Қорқытып бопсалау заңмен жазаланады

20170607191446.jpg

Түркістан облысы әкімдігінің Полиция департаменті қызметкерлеріне қояр басты талабы – тұрғындардың құқықтарын қорғау, заң аясында тәртіп орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Тәртіп сақшылары өздеріне жүктелген жұмыс барысында қорқытып ақша аудартқан деструктивті діни ағым ұстанушыны ұстады. 

Сайрам аудандық Полиция бөлімінің кезекшілігіне Сарыағаш ауданының тұрғыны арызданды. Жәбірленушінің айтуынша ол Сайрам ауданы тұрғынының жүк көлігін жалға алып, түрлі тұтыну заттарын өзге елдерге жеткізіп жұмыс жасап жүрген. Содан кезекті рейстен келгенінде жүк көліктің иесі «сен менің заттарымнан бөлек тауар сатып, ақша тауып жүрсің» деп жала жауып, өтеуі ретінде тез арада ақша аудар деп билік жүргізген. Жәбірленуші қорыққанынан оның банкоматына 400 мың теңге аударған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 389-бабы «Өзінше билік ету» бойынша тіркелді.

Орын алған оқиғаға тексеру жұмыстарын жүргізген полицейлер сол күні бірнеше сағатта Сайрам ауданының тұрғынын ұстады. Сондай-ақ, полицейлер күдіктінің діни-деструктивті ағымды ұстанушы екенін анықтады. Ер адам "қолхатта".
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 389-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын анықтап, күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға, басқаларға үстемдік етіп, өзінше билік еткендер «үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру» түріндегі қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қорқытып бопсалау заңмен жазаланады