Жанат БАХЫТОВА, онколог-хирург дәрігер: Баласын емізбеу ананы онкологиялық дертке шалдықтырады

Screenshot_9.jpg

Жанат Бахытқызы, көптеген жас түлектер оқуды бітіре салып үлкен қалаға жұмысқа орналасуды қалайды. Ал сіздің қаладан далаға келуіңізге не себеп болды? 

  - 2011 жылы Қазақстан-Ресей медициналық университетін тәмамдап, қолға диплом алғасын бірден туған жеріме келуді ұйғардым. Себебі мені қазақтың небір жас мамандарының шетелге жұмыс іздеп, сонда қалып қоятындығы қатты толғандырады. Маманның бәрі шетел асып кете берсе ауыл экономикасы, мәдениеті, медицинасы қалай дамымақ?! Онсыз да кенже қалып бара жатқан ауыл медицинасының дамуына өз үлесімді тигізейін, ауыл тұрғындарына қызмет етейін деген мақсатпен 2011 жылы Шардара аудандық ауруханасына хирург ретінде жұмысқа орналастым. Бұл шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Себебі мықты маманның дені ауылдан шығады деп ойлаймын. 

- Онкология саласы сізді несімен қызықтырды?

- Білесіз бе, менің негізгі мамандығым хирург. Жаңадан жұмысқа орналасқанымда дәрігерлерге кабинет жетіспей бір бөлмеде екі маманнан отырдық. Мен және онкологқа бір кабинет бұйырды.  Сонда дәрігердің жұмысын, келген пациенттердің іс-әрекетін бақылап отыратынмын. Түсінгенім онкология өте қиын сала. Алдыңа келген науқастар үнемі жабырқаулы, үмітсіз болады.  Сол кезде маған онкологиялық пацинеттердің психологиясын жақсы жаққа өзгеру, олардың өмір сүру сапасын арттырып, ғұмырын ұзарту, жалпы осы салаға бір жаңалық енгізу қажет деген ой сап ете қалды. Ойлана келе онколог боламын деп шешім қабылдап, 2013 жылы Шымкент қаласында қайта даярлау курсына жазылып, онкологиялық диспансерде 4 ай осы мамандықтың қыр-сырын меңгеріп шықтым. 

-    Бүгінде онкологиялық аурулар дүниежүзін алаңдатып отыр. Өзіңіз қызмет ететін Шардара ауданында обырдың көрсеткіштері қандай? Мұнда жылына неше адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады? 

- Статистикалық деректерге сүйенсек әлемде әйелдер арасында көкірек безінің қатерлігі ісігі, жатыр мойны рагы, ерлер арасында өкпе және асқазанның қатерлі ісіктері алдыңғы орынға шығып тұр. Ал ауданда көп жағдайда тері, асқазан, өкпе онкологиясы жиі кездесіп жатады. Әйелдер арасында көкірек безі мен жатыр мойынның рагы да бары жасырын емес. Қазіргі таңда аудан бойынша онкология дертімен  315-тей адам есепте тұр. Алайда бұрынғы жылдармен салыстырғанда аурушаңдық пен өлім-жітім әлдеқайда төмендегенін мақтанышпен айта аламын. Біздің ұжым 2015 жылдан бастап осы онкологиялық аурулардың алдын-алу, ерте сатысында анықтау мақсатында бір жобаны қолға алғанбыз. Әр жұма сайын онколог, маммолог, кардиолог, терапевт, гинеколог, окулист, лор, стоматолог мамамандардан құралған бригада ауыл-ауылды аралап, тұрғындарды профилактикалық тексеруден өткіземіз. Мәселен бір  жұмада шалғайдағы бір ауылдың тұрғындарын жергілікті емханаға жинап, кеңес беріп, медициналық бақылау жүргіземіз. Ал төсекке таңылып жатқан науқастар, кішкентай сәбиімен үйде отырған аналар болса олардың үйлеріне барамыз. Жас баланы да,  қарияны да  басынан башпайына дейін тексеріп шығамыз. Осылай әр жұмада бір ауылды қамтып отырамыз. Мен өзім әр профилактикалық тексеруден кейін талдау жүргізіп, бақылап отырамын. Мұндай жоба облыстың бірде-бір медицина мекемесінде қолға алынбаған. Осы жобадан кейін ауданда көзге көрінетін онкологиялық ауруларды ерте  анықтау жағдайы көбейіп, нәтижесінде өлім-жітім азайды. Өкінішке қарай көзге көрінбейтін, яғни ішікі ағзаларда кездесетін қатерлі ісіктердің көбісі асқынғасын анықталып жатады. Жалпы адамның ішкі ағазаларында  обыр пайда болса ол 5 жылдан кейін ғана барып  клиникалық көріністер бере бастайды. Ал аурудың асқынуына бес жыл жеткілікті уақыт. Сондықтан науқастардың  көбісі өзінің ауруға шалдыққанын білмей, сезбей жүре береді. Дегенмен қазір тұрғындардың онкологиялық аурулар бойынша сауаттылығы арта түскен. Өздігінен дәрігерге келіп тексерілетіндердің қатары көбейе бастағанына қуанамыз.

Дәрігерлердің аузынан «онкологиялық аурулар жасарып барады» деген сөзді жиі еститін болдық. Дерттің жастардың да алқымынан алуына  қандай жағдайлар әсер етуде?

- Қатерлі ісік ауруларының  жасарып бара жатқаны рас. Бұған себеп адамдардың дертке дер кезінде көңіл бөлмеуінде. Онкология көп жағдайда созылмалы аурулардың асқынуынан пайда болады. Әркім өз денсаулығына Алланың аманаты деген жауапкершілікпен қарап, дәрігерге уақытылы көрініп, аурудың алдын алып, асқынуына жол бермесе, жер бетінде қатерлі ісік те азаяр еді. Созылмалы аурулардың асқынуы онкологияны жасартып жатыр. Сондықтан алдын ала емделгеннің есесі кетпес дегендей тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын. 

- Обыр тұқым қуалай ма?

- Әлемдік тәжірибеге сүйенсек  10 пайыз  жағдайда онкологиялық ауру тұқым қуалайды. Бұл  анасы ракпен ауырса онда баласы да міндетті түрде ауырады деген сөз емес. Егер баласының қатерлі ісікке алып келетін қосымша аурулары бар болса онда обырға шалдығуы мүмкін.  

- Бұл диагнозды ерлер ауыр қабылдай ма, әлде әйелдер ме? 

- Ерлер қауымы ауыр қабылдайды. Ал әйелдер шыдамды келеді. Әрине бұл жеңіл-желпі қарайтын кесел емес. Мұндай диагнозбен әрі қарай өмір сүру кімге де болсын оңай соқпайды. Бір әйел пациентім болды. Осы кеселге душар болғасын күйеуі оны тастап кетті. Өкінішке қарай, кейде дерт осылай шаңырақтың шайқалуына себеп болып жатады. 

- Ал диагнозын білгеннен кейін емнен бас тартатындар кездесе ме?

- Ара-тұра мұндай пациенттер кездесіп жатады. Кейбірі  пышақ тисе қатерлі ісік одан сайын өршіп кетеді, ота науқастың өмірін қысқартады деген жел сөздерге еріп, операциядан  ат тонын ала қашады. Мұндай жағдайда науқастарға бес саусақ бірдей емес, сол секілді әр адамның ағзасы ауруды әртүрлі қабылдайды. Бір диагноз екі адамға қойылғанымен олардың емі екі түрлі болуы мүмкін деп көндіруге барымды саламын. Басында бас тартқанымен, кейін дұрыс шешім қабылдап, емін жалғастыратындар бар. 

- Қатерлі ісікке шалдыққан бір науқасты емдеуге қыруар қаржы жұмсалады екен. Бұл бюджеттің қалтасына оңай соқпайтыны белгілі. Науқастың да толыққанды ем алуына, сондай-ақ қаражатты үнемдеудің өзге жолы барма?

- Дұрыс айтасыз. Әсіресе қатерлі ісіктің соңғы сатыларындағы науқастың еміне кететін шығын шаш етектен. Оның үстіне Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеу тегін жүргізіледі. Ал көптеген өзге мемлекеттерде мұндай пациенттерді ақылы түрде емдейді. Бюджетті үнемдеудің бірден-бір жолы  аурудың алдын алу және ерте сатысында анықтау. Мұның қаражаттан бұрын тиімділігі сол азаматтардың өмірін сақтап қала аламыз. 

Screenshot_10.jpg- Коронавирус инфекциясы қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға қаншалықты қауіпті? Ауданда онкологиямен ауыратындардың ішінде осы індетті жұқтырып алғандары болды ма? 

- Мен коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін аудандық госпитальда сәуір айынан бастап тамызға дейін қызмет еттім. Қуантарлығы сол ауданымызда қатерлі ісік дертімен есепте тұрған жандардың барлығы індеттен дін аман. Тәжвирус елге тарала бастаған уақыттан бастап мен әлеуметтік желілерде пациенттерім үшін бұл кеселдің олар үшін қаншалықты қауіпті екенін, сыртқа бейберекет шықпауларын айтып, үйде  сақтанудың жолдарын түсіндіріп, онлайн кеңес беріп отырдым. Жалпы коронавирус онкологиялық науқастар  үшін өте қауіпті инфекция. Себебі олар химиялық ем қабылдағасын иммунитеттері әлсіз болады. Ал иммунитет төмен болса тек коронавирус емес кез-келген вирусты жұқтырып алуы оңай.  

- Қазіргі таңда баласын емізбейтін аналардың қатары көбейіп барады. Бұл әйелдің денсаулығына қаншалықты қауіпті?

- Өкінішке қарай, сізбен келісуге мәжбүрмін. Себебі расында да қазір баласын емізбейтін аналар көбейді. Бұл сәбиді айтпағанда әйелдің де денсаулығына кесірін тигізеді. Ананың баласын емізбеуі сүт безінің созылмалы ауры - мастопатияға алып келеді. Ал ол асқынса сүт безінің қатерлі ісігіне айналады. Сондықтан нәзік жандылар омырау денсаулығына аса көңіл бөлгені дұрыс. 

- Америкалық жазушы, психолог Луиза Хейді өзінің жатырында пайда болған қатерлі ісікті ойдың күшімен емдеген алғашқы адам ретінде білеміз. Оған дәрігерлер дерті тым асқынып кеткенін, 2-3 айлық өмірі ғана қалғанын айтқан кезде ол салын суға жібермеген. Луиза Хейдің өзі бұл туралы «Қатерлі ісік – терең жан жарасынан, іште сақтап жүрген құпияны ешкіммен бөлісіп айта алмаудан, қайғы-қасіреттен пайда болатын дерт. Адам өзінің қателігін өзі кешіріп, өткен өміріне махаббатпен қарай білген жағдайда ғана бұл дерттен сауыға алады» деп жазады. Бұған қатысты ойыңыз қандай?

- Кез келген ауру адамның ішкі жан дүниесінен басталады. Стресс барлық аурудың  пайда болуына себепші дүние. Адам үнемі стрестің шырмауынан  шыға аламай, айналаға, қоғамға  өкпелі болса  қант диабеті,  гипертония,  жүрек ауруына ұшырайды. Осы мәселеге келгенде  бізге Жапониядан үлгі алу керек секілді.  Күшығыс елінде ерекше ресторандар бар.  Егер сіз біреуге ренжіп қалған болсаңыз әлгі ресторанға хабарласып, бір орынды брондап қоясыз да, өкпелі адамыңызды сипаттап бересіз. Сіз кешкісін келгенше  олар сіз сипаттап берген адамның мүсінін жасап қояды. Тамақтана отырып, сіз сол мүсінге, яғни өкпелі адамыңызға ұрысып, іштегі  ренішіңізді айтып, тіпті мүсінді ұрып, сындыруыңызға да болады.  Бастысы сіз өкпе-реніштен арылып, жан дүниеңізді тазартып алуыңыз керек. Бұл іштегі жегідей жеген уайым, қайғыдан арылудың ең тиімді тәсілі деп білемін. Жалпы біздің елде психологқа бару дәстүрі қалыптаспаған.  Адамдар уайым-қайғысын іште сақтап жүре береді.  Ол дұрыс емес. Қиналсаңыз психологқа барыңыз.  Қорыта айтқанда науқас өзінің психологиясын жақсы жаққа өзгертіп, стресті жеңе білсе Луиза Хей секілді  онкологияны да жеңе алады. 

- Елімізде онколог мамандардың тапшылығы сезілуде. Бұл осы кәсіптің ауырлығынан ба әлде басқа да себептері бар ма? 

- Жоғарыда атап өткенімдей онкология өте күрделі, ауыр сала. Мұнда науқастың жағдайын біліп тұрып, оған  демеу көрсету, туыстарына жеткізу, емді қондыру  өте қиын.  Жас мамандар бәлкім осы себептен бұл саланы қаламайтын болар. Жан-тәнімен қалаған адам ғана  онкологияның ыстық-суығына төзе алады деп есептеймін.  

- Әлеуметтік желіде пайдалы жазбаларды жиі салып, оқырмандарды қуантып отырасыз. Дәрігердің уақыты тығыз екені бәрімізге белгілі. Ал сіз күнделікті пост жазып, кеңес беруге уақытты қайдан табасыз? Әлеуметтік желіде белсенді болу дәрігер үшін қаншалықты пайдасы бар?

- Менің әлеуметтік желіде парақшаларды жүргізуімен түркі болған нәрсе ол ел ішіндегі «онкология – жазылмайтын дерт. Қатерлі ісікке шалдыққан адам көпке ұзамайды» деген теріс пікірлерді жою болатын.  Адамдар   онкология десе шошып, үрейленгендерін қаламаймын. Сол себепті қатерлі ісік аурулары туралы көбірек пайдалы ақпараттарды сала бастадым. Халық дер кезінде емделсе, обырға да ем қонатынын түсінсе деймін. Қазір еңбегімнің зая кетпегенін аңғардым. Тұрғындар жазбамды оқып, текстерілуге жиі келетін болды. Әрине күнделікті пост салып отыруға арнайы уақыт бөліп отыру қажет. Мен оқырмандарым үшін уақыт табуға тырысамын. Әдетте жазбаны таңғы намаз уақытында саламын. Сол уақытта  миың тынық болады әрі  саған ешкім кедергі жасамайды. 

- Халыққа жасайтын қыз­ме­ті­ңіз­ден бөлек, бір шаңырақтың отанасысыз. Отбасы құндылығы неде деп білесіз?

- Отбасының құндылығы – жаныңа жақын, қымбат жандардың амандығы, дендерінің сау болғандығы деп білемін.  Ерлі-зайыпты тату болса сол шаңырақта бақ та, береке де болады. Негізінен отбасыға жылулық беретін ол әйел заты.  ХХІ ғасырдың нәзік жандылары ошақ қасында қалып кетпегенін қалаймын.  Өзге іспен шұғылданып, үй шаруасына да үлгерген әйел нағыз лидер. Өз басым дәрігерлік қызметтен бөлек киім тігумен айналысамын. Отбасылық ательеміз бар. Осылай отбасы мен жұмысты үйлестіріп жүрген жайым бар.

- Сұхбатыңызға рахмет! 

  Әңгімелескен Айнұр АСАНҚЫЗЫ