Тіркелмеген қаруын тапсырғандар құқықтық жауапкершіліктен босатылады

кару.jpg

Елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты көптеген іс-шаралар онлайн форматта өткізілуде. Соның бірі заңсыз айналымдағы қаруларды сатып алу акциясы. 1 шілдеде бастау алған шарада Түркістан облысының тәртіп сақшыларына тұрғындар тіркелмеген 146 қару тапсырған. Оның ішінде 128-і тегіс ұңғылы аңшы мылтығы болса, 18-і ойық ұңғылы қару.

Созақ ауданының тұрғыны Мақұлбек Серікұлы 12 калибрлі тегіс ұңғылы аңшы қаруын өз еркімен тапсырды. Ал, Жетісай ауданының тұрғыны Мағауя Ілімұлы тегіс ұңғылы 2 аңшы қаруын өткізді. Қазіргі уақытта мылтықтар сараптамаға жіберілді, нәтижесінде азаматтарға ақшалай қаражат төлеу туралы шешім қабылданады.

Ескерте кететін жайт, қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырғаны үшін мемлекет қарудың әрқайсысы үшін тиісті төлемін жасайды. Оған қоса, қолындағы қару-жарақ заттарын тапсырғысы келген тұрғындар Полиция бөлімдеріне келмей-ақ, арнайы 8-778-991-66-66, 8-775-287-16-37 телефоны немесе «102» нөміріне хабарласуына болады. Ал, сыйақы төлеу қару-жарақ заттарын тапсырған азаматтарды ұсынылған шоттарға аудару жолымен жүзеге асырылатын болады. Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Сондықтан, Түркістан облысы полицейлері тұрғындардан заңсыз сақтап жүрген ата, әкеңізден қалған, тауып алған тіркелмеген қарулары болса, тиісті органға тапсыруды ескертеді.