Ұлжанат ЖҰРЫМБЕТОВА: Сабырсыздық - сырқат себеп
Ұлжанат ЖҰРЫМБЕТОВА, «Атакент» Мақтаарал аудандық ауруханасының бас дәрігері:
– Ұлжанат Серікбайқызы, індет тараған тұста аурухана қызметкерлері міндетін қалай атқарды? Елімізде күшейтілген карантин режимі сақталған сәтте ауданда су тасқыны орын алғаны белгілі. «Жығылғанға жұдырық» демекші бұл оқыс оқиға аурухана жұмысына қаншалықты әсер етті?
– Елімізде індет наурыз айынан бастап етек алғаны баршаға аян. Сол сәтте карантин режимі енгізіліп , ауданда шұғыл штаб құрылды. Денсаулық сақтау басқармасынан 100 төсек орындық обсервация ашуға бұйрық берілді. Қаулыға байланысты талапқа сай Аграрлық коледждің жатақханасын әкімшілік тарапы бізге уақытша қолданысқа берген болатын. Обсервация Мырзакент, Атакент тұрғындарына қызмет көрсетті. Яғни, ковид анықталған науқаспен тығыз қатынаста болған адамдар оқшауланды. Карантин режимі күшейтілген шақ болғандықтан, науқастардың тек отбасы мүшелері обсервацияға орналастырылды. Адамдардан лезде ковидке тест алдық. ПЦР-анализ талдамасының нәтижесі шыққанша, адамдар оқшауланды. Оң нәтиже шыққан науқастар бірден Жетісайдағы инфекциялық госпиталге жатқызылды. Теріс нәтиже берсе, 14 күн оқшаулап қадағалауға алдық. Қажет кезде адамдарды ТКҚСҚБ мамандардың нұсқаулығымен үйіне жібердік. Үй жағдайы оқшаулану талаптарына сай келмегендерін де обсервацияға жатқыздық. Оқшауланған адамдарды әкімшілік азықпен қамтамасыз етіп отырды.
Алғашында Мырзакент, Атакент тұрғындарына қызмет көрсеттік. Кейіннен Жетісай ауданындағы обсервация уақытша жабылып, Асықата, Жетісай тұрғындарын да қабылдадық. Тіпті шардаралықды да қабылдаған кез болды.
Атакент кентінде «Атамекен» деген халықаралық маңызға ие бекет бар. Ол бекетке еліміздің түрлі аймақтарынан, ТМД елінен келген ауыр жүк көлік жүргізушілері блокпост ашылған соң ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдау мақсатында келді. ТКҚСҚБ мамандарымен бірлесіп біздің қызметкерлер 24 сағат ауыспалы графикпен бақылаушы болып тұрды. Бекетке келген әр адамның денсаулығына жауапты қарадық. Барлық адамның дене қызуы, денсаулығына айтар шағымы ескерілді. Қажет жағдайда обсервацияға орналастырдық. Кейбірінен ПЦР алдық. Оң болса, ауруханада емделуге мүмкіндік жасадық. Теріс болса, қолхатын алып, түсініктеме жүргізіп жұмысын жалғастыруға мұрсат бердік.
Біздің аймақта Батыс өңірлерінде вахталық режимде жұмыс істейтін тұрғындар баршылық. Біз Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында тұратын вахталық режимде жұмыс істейтін тұрғындарды аэропорттан әкімшілік қызметкерлері күтіп алып, біздің обсервацияға орналастырды. Барлығынан ПЦР-анализ алып, талдау жасадық.
Су тасқыны бізге қосымша міндет жүктегені рас. Мырзакентте су басу орын алғандықтан тұрғындар Атакентке үдере көшті. Туысқандарының үйіне орналасқандар да болды. Кейбірін әкімшілік мектепке, мешітке, коледжге орналастырды. Эвакуация түнде жүргізілді. Басқа ауданның бас дәрігерлері жедел жәрдем көліктері, алғашқы көмек көрсетуші құралдарымен, дәрі-дәрмегімен қамтамасыз етті. Түркістан облысының барлық ауданынан көмек келді. Түнгі сағат 3-4 екеніне қарамай, медицина қызметкерлері ауданымызға жанұшыра көмектесуге келіп жатты. Барлық мектепке су басқан аймақ тұрғындары жайғастырылды. Эвакуацияланған тұрғындарды түн жамылып та орналастырған сәттер болды. Тұрғындардың барлығында үрей, алаң басым болғандықтан әлеуметтік, медициналық қызметкерлерге жұмсақ мәміле жасап, көңілдеріне тыныштық сыйлауға барын салды. Ол бейнені қазір еске алудың өзі ауыр. Жағдайды ковид тараған кезде орын алуы да уайымды үдетті. Адамдардың денсаулық қауіпсіздігін сақтау үшін барынша тырыстық. Түсіндірдік. Барлық адамның тамақтан уланбауы, әлеуметтік арақашықтық сақтауы бақылауда болды. Михаил Живанецкийдің «Ұлт болу үшін қасірет керек» деген пайымы расталғандай. Ауданға кірер қақпада сап түзеген Қазақстанның әр аймағынан келген гуманитарлық көмек көлігі көңілге медет болды. Біздің халықтың тұтастығы мен бейбітшілігі бар ауырды жеңілдетті.
- Пациенттеріңіз көбіне қандай ауруға шағым айтып келеді?
– Қазір көп ауру «жасарып» кетті. Қант диабеті, инсульт, инфаркт, артық салмақ жастар арасында кең тараған. Ас – адамның арқауы ғой. Дұрыс тамақтану керек. Ауырып ем іздегеннен, ауырмаудың жолын іздеген абзал. Асқазанды үшке бөл деген дана пікір бар ғой. Ауа, су, тамақ қабылдау балансын сақтау керек. Қозғалысты да көбейту керек. Дамыған технологиялар ағза белсендігін төмендетуде. Қазір уақыт игеру туралы ілім кең тарады ғой. Менің пайымдауымша, денсаулықты да соншалық қадағалау керек. Салауатты өмір салтын ұстану жоғары болу керек.
Адамның денсаулығы – өз жауапкершілігінде. Қоршаған орта факторы да әсер етеді. Медицина тек 15 % жауапкершілікті жүктеме ете алады. Барлық сырқатты медицинаның иелігіне берген дұрыс емес. Тұқым қуалаумен генетикалық кодта сақталатын ерекшеліктерді ескере кеткен абзал. Ауру адамның ойлау жүйесіне тәуелді. Жүйкесі тозып жүрген адамның тәнінде сырқат болуы заңдылық. Жанды таза ұстау керек. Қит еткенге сабыр сақтамау – аурудың бастауы. Жапонияда өмір сүру ұзақтығы 83 жас. Батыс елдерінің «кәрі құрлық» атануына орташа өмір сүру жасының ұзақтығының да ықпалы бар. Аталған мемлекеттердің барлығында іскерлік этика жақсы сақталған. Бір-бірінің жеке кеңістігіне енбеуге тырысады. Бұл фактор – адам денсаулығының кепілі. Қоғамымызда «айқайласаң, мықтысың» деген жалаң ұғым бар. Ильбер Ортайлы есімді түрік тарихшысының мынадай сөзі бар “Дым білмейтін адам, жартылай білетін адамнан жақсы”. Меніңше, әлемге көзі ашық адамдар барша салаға қажет.
– Өмір сүрудің сапалық деңгейі халықтың материалдық, әлеуметтік және мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру дәрежесімен сипатталады. Ауруханада ем алушыларға қаншалықты жағдай жасалған, қандай цифрлы технологияны қолданасыздар?
– Ауруханамыз толықтай цифрлық технологиямен қамтылған. Тіркеу, қабылдау, шақыру Damumed жүйесімен жүзеге асырылады. Арнайы мамандар КМС арқылы лаборатория, рентген, флюрография секілді тексерістерге қабылдауға жазады. Арнаулы маман компьютер арқылы қай адамның қашан қаралатынын бақылап отырады.
– Әлемді сұлулық құтқарады деп келдік. Пандемия режимінде әлемді тағы не құтқаруы мүмкін?
– «Тәртіпсіз ел болмайды,тәртіпке бас иген құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлы атамыздың ұлағатты сөзі бар. Әлемді темірдей тәртіп құтқарады. Әлеуметтік ара қашықтық, бетперде тағу режимін сақтау жаныңды құтқарғанмен тең. Өзіңе мұқият қарау арқылы – әлемді құтқара аласың!
– Жақсы ойлау үшін жақсы тұрмыс керек. Ашулы науқаспен қатынас жасағанда байыпты болуы үшін дәрігерге қандай қасиет керек?
– Науқастардың көбі агрессивті келеді. Кеңестік кезеңдегідей бір парақпен бар шаруаны тындыруға болатын. Барлығы соны аңсайды. Барлық жерге тіркеліп келуді ескермейтін науқастар кездеседі. Талап пен тәртіпті қарапайым тілмен түсіндіреміз. Тіркелудің алгоритмі тым қарапайым екенін ұқтырамыз.
Адамдар аурудың алдын алып, тексеруден өтуге шорқақ. Егер ауруханаға алдын ала қабылдауға жазылып кетсе, шұбатылған кезек болмайды. Ал кезек болмаса пациенттің жүйкесі жұқармай, дәрігердің алдына көңілді кіреді. Дәрігерлер ауру туралы білгендіктен, жаны қысылып тұрған науқас жайын түсінеді. Сондықтан да сабыр сақтап, байыптылық танытады.
- Коронавирус алқымнан алып тұрған кезде пневмония дерті де белең алып кетті. Сіздерде ахуал қандай болды?
– Мамыр айының соңында жағдай реттелген соң обсервация жұмысын тоқтатып еді. Ал пневмония үдеген кезде обсервациядан 20 орындық провизор қайта ашылды. Ол кезде Атакент тұрғындарына медициналық көмек көрсеттік. Пневмания тараған кезде оттегі нүктелерін көбейттік. Өкпесі аса зақымданған науқастар көп келді. Науқастарды жоспарлы жатқызу бұйрыққа сәйкес уақытша тоқтатылды. Тек қана өкпесі қабынған адамдарды қабылдадық. Балалар бөлімі, терапия бөлімі жабылды. Реанимацияның орнын көбейттік. Қажеттікке қарай, хирургия бөлімі, терапия бөлімі, басқа да бөлімдерге науқастарды орналастырдық. Оттегіні қажет ететін науқастарды оттегі нүктесі бар орынға жатқыздық. Өзіне келіп, жағдайы жақсарған науқастарды оттегі концентрантына отырғыздық. Біздің қызметкерлер провизорда үйіне бармай қалтықсыз қызмет етті. Тек қана адамдардың өмірін сақтауды мұрат еттік.
Науқастарды бақылағанда, оттегіне зәру науқастарды көріп жүрегіміз ауыратын. Сауығып үйіне қайтқан адамдар үшін кеудемізді қуаныш кернеді. Пневмония белең алған кезінде 300 науқас қабылдадық. Өкінішке орай, пневмониядан 5 емделушіміз жан тәсілім етті. Қалғандарының бәрі емделіп шықты. Өкпе қабынуына шағым айтып келген 20-30 шақты адамды қабылдай алмай, үйінде ем алуына көмек көрсеттік. Дегенмен ол науқастарды емхана дәрігерлері қадағалады. Мобильді топ құрылды. Топ үйінде ем алушылардың денсаулығын бақылады. Теңізге тамған тамшыдай көмектің өзі адамдардың өмірін сақтауға маңызды болды. Қиын шақта көмек көрсеткен әкімшілік қызметкерлеріне, атымтай жомарт демеуші азаматтарға алғысымыз шексіз. Бұл жағдаят – әлем халықтарына ортақ сценарий болатын. Адамдардың қорқынышымен де күрестік. Кез келген ауру үрей мен агрессияны жақсы көреді. Қызметкерлеріміз ауырса да, міндетіне адалдық танытты. Барлық емдеушілер алғысын айтып, ары қарайғы емдеу ісімізге жігер сыйлап кетті.
– Риясыз әңгімеңізге көп рақмет!
Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН