Қуат ҚЫЛЫШБЕКОВ, дәрігер, ақын: Медицинаны дүние табу үшін емес, Алланы тану үшін оқып келемін

Screenshot_1.jpg        

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Қуат Қылышбеков - Шымкент қаласының тумасы. Жалпы тәжірибелі дәрігер қазір үшінші мегаполистегі №8 емханада қызмет етіп жүр. Түркістан қаласындағы  Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі.  Сұхбаттасым Қуат  жас та болса өжет әрі ерекше дәрігер.  Өжет дейтін себебім ол қарусыз майданда қаладағы «Шапағат» провизорлық орталығында коронавирус пен пневмонияға шалдыққан науқастарды емдеп, індетпен күресті. Ал Қуаттың ерекшелігі ол жәй ғана дәрігер емес, ол  қара сөзді өлең қып өре білген талантты ақын, «Жасуша ішіндегі жалғыздық» жыр жинағының авторы. Қолына стетоскоппен қатар қаламды қатар ұстап жүрген жанмен әңгімелесудің сәті түскен болатын. 

- Қуат Дәуренұлы, дәрігердің ақын болғаны қызық екен. Негізінен қай салаға қызығушылығың басым?

- Ақындық Алладан берілетін қасиет. Бұл дарынның  бойды жарып шығуына кітапқұмарлығым себеп болса керек. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде поэзияға, әдебиетке деген қызығушылығым арта түсті.  Қазақ классиктерінің туындыларын  жастана жатып оқыдым. Жәй ғана оқып қоймай олардың шығармашылығын зерттеуді ұнаттым. Осылай келе ақын болғанымды өзім де сезбей қалдым. Тіпті ақын боламын деп те ойлаған емеспін.  «Ақындықты қалап болды деймісің» атты өлеңімде мынадай жыр шумақтары бар: Қалай, 

Қайтіп түзе алармыз бұл елді, 

Жазықсыздан жабырқаулы гүл өлді... 

Осындайды көре-көре өмірден, 

Аллам өзі Ақын қылып жіберді!!!  

Жалпы қоғамдағы  жаныңа жат әрекеттерді көргенде лажсыздан қолға қалам алады екенсің. Сол секілді  дәрігер боламын деген ой да үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Бірақ дәрігер мамандығын алып шыққаныма еш өкінбеймін. Қайта керсінше халыққа пайдам тиіп жатқанына қуанамын.  

- Біз үшін медицина мен әдебиет үш қайнаса сорпасы қосылмайтын екі бөлек дүние. Ал сен осы салалардан қандай ұқсастық таптың? 

- Ұға білген адамға медицина мен әдебиет  бір-біріне бөтен сала емес. Керісінше екеуі бірбүтін дүние деуге болады. Оқырмандар бұл қалай деп ойлауы мүмкін? Ойлап қараңыз, бүкіл ғаламдағы болып жатқан өзгерістер  адамның ағзасында да болып жатыр.  Өмір тоқтап қалмайды,   тіршілік жүріп жатыр. Сол секілді адам ағзасындағы бүкіл орган тоқтаусыз жұмыс істейді.   Осыған  үңіліп, мән берген адам мен секілді мұны  көре біледі, сезе біледі.  Сол көргенімді мен тек  қағазға түсірудемін.  Жыр жинағымның атауы да сол себепті   өзгешелеу шығар.  Жалпы менің өлеңдерім ешқандай ақынның шығармасына ұқсамайды. Мен қазақ әдебиетіндегі толыққанды медицина тақырыбында  өлең жазатын тұңғыш ақынмын деп айта аламын. Кітап үш бөлімнен тұрады. Біріншісі «Жүрек көзінен тамған У» деп аталады. Дәл осы тарауда медицинаға арқау болған жырлар жинақталған. Екінші «Азапты ойлар арылмас» деген бөлімде түрлі тақырыптағы туындыларым басылған. Үшінші бөлім  «Аритмия» деп аталады. Медицина тілімен түсіндіргенде жүрек ырғағының бұзылуы деген мағынаны береді. Мұнда албырт, жалындап тұрған жастық шақтағы сезімнен туған жырлар, махаббат, көңіл-күйді білдіретін өлеңдер жарияланды. Басым бөлігі студенттік жылдары «дүниеге келген».

- Тәжвирус жер бетін әбігерге салады деп кім ойлаған? Індеттің қайнаған ошағы -  провизорлық орталықта жұмыс істеу  сен секілді жас маманға оңай болмаған шығар... 

- Бұл індет кімге оңай соқты, кімді аяды дейсіз?!  Міндетің адамдарды емдеу болғасын қандай жағдайда  болсын өз ісіңе, антыңа адалдық танытуың  керек.  Қалада вирус жұқтырғандар  саны күрт көбейгесін емхана басшылығына  «Шапағат»  провизорлық орталығын ашуға тура келді. 100 төсек орынға лайықталған орталыққа алғашқыда күніне 20-25 науқасқа дейін түсіп жатты.  Не керек, госпиталь 5-6 күнде науқастарға лық толды. Әрине қолдан келер көмекті аямадық. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген әріптестерімнің ерен еңбегінің арқасында күніне 10-15  сырқатқа дейін сауықтырып,  үйлеріне шығарып жаттық.  Мұндай сұмдық жағдайға еліміздің медицинасы  дайын болмағаны  рас. Бір жұтым ауаға зар болған пациенттерімізге оттегі аппартаттары жетіспеді. «Жығылғанға жұдырық» демекші, осындай сын сағатта халыққа демеу болудың орнына бас пайдасын ойлаған дәріхана иелерінің дәрі бағасын 20 есеге дейін қымбаттатқаны қатты жаныма батты.  260 теңге тұратын қарапайым аскорбин қышқылының  5 мың теңгеге дейін өскені  адамгершілік, мейірімнің жоғалғаны деп түсіндім.  Дертті болған кейбір науқастарымыздың сол дәріні алуға ақшасы болмай, шарасыз күйге түсті. Дәріхана иелері халықтың көз жасынан қорықпады. «Көп асқанға бір тосқан» болары сөзсіз еді. Қателеспесем 10 күннің ішінде 136 дәріхананың үстінен қылмыстық іс қозғалды.  Билік өкілдері жағдайды реттеген соң  батпандап кірген ауру саябырси бастады. Біздің провизорлық орталық та  науқастардың жоқтығына байланысты жабылды. Қазір емханада бұрынғыдай қалыпты жұмысымызға кірістік. 

- Пандемия кезінде ауырған адамдар да, аурудың алдын алғысы келгендер де ем ретінде антибиотиктер қабылдады. Бәлкім елімізде дәрі жетіспеушілігінің туындауына халықтың осы антибиотиктерді шамадан тыс қолдануы да себеп болған шығар.  Бұл артық қыламын деп тыртық қылудың кебі емес пе?

- Дәріні мөлшерімен қолдансаң ем, артық ішсең у болады.  Сол секілді антибиотиктерді де артық тұтыну денсаулыққа зиян. Ол  - адамның иммунді жүйесін әлсіретіп жібереді.  Бұл препараттарды  тек дәрігердің тағайындауы бойынша қабылдауға болады. Өйткені дәрігер науқастың ауруы қаншалықты асқынғанын, иммунитетінің шама-жарқын тексеріп барып, антибиотиктің қажетті мөлшерін ғана қабылдауға рұқсат береді.  Коронавирусқа қосымша ем ретінде біз науқастарға антибиотиктерді вирусқа қарсы препаттармен қоса бердік. Бұл сырқаттардың жазылып кетуіне көмек болды. Ал өз бетінше үй жағдайында антибитиктерді қабылдауға мүлдем болмайды.  Ел ішінде кең танымал антибиотик -цефозолинді аямай салдыртқан адамдарды да көрдік.  Айтып кетейін, цефозолин  коронавирусқа ем болмайды. Әр адамның ағзасы әртүрлі. Біреулер антибиотиктерді мүлдем көтере алмауы мүмкін, енді біріне аллергия беруі мүмкін. Дәрі-дәрмекті  бейберет ішу денсаулығыңызды одан сайын нашарлатуы мүмкін. Сондықтан дәріні, әсіресе антибиотиктерді өз беттеріңізше қабылдамаңыздар.   Ол өте қауіпті.     

86501662_771540199999203_7801755054632861696_n.jpg

- Мейлі қандай ауру болсын диагнозын есту науқасқа оңай соқпасы анық. Ал жазылмас дертке душар болғандарға мұны жеткізу тіпті қиын. Ал сен қалай ойлайсың, науқастан диагнозын жасырған  дұрыс па?

- Ауыр диагнозды науқасқа айтпаған дұрыс деп есептеймін. Дәрігер онсыз да айықпас кеселге ұшыраған адамға "сізде қатерлі ісік бар" десең төбесінен жай түскендей болмай ма?!  Менің бір сүйікті әпкем дәл осындай қатерлі дертке душар болды.  Диагнозын өзіміз түгілі дәрігерлер де айтуға рұқсат бермеді. Санаулы ғұмырында ол жаман  дерттің өзіне жабысқанын білмей кетті.  Егер білгенде одан да ауыр халге түсіп, депрессияға ұшырайтын еді. Сол секілді мұндай  айтуға ауыз бармайтын диагнозды науқастың өзіне білдіртпеген дұрыс шығар.  Дегенмен  кейде пациенттің де, туыстарының да жағдайына қарау керек.  Егер дәрігер білікті, көргенді маман болса алдымен  науқастың туыстарымен сөйлесіп, жағдайды бақылап көреді. Сырқат бұл жаңалықты қалай қабылдайды, мұны көтере ала ма, туыстары оған демеу бола ма деген секілді сұрақтардың жауабын білген соң барып, шешім қабылдауы керек. Кейде шындықты айтқызбасыңа қоймайтын пациеттер де болады.  Диагнозын нақты білмегесін немесе жеңіл-желпі деп ойласа дәрігердің тағайындаған дәрісін ішпей, емді толыққанды қабылдамауы мүмкін. Мұндай кезде  жасырғаннан пайда жоқ. Қорыта айтқанда қатып қалған қағида жоқ. Диагнозды айту, айтпау дәрігердің білімі мен шешіміне байланысты. 

- Канадалық дәрігерлер психикалық аруы бар, диабет пен қан қысымы жоғары  емделушілерге  мұражайға баруға кеңес береді екен.  Шетелде мұндай арт-терапия кеңінен тараған. Ал біздің елде арт-терапияның қолдану аясы қай деңгейде? Пациенттеріңізге осындай кеңес беріп көрдіңіз бе? 

- Жалпы адам музейге барған кезде  жаны жайланып,  әсем  күйге  бөленеді. Уайым-қайғысын бір сәтке болсын ұмытып, жүйкесі  тынышталады.  Арт-терапияның пайдасы бар. Алайда бұл процедураны біздің пациенттерге  қолдануға әлі ертерек деп есептеймін. Себебі  біздің халық музейге, спектальге жиі  баратын халықтың қатарына жатама? Жоқ, әрине.  Канададағы өмір сүру салты біздікінен бір басқа.  Сондықтан  біздің пациенттерге музейге барып «емделіңіз» деп кеңес айту дәл қазір құлаққа оғаш естіледі. Елімізде мұндай терапияның кең тарауына,  оны қабылдайтын сана-сезімнің жоғарылауына  біршама уақыт керек.  Ал жалпы арт-терапия немесе басқа да емдік шара болсын, ең алдымен дәрігер науқастың тәнін емес, жанын емдеуі тиіс. Жылы сөз –  адамға күшті иммунитет болып табылады. Өкінішке қарай, біздің ақ халаттылардың бойына осы қасиет жетіспей жатады.  

- Ақындардың жүрегі нәзік келеді дейді. Осы қасиет ақ халатыңа кедергі келтіріп жүрген жоқ па? Немесе жұмыс барысында  эмоцияға жиі ерік бересің бе?  

- Жұмыс болғасын неше түрлі пациенттерді көресің, сан қилы тағдырларға куә боласың. Кейде  науқастарға жаның ашиды. Алайда мен өте сабырлы адаммын. Жұмыс барысында эмоцияға берілмемін. Дей тұрғанмен бұл дәрігердің қатал болуы керек деген сөз емес. Біле білсеңіз, дәрігердің жүрегі құстың жүрегіндей жұмсақ болу керек. Сонда ғана дәрігер бола алады. Тек эмоциясын игере отырып, науқасқа шын көмегін көрсетсе болғаны. 

- Фейсбук парақшаңда «Мен медицинаны дүние табу үшін емес, Алланы тану үшін оқып келемін» депсің.  Айтшы, медицина арқылы Алланы қалай танып-біле аламыз?

- Бұл өте ауқымды сұрақ. Сізге бір-екі ауыз сөзбен түсіндіру өте қиын. Бір ғана мысал айтайын. Сіз осы күнге дейін өз жүрегіңізді зерттеп көрдіңіз бе?  Екі қарынша мен екі жүрекше 24 сағат бойы  бір секунд та тоқтамай  үздіксіз қызмет атқарып жатыр.   Егер соның біреуі паталогиялық өзгеріске ұшыраса  адамның өмірі қиын жағдайда душар болады. Яғни ауырады. Дәрігерлер аурудың себебін анықтап,  диагноз қойып,  емдейді. Ал осы  өзінен өзі автоматты түрде  тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған жүректі кім жаратты? Мен емес, Сіз емес, Ол да емес.  Әрине Құдай.  Осыған қарап-ақ Алланың шексіз ғылым иесі екенін, шексіз құдірет иесі екенін мойындамасқа, таңырқамасыңа лажың қалмайды. Қазақтың талантты ақыны  Қадыр Мырзалиев бір өлеңінде:  «Тұлпарлар өтеді артынан шаң қалып, ақындар өтеді  бәріне таң қалып» дегені бар.  Сол айтпақшы  медицина тек таңданыстан тұрады. Мен жоғарыда тек жүректі айттым. Ал одан өзге адам ағзасында бір-бірін қайталамайтын, әрқайсысының өзіне тән фунциясы бар  мүшелер өте көп. Сондықтан мен медицинаны ғажайып дүние дер едім. 

- Жақында қазақ тілі мен әдебиеті саласы бойынша диплом алыпсың.  Бұл дәрігерлікті қойып, түбі педагогика саласына бет  бұрасың деген сөз бе? 

- Қазақ тілі мен әдебиеті  ғылымын қуып, профессор атанып,  үлкен университетте лекция оқу  менің бала күнгі арманым болатын.  Сол арманыма қадам жасадым. Бірақ менің тағдырым медицинаға қарай ойысты. Ол үшін өкінген емеспін және ақ халатымды үстімнен тастамаймын.  Ақын болу үшін  міндетті түрде  әдебиет саласында жұмыс істеу шарт емес.  Оған дәлел дәрігер болған орыстың атақшы жазушысы Антон Чехов, қазақтың біртуар тұлғасы Зейін Шашкин де керемет шығармалардың авторы бола тұра адамдарды емдеп өтті.  Жырлары әр қазақтың көкірегінде сайрап тұрған Мұхтар Шаханов ағамыз да тракторшы емес пе?  Айтпағым, медицинада  қызмет етіп жүрсем де, поэзиядан қол үзбек емеспін.    

- Шынайы сұхбатыңа рахмет!

  Әңгімелескен: Айнұр АСАНҚЫЗЫ