Сүндет РАХЫМБЕРДИЕВ: COVID-19-ды жеңген адамдарды донор болуға шақырамыз
Пандемия қоғам өмірін түнекке оранғандай эффект берді. Карантин режимі барлық салаға өзгеріс әкелді. Дамыған мемлекеттердің өзі адам өлімінің жоғары көрсеткішімен әлемдік БАҚ назарын бұруда. Медицинаның сапасынан тыс, халықтың жауапкершілігі де ескерілетін коронавирус инфекциясының таралуына шешімді дүниежүзі халықтары бірлесіп іздеуде. Коронавирустан айыққан адамның қанын келесі адамға құюдың иммун жүйесіне әсерін Шымкент қалалық қан орталығының бас дәрігері Сүндет Рахымбердиевпен сұхбат жүргізіп білмекке ұмтылдық.
– Сүндет Абдихаимұлы, бұған дейінгі басылымдарға берген бір сұхбатыңызда ДДСҰ мәліметіне сай 1000 адамға 40 донордан келу керек депсіз. Содан бері біршама уақыт өтті. Донорлыққа адамдардың көзқарасы өзгерді ме?
– Қазіргі уақытта аталған мәселені шешу бойынша ұлттық көлемде шаралар қабылданып жатыр. Медицина қызметкерлерімен бірге біз соңғы екі жылда қоғамдағы қан донорлығына деген қарым-қатынасты жағымды жаққа біраз өзгерте алдық. Аталған кезеңде өз еркімен тегін негізде 220 мың адам қан доноры атанды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта елімізде донорлар жетіспей отыр. Қазақстанда бүгінде бұл ара қатынас 1 мың адамға 12 донордан болып отыр. Бұл мәселені жалпы қабылданған әлемдік стандартқа келтіруге жұмыстар жасалуда.
– Қан тапсырудың ағзаға қандай пайдасы бар. Еріктілер жылында медициналық еріктілер тарапынан қан тапсыру акциялары ұйымдастырылды ма?
– Қан доноры болу – ерікті шара. Донорлықтың бұл түрі өте жиі қажет етіледі. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, бір рет қан өткізу арқылы адамдар орта есеппен үш адамға көмек көрсетеді. Тұрақты түрде қан тапсыратын адамдар қан тапсырмайтын адамдарға қарағанда инфарктпен 10 есе сирек ауырады. Қан тапсыру арқылы, сіз жүрек-қантамырлары жүйесін бекітесіз және ағзаның өзіндік жаңартылу қызметін қосасыз. Тұрақты түрде қан тапсыратын донорлар әдеттегі адамдармен салыстырғанда 5-8 жыл көп өмір сүреді және апаттар кезінде қан жоғалтудан неғұрлым шыдамды болып келеді. Қан тапсыру иммундық және тамақ қорыту жүйелері, ұйқы безі және бауыр аурулары, сондай-ақ атеросклероздың профилактикасы үшін керек. Ағзадан артық қанды шығара отырып, сіз ішкі мүшелеріңізді жеңілдетесіз. Осыған қоса, кандағы темірдің мөлшері жоғары болуы ағзаға зиянын келтіреді, ал қан тапсыру арқылы темір құрамын азайтуға болады.
– Пандемия кезінде орталық жұмысында қандай да бір кедергілер байқалмады ма?
–Пандемия – бүкіл әлемді әбігерге салған індет. Осыған байланысты Қалалық қан орталығына да өз кедергілерін тигізгендігі сөзсіз. Қан және оның компоненттерін дайындауға қажетті шығыс материалдары шет елден (АҚШ, Германия, Франция) келетіндіктен, еліміздегі карантин жағдайы уақытша логистикалық мәселелер туындатты, бірақ біртіндеп бұл мәселелер шешімін табуда.
Дәл осындай қиын кезеңде адамдардың дертке шалдыққанын жылдам анықтау – вирустың таралмауының алдын алады. Індетпен күресте дәрігерлер күн демей, түн демей халықты аман сақтап қалу үшін жан таласып еңбек етіп жатыр. Бірлігіміз мықты болса, карантин талаптарын сақтасақ бұл қиындықтан да өтеміз. Пандемияны жеңуге әрбір азамат төтенше жағдайдың талабын сақтай отырып, өз үлесін қоса алады. Халқымыздың дені сау, аман-есен болсын!
– Коронавирустан айыққан адамдарды донорлыққа тарту мәселесін әлеуметтік желіде қозғаған екенсіздер. Бұл үдерістің қандай пайдасы бар?
– Орталықта әлеуметтік желілерде, БАҚ-та, басылымдарда түсіндіру жұмыстары оң нәтиже беріп отыр. Бізге келушілердің саны күн сайын өсіп келеді. Плазманың бір донациясы осы аталмыш инфекциядан зардап шегетін екі науқастың жағдайын жеңілдетуге көмектеседі.
Бүгінгі күні Қалалық қан орталығы COVID-19-дан ауырып жазылған донорлардан иммундық плазма дайындаумен айналысатын Түркістан облысы және Шымкент қаласы аумағындағы жалғыз қан орталығы болып табылады.
Біз COVID-19-ды жеңген барлық адамдарды мұқтаж пациенттерге көмектесуге және иммундық плазманың донорлығына қатысуға шақырамыз.
Барлық қан донорларына қойылатын талаптардан басқа (жасы 18 және одан жоғары, салмағы 50 кг және одан жоғары, анамнезде онкологиялық аурулардың, В және С гепатиттерінің, АИТВ-инфекциясының және т. б. болмауы) иммундық плазма донорлары үшін іріктеудің бірқатар ерекше критерийлері бар: COVID-19 жұқтырғанын растайтын ПТР әдісімен зертханалық фактісі; - сауыққаннан кейін коронавирустан айықты деген ПТР әдісімен екі теріс зертханалық нәтиже; - кем дегенде 14 күн ішінде донордың COVID-19 клиникалық белгілері болмауы керек. Сонымен қатар, донорлыққа барынша жастар мен орта жастағы ерлер, сондай-ақ жүкті болмаған әйелдер жарамды.
Донация алдында әрбір донорда қандағы COVID-19 антиденелерінің және олардың титрінің болуы анықталады. Плазманы тапсыру үшін антиденелердің титрі жеткілікті жоғары болуы және шекті деңгейден асуы керек. Өкінішке орай, иммундық плазманың доноры болғысы келетіндердің барлығы бұл критерийге сәйкес келмейді. Көптеген жарамды донорларда антиденелер титрі жеткіліксіз.
Сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың (жеке куәлік, паспорт) болуы міндетті. Бұдан басқа, донордан иммундық плазманы донациялауға ерікті түрде хабардар етілген келісім алынуы тиіс.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша иммундық плазманы құю тәжірибесі тек клиникалық пайдалану үшін енгізілгендіктен, COVID-19 диагнозы қойылған пациенттерді емдеу барысындағы әсері туралы айтуға әлі ерте. Бірақ COVID-19 донордан алынған плазманы қолдану тәжірибесі жақын және алыс шетелдердің бірқатар елдерінде сенімдірек нәтижелерді көрсетеді - ауру симптомдарының айқындылығы азаяды, емделушілерді емдеу мерзімдері қысқарады, өлім-жітім азаяды.
Мұндай плазмаға қажеттілік бар. Біздің орталықта дайындалған компоненттер COVID-19 пациенттері емделетін қалалық және облыстық клиникаларға берілді. Иммундық плазманы басқа қан компоненттері сияқты беру стандартты рәсім болып табылады және медициналық мекеменің өтініміне сәйкес жүзеге асырылады.
–Орталықта шымкенттік коронавирустан айыққан адамдардың донор болу факторы орын алды ма?
–Иммундық плазма донорлығына қатысу үшін маусым айының басынан бастап бізге хабарласа бастады. Қазіргі уақытта бізге COVID-19-дан ауырып жазылған 11 жарамды донор келді. Олардан 33 доза плазма дайындалды.
– Пандемия кезінде қан орталығында донор тапшылығы байқалды ма?
–Еліміздегі пандемия жағдайы орын алғанға дейін орталықта күніне 100-ге жуық адам қан тапсыратын. Бүгінгі күнде бұл көрсеткіш 30% төмендеген. Өткен жылы жалпы 26 мыңдай адам донор болған. Негізінен адамдар өтеусіз негізде қан беріп, сырқат жандарға көмек көрсеткісі келеді. Мұндай адамдардың үлесі 80 пайызға жуықтайды. Бірақ ақылы негізде қан тапсыратындар да бар. Олар жасуша донорлары, яғни бұл жерде адамның денсаулық жағдайының маңызы зор. Олар 20 мен 40 жас аралығындағы ер адамдар және сирек қан топтарының донорлары. Дегенмен, біз өтеусіз донорлықты дамытып жатырмыз, бұл бүкіл әлемдегі алтын стандарт. Биылғы жылы жоспар бойынша 30 мың донация жүргізілмек.
–Қан орталығында өндіріліп жатқан қан компоненттері халықаралық стандарт критерилеріне сәйкес пе?
- Қалалық қан орталығы Қазақстандағы орталықтардың ішінде ең алғаш болып 2010 жылы Халықаралық стандарт МС ИСО 9001-2008 халықаралық үлгідегі сертификатын алған бірегей мекеме. Ал 2017 жылы сапа менеджменті жүйесінің МС ИСО 9001-2015 халықаралық үлгідегі сертификатын, сонымен қатар 2017 жылы ұлтық аккредитациядан өтіп, 1-санат бойынша сертификатын алған. Сол себепті Қалалық қан орталығында өндіріліп жатқан барлық компоненттерін толықтай халықаралық стандарт критерилеріне сәйкес.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен: Е. БӨРІ
Бөлісу тақырыбы: Сүндет РАХЫМБЕРДИЕВ: COVID-19-ды жеңген адамдарды донор болуға шақырамыз