Карантин талаптары мен тұрғындардың құқықтарын түсіндіру жүйелі жүргізілуде
Түркістан облысы әкімінің тапсырмасы бойынша Полиция департаментіне қарасты барлық қала, аудандық полиция бөлімдері мен басқармалардың қызметкерлерінен мобильдік топтар құрылып, карантин талаптарын сақтау мақсатында рейдтік құқықтық ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 5 шілдеден бастап Қазақстан аумағында қатаң карантин шараларын енгізу туралы қаулысы жарияланғаны баршамызға белгілі. Осы бағытта Түркістан облысында мобильдік топтар өздерінің аудан аумағындағы азық-түлік дүкені, асхана, кафе, шаштараз, автожуу орындары, спорт кешендері, ойын-сауық орталықтары және қоғамдық көлік жүргізушілері мен жолаушылар, жалпы адамдар көп шоғырланатын жерлерде карантин талаптарын сақтау қажеттігін қатаң ескертіп, тиісті жұмыстарын атқаруда. Кәсіпкерлерге санитарлық режимді сақтау қажеттігі ескертілуде. Ал, қоғамдық орындарға келуші тұрғындарға үнемі бетперде мен қолғап, антисептик секілді санитарлық құрал-жабдықтарды қолданып жүру тиістілігі айтылуда. Оған қоса тәртіп сақшылары сенбі-жексенбі күндері барлық нысандардың өз жұмыстарын тоқтатуын бақылауда ұстауда. Бүгінгі таңда күн сайын Түркістан облысы ПД патрульдік полиция тобының қызметкерлері дыбыс күшейткіш құралдары арқылы көше-көшені аралап, облыс тұрғындарын санитарлық қауіпсіздік шаралары мен шектеулерді сақтауға шақыруда. Облыстық полицейлер тарапынан ірілі-ұсақты құқықбұзушылықтың алдын алу, мақсатында түнгі уақыттағы рейдтік жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Бөлісу тақырыбы: Карантин талаптары мен тұрғындардың құқықтарын түсіндіру жүйелі жүргізілуде