аудан әкімі Бахытбек Танагөзов жергілікті емдеу мекемелерінің қызмет көрсету сапасын арттыруға күш салуда. Себебі қазір отандық медицина  инновацияға бет бұрып, жаңа бағдарламаларды қолға алып, заманауи қондырғыларды  орнатуда. Бұл жаңашылдықтан Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы да тыс қалып отырған жоқ. Бүгінде 55 мыңға жуық тұрғынның өзге өңірлерге сабылмай-ақ аудандық ауруханадан ем алуы осы сөзімізге дәлел бола алады. 

Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы халыққа стационарлық және алғашқы медико-санитарлық көмек көрсетеді. Стационарлық көмек құрамында терапиялық, неврологиялық, хирургиялық, балалар, босану және гинекологиялық, паталогия, жұқпалы аурулар, реабилитациялық бөлімше  және реанимациялық бөлімдерінде  жалпы 171 тәуліктік төсек қоры, стационарда күндізгі стационарлық көмек көрсетуге 24 төсек қоры  есептелген. Амбулаторлы–емханалық көмек көрсетуде ауданда  12 дәрігерлік  амбулатория, 28 медициналық тірек, 8 фельдшерлік акушерлік тіректер  халыққа күнделікті медициналық көмек көрсетуде. Аудан бойынша дәрігерлік амбулаторияларда  күндізгі стационарлық көмек көрсету үшін 72 төсек қоры бар. Сондай-ақ науқастар облыс орталығына шапқыламас үшін ауруханада  19 төсек орынға арналған оңалту бөлімшесі ашылған. Мұнда қазіргі заманға сай емдік физикалық жаттығуларға арналған құралдармен жабдықталған және ең бастысы аурулардың аяққа тұрып кетуі үшін қажетті деффектолог, массажист, реабилитолог, логопед мамандары жұмыс істейді. Бүгінде белең алып тұрған инсультті емдеу мақсатында осы жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы және аудан әкімдігінің қолдауымен инсульт орталығы ашылады деп күтілуде.  Сондай-ақ Бәйдібек ауданында жазылмас дертке  душар болған науқастарға бұрын соңды болмаған медициналық қызмет көрсетілуде. Ағымдағы жылдың наурыз айында мұнда  созылмалы ауыр мейірбикелік күтімді қажет ететін науқастарға арналған паллиативті көмек көрсету үшін  қосымша үш (ересектерге арналған  2 төсек, балаларға арналған 1төсек) төсек қоры берілген.

Облыс, қаланы айтпағанда республикадағы барлық аудан, шалғайдағы ауылда орналасқан медициналық нысандар заманауи үрдіспен цифрланып жатқаны әрине, отандық медицинаның дамып келе жатқанын білдіреді. Бәйдібек ауруханасы да  өзгелер секілді цифрлы технологиялар негізінде жұмыс атқаруда. Мекемені цифрландыру жұмыстары   2018 жылы басталған. Мұнда  «Даму» серіктестігімен жасасқан келісімшарт негізінде кешенді медициналық ақпараттық жүйесі (КМАЖ) ендірілген. Қазіргі таңда бірыңғай тіркелмелі порталы бойынша Бәйдібек аудандық ауруханасына тіркелген азаматтардың 100 пайызының электронды денсаулық паспорты жасалған. Жаңғыру жұмысына тыңғылықты дайындалған аурухана басшылығы алдымен барлық медициналық қызметкерді кешкенді медициналық ақпараттық жүйе бойынша оқытып алған. Ауруханада өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы да ұйымдастырылып, аталған бұрышта жергілікті тұрғындарға Egov және «Даму-мед» мобильді қосымшасын пайдалану жөнінде сауат ашу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде кез-келген маман мен пациенттер аталған қосымшаны еркін пайдалана алады. КМАЖ жүйесін енгізгелі бері ауруханаға келетін пациенттерге дәрігерге алдын ала жазылу, дәрігерді үйге шақырту, сонымен қатар Egov жүйесі бойынша керекті қызметтерді алу  үйден шықпай- ақ қолжетімді болғаны әрине қуантады. Аудандық орталық аурухананың емхана бөлімімен оған қарасты барлық дәрігерлік амбулаторияларда картрейдермен қамтылған. Цифрландыру жұмысының тиімділігі пациент емханаға келген кезде  жеке куәлігін медициналық ақпарат жүйесіне енгізу кезінде пациент туралы барлық ақпарат шығып тұрады. Пациенттер дәрігердің алдына бұрынғыдай амбулаторлы картасын апармайды. Ал дәрігер келген науқасты қабылдау кезінде КМАЖ жүйесінде  науқас туралы барлық ақпарат шығып тұрады. Цифрландырудың арқасында бәйдібектік дәрігерлер қағазбастылықтан арылып келеді. Сонымен бірге пациенттер лабораторияға тапсырған анализ қортындыларын  күтіп әуре болмайды. Тапсырған анализ қортындылары пациенттің электронды денсаулық паспортына лаборатория мамандар қондырған соң автоматты түрде түсіп тұрады.

Биылғы жылдың басты жаңалығы  Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне  әкімдік мамандар мен жергілікті ақ халаттылар үлкен дайындықпен келді.   МӘМС жүйесін енгізуде бірінші кезекте медицина қызметкерлері каскадты әдіспен 100 пайыз оқытылған. Тиісті мамандардың  насихат жұмыстарының нәтижесінде аудандағы барлық  азаматтардың  статусы анықталған. Аудан азаматтары қаңтар айынан бастап жарна төлеуді бастап кетті.  «Халық МӘМС жүйесін түсіністікпен қабылдады. Өйткені қазір тұрғындардың  көзі ашық, әлеуметтік желілерге белсенді түрде  кіреді. Қазіргі таңда әр азамат өз денсаулығын сақтаудың қаншалықты маңызды екендігін түсінді»,- дейді аурухананың бас дәрігері Гүлдария Шардарбекова.

Screenshot_4.jpg

Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының міндеттеріне бірінші орында аурулардың алдын алу және асқынуға жеткізбей емдеу жатады. Осы бағытта ана мен баланың денсаулығы, фертильді жастағы әйелдердің сырқатын дер кезінде анықтап, диспансерлік есепке алу, уақытылы сауықтыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Халықтың нысаналы топтарын жыл сайын профилактикалық байқаудан өткізіп, қазіргі таңда кең таралған түрлі жүрек қан тамыры, онкологиялық, туберкулез, қант диабеті сияқты дерттерді уақытылы анықтап сауықтыру, стационарлы емге жатқызылған науқастарға сапалы көмек көрсетіп ерте үйлеріне сауығып шығу жұмыстары жолға қойылған. 2018 жылдан бері ауруларды басқару бағдарламасы бойынша жиі асқыну жағдайы кездесетін сырқаттар – артериалды гипертония, қант диабеті, созылмалы жүрек жетіспеушілігімен тіркелген науқастарды бақылауға алып, үш ай сайын керекті анализдер алынып, емі үнемі қадағалануда. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты жоғарыда аталған диагнозбен тіркелген пациенттерге үнемі режимді ұстап, керекті дәрі дәрмекті қабылдау кезінде емнің нәтижелілігін бақылау болып табылады. Осындай жұмыстардың арқасында мамандар науқастарға денсаулықты сақтау әркімнің өз қолында екенін медицина тұрғысынан түсіндіріп келеді.

Аурухана қабырғасында ана мен бала денсаулығына ерекше назар аударылуда.  Әр дәрігер өзі жауапты аумақтағы фертильді жастағы әйелдерді үнемі бақылауда ұстап отырады. Әйелден экстрагенитальді сырқат анықталса, дереу диспансерлік есепке алынып, уақытылы сауықтыру жұмыстары жүргізіледі. Бала өлімінің алдын алу мақсатында 2018 жылы баланың жатырішілік дамуындағы ақауларды ерте анықтау мақсатында және босанушы әйелдерге көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында бір УДЗ дәрігер Ресей федерациясының Новосибирск қаласында және Оңтүстік Корея республикасының астанасы Сеулде білімін жетілдіріп келгенін айта кеткен жөн.  Сонымен қатар Новосибирскіге ауруханадан акушер-гинеколог, педиатр, реаниматолог, бас мейірбике, орта буын акушер мамандары аттанып, біліктіліктерін артырып келгені аурухананың беделін көтергені анық.  Мұнда сапалы ем үшін 2017 жылы босану бөліміне 60 миллионға құрал-жабдықтар алынса, 2018 жылы заманауи УДЗ, жасанды демалдыру аппараттары орнатылған. Мұның бәрі ана мен бала өлімін болдырмаудың қамы.

Ақ халаттылар  медицина саласындағы кейбір  өзекті мәселелерді  Бәйдібек ауданы әкімдігінің жанынан құрылған халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесімен бірге шешуде. Айталық  халық арасында кездесетін әлеуметтік маңызы бар сырқат  туберкулезбен  ауыратын науқастарға ай сайын аудан әкімдігі тарапынан  емі біткенше  ынталандыру мақсатында 10 АЕК көлемінде қаржы  тағайындалған. Сонымен қатар балалар арасындағы өлім жітімді болдырмау үшін патронаждық жүйе бойынша сектораралық жұмыс жолға қойылған. Мысал ретінде әлеуметтік жағдайы төмен  отбасылардың үй-жай, тұрмыстық мәселелеріне байланысты нақты  көмек берілген бірнеше  жағдайларды айтуға болады.  

Ақ жағалылар мен ақ халаттылардың бірлігі әсіресе,  төтенше жағдай кезінде беки түсті. Карантин уақытында  аудан әкімшілігі тарапынан  көшелерді  залалсыздандыру  жұмыстары тұрақты түрде жүргізсе, дәрігерлер науқастарға шұғыл түрде медициналық қызмет көрсеткен.  Ресми мәлімет бойынша ауданда коронавирус  инфекциясының үш жағдайы тіркелген.  Мамандардың айтуынша 3 науқастың ауруы жеңіл сатысында анықталған.  Ауруханада  дертті жұқтырғандарға  вирусқа қарсы терапия тағайындалып, бүгінде екі пациент емін сәтті аяқтаған. Бір науқас ем алуды жалғастыруда. «Коронавирус диагнозы нақтыланған адамдар арнайы емнен кейін 100 пайыз  жазылуда.  Науқастар дертті жеңгеннен кейін қайталап ауруы мүмкін емес.Себебі адам ағазасында короновирусқа қарсы антитела түзіледі. Антитела адам ағзасында кемінде екі жыл сақталады. Егерде адам  вирустың мутацияға ұшыраған басқа штамын жұқтырған болса ауруы қайталануы мүмкін.  Мысалы өзіңіз білетін тұмаудың бірнеше штамы бар. Адам жыл бойы тұмаудың әртүрлі штамдарын жұқтыру арқылы жылына тұмаумен бірнеше рет ауруы мүмкін. Сол үшін әр адам салауатты өмір салтын ұстанып, иммунды жүйесінің қалыпты болуына мән беруі керек»,- дейді Гүлдария Әбілдабекқызы. 

Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының бұйрығымен  ауданда 100 төсектік карантиндік бөлімше және 50 төсектік провизорлық бөлімшелер жасақталған. Жыл басынан бері Бәйдібекке  шет елдерден және Қазақстан Республикасының  COVID-19 инфекциясы тіркелген аймақтарынан келген адамдардың барлығы учаскелік медицина қызметкерлерімен белсенді түрде анықталып,оларды көрсеткішіне қарай үй карантиніне және карантиндік бөлімшеге диагностикалық мақсатта бақылауға жатқызылуда. Аудандағы инфекциялық жағдай толық  бақылауда дейді мамандар. Карантинік бөлімше ашылғалы бері  вирус жұқтыруы ықтимал  деген 106 адам, провизорлық бөлімшеде  95 адам диагностикалық мақсатта жатқызылыпты.  Тәжіндетке қарсы карантиндік бөлімшемен провизорлық бөлімшеде жұмыс істеп жатқан 42 медицина қызметкерлері  жатын орын және 4 мезгіл ыстық  тамақпен қамтылған. Өз өмірлерін қатерге тіккен мамандар президенттің тапсырмасына сай қосымша ақыларын алып, еңбектері бағаланды. Жалпы ауданда  коронавирус инфекциясының таралмауы үшін 5 блокбекеттер қойылып, тәулік бойы жұмыс атқарды.

Бәйдібектік ақ халаттылар өңірге  «атымтай жомарттығымен» де танымал. Бүгінге дейін аудандық аурухана ұжымының шапаратын талай жан сезінді. Аурухана басшысы Гүлдәрия Әбілдәбекқызының бастамасымен  ұжым аудандағы әлеуметтік тұрмысы нашар отбасыларға материалдық көмек көрсетіп келеді. Олар балаларға да үнемі базарлық жасауды ұмыт қалдырған емес. Ал ел басына күн туса қол қусырып қарап отырмайтын ұйымшыл дәрігерлер Мақтаарал ауданындағы бірнеше ауылды су басқанда да көмектерін аямай, қауіпті аймаққа барып,  су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Сондай-ақ дүниежүзілік донорлар күні қарсаңында  «Қан тапсырып-өміріңмен бөліс!» деген ұранмен өткен акцияда жергілікті медицина қызметкерлері  өз еріктерімен қан тапсырып,  адам өмірін құтқаруға өз үлестерін қосты.  Бәйдібектік ақ халаттылар пандемия кезінде де ісіне адалдықтарын танытты. Ұжым  жұқпалы аурулардың алдын алу үшiн киiлетiн қорғаныс киiмдерi мен бетперделердi  өз қолдарымен тігіп, қорғаныш киімі мен бетперде тапшылығын  жоюға ат салысқан. 

Ел басына түскен қиындықты осылайша бірге еңсеріп келе жатқан бәйдібектік мамандар тұрғындардың саулығы үшін аянбай етіп, тәж тажалға қарсы тұрып келеді.

А.ОҢҒАРБАЙ


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қағазбастылықтан арылған аурухана