Талғат ҚАЛДЫБЕКОВ, Созақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері: Кітап оқу қателіктерден қорыты

Screenshot_1.jpg

- Талғат Әлішерұлы, қарт Қаратаудың етегінде созылып  жатқан ауданда бүгінде 52 мыңнан астам халық қонықтанған.  Осыншама тұрғынға медициналық қызмет көрсететін аурухананың бүгінгі жай-күйімен таныстыра кетсеңіз?

- Ауруханамыздың құрамында емхана, 1 бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығы, 9 дәрігерлік амбулатрия, 4 фельшерлік-акушерлік пункт, 13 медицина бекеті және жедел-жәрдем бөлімі бар.  Мекеменің жыл сайын қызмет көрсету аясы кеңейіп келеді. Айталық биылғы  жылдың  7 айында  ақ халаттыларымыз 96899 қабылдау  жасады. Оның ішінде 995 қабылдау үй жағдайында атқарылды. Ал бұл көрсеткіш былтыр 136647-і құраған болатын.  Стационарлық көмекті күшейту мақсатында ауруханамызда 108 орындық күндізгі станционар бөлімі ашылған. Мұнда жыл басынан бері 1083 науқас емделіп шықты.  Ал  256 орындық тәуліктік стационарда 3968 пациент дертінен айығып шықты.     

   Аурухананың материалдық базасына тоқталар болсам нысанның  медициналық құрал жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші бүгінгі таңда 68,2% көрсеткішті көрсетіп отыр. Барлық медициналық  құрал-жабдықтар жұмыс істеп тұр. Дегенмен олардың  басым бөлігінің ескіргенін жасырмаймын.  Былтыр біраз жаңа қондырғыларға қол жеткізген едік. Атап айтқанда жаңа туылған шақалақтарға және балаларға арналған өкпені жасанды желдету апппараты, лапароотаға арналған эндоскопиялық хирургиялық  құралдар мен бейнежиынтық, наркозды-тынысалу аппараты, соңғы үлгідегі маммография қондырғысы және т.б бас-аяғы 12 медициналық жабдық алынды. Сондай-ақ 2  Largus жедел жәрдем жеңіл автокөлікке ие болдық.  Алдағы уақытта материалдық базамыздың қамтамасыз етілуін 75  пайызға жеткізуді мақсат етіп отырмыз.  

- Қазір пациенттердің қағаз арқалап, дәрігердің алдында сағаттап кезекте тұруы біртіндеп жойылып барады. Ал сіздерде ше? 

- Заман көшінен біз де қалыс қалмай келеміз. "Кешенді медициналық ақпараттық жүйесі" (КМАЖ)  бағдарламасы бойынша қолға алынған пилоттық жоба аясында медициналық құжаттардың 87 пайызын электронды үлгіге өткіздік. Өздерініңз білетіндей цифрлы жүйені қолдану үшін ең алдымен сапалы интернет қажет. Осы орайда ауруханамыз жоғарғы  технологиялы  интернет желісімен толықтай  қамтылды. Қазіргі таңда шалғайда жатқан  елді мекендерге, атап айтқанда Қарағұр,  Созақ,  Сызған,  Жартытөбе,  Құмкент  ауылдарына интернет желісін  тарту  жұмыстары  жүргізілуде.  Ауданда Egov.kz электрондық үкімет сайты арқылы онлайн режимде дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру жүзеге асырылуда. Халыққа қолайлы болу үшін және Egov.kz электрондық үкімет сайты процесін жеделдету мақсатында адаптерлер сатып алынды.

- Созақ оңтүстіктегі шалғайда жатқан аудандарың бірі. Тұрғындар кейде облыс орталығына, Шымкент қаласына келіп емделіп жатады. Аудандық аурухананың жергілікті науқастарды сыртта емдетпеуге мүмкіншілігі бар ма? Жалпы мұнда ауыр диагноздарды емдеп жазуға база мен дәрігерлердің біліктілігі жете ме?

- Дұрыс айтасыз. Біз мүмкіндігімізше емделушілерді өзімізде аяққа тұрғызуға тырысудамыз. Осы мақсатта аурухана ішінен   13 төсек-орынға арналған қайта оңалту  бөлімі ашылған.  Оның ішінде -3төсек орын кардиологияға, 3төсек орын неврология, 1төсек орын балалар неврологиясына, 3төсек орын паллиативті көмекке, 3 төсек орын травмотологияға арналған.  Бізде  біліктілігі  жоғары санатты дәрігерлер жетерлік деп айта аламын. Денсаулық сақтау саласы қызметкерлері әр бес жыл сайын кәсіби біліктілігін жоғарылатып, мамандығы бойынша сертификат алып отырады. Яғни олардың біліктілігіне шүбәміз жоқ. Күрделі ауыр диагноздармен ауыратын науқастарды емдеп жазуға  мамандарымыз  бар ынтасымен қолынан келгенше көмек көрсетуде.

- Ауруханада жылына неше ота жасалады және жиі жасалатын ота түрі қайсы?

 - Былтырғы жылы жалпы 719 адамға  ота жасалды. Ал жыл басынан бері  459  операция жасалынды. Оның ішінде жиі жасалатындары: аппендицит, жүкті әйелдерге кесар тілігі және холецистоэктомия.

- Маман жеткілікті ме?

- Ауруханада 128 дәрігер, 525 орта буын медицина қызметкерлері еңбек етеді. Олардың ішінде 14 дәрігер жоғарғы санатты болса, бірінші санатты  дәрігерлер саны - 17, ал екінші санатты 11 дәрігер бар және  медбикелер саны 108. Онколог, кардиолог және балалар эндокринологы жетіспейтіні рас. 

- Ауданның эпидемиологиялық ахуалына тоқтала кетсеңіз. Індет теріскей жұртына қаншалықты ауыр соқты?

- Ауданы бойынша  пневмония диагнозымен 2403 науқас тіркелген. Оның ішінде 495 адам провизорлық госпитальде емдік іс -шаралар қабалдауда.  Науқастардың  жағдай қазіргі таңда жақсарып келеді. Ағымдағы жылдың 3-ші шілдесінде  №265 бұйрық негізінде аудан бойынша №14  мобильді топ құрылды.  Мобильді топтың басты мақсаты өңірлердегі коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың асқынуына байланысты халыққа үй жағдайында қызмет көрсету. Топ құрамында жергілікті аймақ дәрігерлер мен  мейірбикелер және әлеуметтік қызметкерлер яғни, психологтар бар. Мобильді топ құрылған уақыттан бастан қазіргі күнге 9000-ға жуық науқасқа медициналық көмек үй жағдайында көрсетілді. Бұл шамамен күнделікті 300 науқасқа тең. 

Screenshot_2.jpg

- Індет күшейген тұста тұрғындар дәрі таппай ал ауруханада тыныс алу  аппараттары жетіспей біраз азаматтың бақилық болғаны жасырын емес.  Ауданда мұндай проблемалар кездесті ме?

- COVID-19 инфекциясы белең алмай тұрып аудандық ауруханада 3 дана Өкпені жасанды желдету(ИВЛ) аппараттары және 2 дана оттегі концентраторы болған. Кешегі қиын қыстау кезеңде аурудың қатты өршіген сатысында ауданымыздың жеке кәсіпкерлерінің қайтарымсыз көмегі ретінде 25 дана оттегі концентраторы және 14дана импульстік оксиметр сыйға берілген. Қажетті аппараттар мен дәрі дәрмектер қорының жеткілікті болуына байланысты, ешқандай қиындық туындамады деп айтуымызға болады. Осы ретте дәрігерлерге демеушілік көрсеткен барлық қайырымды жандарға алғысымды білдіремін. 

- Өз өмірлеріне қауіп төніп тұрғанын біле тұра, індетпен күрескен ұжымыңызға айтар сөзіңіз

- Коронавирус бізді бұрын өз жұмысын үнсіз ғана атқарып келген дәрігерлермен таныстырды. Ал қазіргі кезде біз олардан күн сайын жақсы ақпарат күтіп елеңдеп отырамыз. Бізге науқастардың күнделікті жақсарып келе жатқандығын,  онымен қалай күресу қажеттігін айтса екен деп күтеміз. Бүгінгі күні ақ халатты абзал жандар өз жандарын тәуекелге тігіп, үйлеріне бармай,  бала-шағасын көрмей, күн-түн демей ауыр қасіретпен күресіп жатыр. Бұл індетпен күресіп жатқан әр бір медицина қызметкерін мен батыр деп санаймын. Қиын кезде таңның атысы, күннің батысы демей қарусыз майданның алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Адамзат денсаулығын басты орынға қойып, қажымай – талмай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың өздерінің денсаулықтары да мықты болсын деп тілеймін.

- Созақ ауданында түйе шаруашылығы жақсы дамығанын білеміз. Қазір вирусқа ем екен деп ел ішінде қымыз бен қымыранды ішушілер көбейді. Аталған ұлттық сусындардың короновирус пен пневмония дертіне шынымен де шипасы бар ма? 

- Қымыз бен қымыран— қазақ халқының ежелден бері келе жатқан сусындары. Олар шөлді қандырып қана қоймай, емдік мақсатта да пайдаланылатын болған. Қазіргі таңда қымыз бен қымыранның адам денсаулығы үшін қаншалықты пайдалы екенін дәлелдейтін ғылыми жұмыстар да жетерлік Бүгінде желіде коронавирустың алдын алуға арналған түрлі әдіс пайда болған. Солардың бірі - қазақтың ұлттық тағамдары, қымыз, қымыран ішу керек. Себебі аталған тағамдар иммунитеттің мықты болуына септігін тигізеді. Иммунитет дегеніміз -  ағзаңыздың кез келген ауруға төтеп бере алу қабілеті ғой яғни, адам организімінің қорғанышы болып табылады.  Сол сіз айтып отырған қымыз бен қымыран  біздің иммунитетімізді көтереді. Ұлттық тағамдардың қолдануға толерантты түрде қараған дұрыс. Себебі құрт, қымыз, шұбат, айран секілді тағамдардың пайдалы екенін дәлелдейтін бірнеше факт бар. Мысалы қымызда пайдалы ферменттер бар. Жылқы сүтінде С, В1, В2, В12 дәрумендері және фолий қышқылы бар. Бірақ бұл коронавирустан толық емделіп кетесіз деген сөз емес. Оның жалғыз өзін емдеуде қолдана алмаймыз. Құрт жесең, айран ішсең коронавирус жұқтырмайсың деген сөзде жалған.  Сіздің иммунды жүйеңіз жоғары болса барлық дертті жеңіп шығасыз.

- Күзде пандемияның екінші толқыны болады деп болжануда. Созақ аудандық ауруханасы бұған қаншалықты дайын?

- Қауіпсіздік үшін ең әуелі дәрі-дәрмектің қоры жасақталуда.  Қазір елде дәрі тапшылығы жоқ. Қиындық коронавирус жұқтырғандар санының күрт және болжамнан тыс өсуіне байланысты маусым айының соңы мен шілде айының басында ғана туындаған болатын. Бұл мәселені шешу үшін шұғыл шаралар кешені жасалған. Қазір аурухананың негізгі күш-жігері медицина қызметкерлерінің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және медициналық көмек алу кезінде пациенттердің қауіпсіз болуына бағытталған. Медицина қызметкерлері барлық қажетті жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұдан басқа, аурудың мүмкін болатын жаңа толқынына – күзгі кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізілуде.

- Пандемиядан адамдар  қандай сабақ алды, ал дәрігерлер ше? 

- Бұл пандемия адамзат баласына біраз нәрсені үйретті. Науқастар жеке бас гигиенасының маңызды екенін, түшкіру әдебін, бейбіт өмірдің мәнін түсінді және өздері үшін аянбай еңбек етіп жүрген дәрігердің қадірін түсінді. Ал дәрігерлер өз қызметтік  міндеттемелеріне бейжай қарамай, пандемия кезінде шыңдала түсті деп ойлаймын. 

- Ақ халатты абзал жандарға қандай кітап оқуға кеңес бересіз?

- Бүгінгі таңда медицинадағы  шалалық, таяздық кітап  оқымаудан деп айтады. Жалпы қоғамда кітап оқу процесі төмендегенін көріп отырмыз. Медицина саласында жазылған кітаптың дені орыс тілінде. Медицинаның тілі ауыр,  атау, терминдері көп болған соң  қазақ тілді кітаптардың өзін түсініп оқу үшін көп күш жұмсауға тура келеді. Дегенмен, екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу жеткіліксіз. Сондықтан мен әріптестерімен мынадай кітаптарды оқуға кеңес берер едім. Михаил Булгаковтың «Записки юного врача», «Морфий», «Собачье сердце» атты шығармалары медицина саласына арналған тамаша туындылар. Шығармада жас дәрігердің тәжірибелері, сонымен бірге оның есірткіге тәуелді өмірі суреттелген. Ал, келесі шығарма «итті адамға айналдыру» жолындағы эксперимент туралы.  Булгаковтың осы екі шығармасы болашақ дәрігерлер үшін жақсы сабақ.  Андрей Ломачинскийдің «Криминальные аборты», «Рассказы судмедэксперта», «Курьезы военной медицины и экспертизы» шығармалары дәрігерлердің көңілінен шығатын қызықты әрі  онда тәжірибеде жиі кездесетін фактілер көрсетілген.  Артур Хейлидің «Окончательный диагноз» атты шығармасы да дәрігерлерге азық болар туынды. Бұл реалистік тұрғыда жазылған шығарма. Оқиға желісі дәрігердің қателіктері үшін көз жұмған науқастар жайында өрбиді. Адам өміріне бей-жай қарайтын дәрігерлердің тәжірибесі көрсетілген. Сондай-ақ  Федор Угловтың  «Сердце хирурга», «Под белой мантией»  туындылары да өте қызықты. Әлемге әйгілі хирург дәрігер, профессор, ғылым докторы  Федор Углов 103 жасқа келіп көз жұмады. Танымал хирургтың туындысын  кез-келген дәрігер күнделікті жұмысында пайдаланатын көмекші кітап дер едім. Хирург дәрігерлер міндетті түрде оқуы тиіс кітап. Кітап оқу қателіктерден қорытынды шығаруға үйретеді. 

- Қай дәрігерді үлгі тұтасыз?

- Қазақтың әйгілі шипагер ғалымы - Өтеубойдақ Тілеуқабылұлын үлгі тұтамын.  Өзінің төл тәжірибесіне сүйеніп, осыдан 5 ғасырдан бұрын жазған медициналық ғылыми еңбегі –«Шипагерлік баян» күні бүгінге дейін құндылығын жоғалтқан жоқ. Сондай-ақ  медицина ғылымының негізін қалаушы – Әбу Әли Ибн Сина да мен үшін құрметті.

- Сұхбатыңызға көп рахмет!

Әңгімелескен Айнұр АСАНҚЫЗЫ