Бір күнде 31 қару алынды
Түркістан облысының полицейлері "тіркелмеген атыс қаруын сатып алу" акциясының бірінші күнінде 31 дана қару алды. Оның ішінде 29-ы тегіс ұңғылы аңшы мылтығы болса, біреуі ойық ұңғылы, тағы біреуі шолақ мылтық.
Аталған шара еліміздегі күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн-форматта жүзеге асуда. Мәселен Сайрам ауданының тұрғыны өзінің атасынан қалған 2 бірдей 12 және 16 калибрлі аңшы қаруларын өз еркімен тапсырды. Қазіргі уақытта мылтықтар сараптамаға жіберілді, нәтижесінде азаматқа ақшалай қаражат төлеу туралы шешім қабылданады.
– Қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырғаны үшін мемлекет қарудың әрқайсысы үшін тиісті төлемін жасайды. Биылғы жылы іс-шара онлайн режимге ауыстырылса да, тұрғындардан белсенділігі байқалады. Оған қоса, қолындағы қару-жарақ заттарын тапсырғысы келген тұрғындар бізге келмей-ақ, арнайы 8-778-991-66-66, 8-775-287-16-37 телефоны немесе "102" нөміріне хабарласуына болады. Ал, сыйақы төлеу қару-жарақ заттарын тапсырған азаматтарды ұсынылған шоттарға аудару жолымен жүзеге асырылатын болады. Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады, – дейді ТО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков.