Рахима НАЛИБАЕВА: Дені сау сәби жүктілікті дұрыс жоспарлаудың жемісі!

image.png

– Рахима Кенжебекқызы,  «Жылдың үздік медициналық мекемесі» атануларыңызбен құттықтаймын! Бұл номинацияда қандай критерийлер арқылы жеңімпаз атандыңыздар?

– «Жылдың үздік  медициналық мекемесі» номинацияның жеңімпазы атану біздің орталықта ана өлімінің болмауы мен нәрестелер өлім жітімі көрсеткішінің төмендігіне берілген жоғары баға! Оған қоса медицина мамандарының біліктіліктері де үлкен маңызға ие. Осы секілді критерийлер көп. Мен тек негізгілерін ғана атадым... 

– Соңғы жылдары отандық танымал қыз-келіншектер суда босану үшін шекара асып жүрді. Біршама уақыт бұрын шардаралық  дәрігерлер арқанмен босану әдісін қолдана бастадық деп мәлімдеді. Сіздердің мекемеде кандай инновациялар орын алды. Қандай тенденцияларды жұмыстарыңызға енгіздіңіздер?

– 2010 жылдан бастап  Қазақстанның  өңірлерінде «Қауіпсыз Ана» бағдарламасы енгізілуде. Аталған бағдарламаға сәйкес босану процесін жеңілдету үшін ванналар мен «контрастный» душтар қолдануға болады. Сонымен қатар тікесінен турып босану үшін арқандар мен швед баспалдағын қолданады. Біздің орталықта соның ішіндегі душ, арқан мен швед баспалдағын қолдану бұрыннан қолға алынған. 

Инновациялық технологиялар туралы айтар болсам, орталықта хирургиялық және диагностикалық лапароскопия қолданады. Босанғаннан кейінгі қан кетулер кезінде ағза сақтаушы оталармен сонымен қатар метропластика бойынша ота жүргізілуде. 2018 жылдан бастап орталықтың медициналық генетика бөлімшесінде хромосомдық патологияны жүктілік кезінде анықтау үшін FISH тәсілімен инвазивтік пренаталдық диагностика енгізілді. 

– Бразилия, Мексика секілді елдер кесарь тілігін ананың таңдау еркімен жасайды. Бізге бұл тенденция қаншалықты қажет деп ойлайсыз?

– Кесар тілігі оталарын тек көрсеткіштер болған жағдайда ғана жасау қажет. Себебі барлық дәлелді зерттеулер мен біздің бақылауларымызға сәйкес операциялық араласулар амалсыз жүргізіледі. Әйтпесе, табиғи жолмен босанғанын бәріміз де қалаймыз. Әрине, пациенттің келісімін сұраймыз. Өйткені кесарь тілігінің қынаптық босанумен салыстырғанда асқынулар қаупі жоғары. Менің жеке тәжірибеме сүйенсем, әрбір жаңа туған нәресте «өз жолын» анасының босану жағдайына қарай табады. 

– Соңғы уақытта аналардың табиғи жолымен босануына не кедергі деп ойлайсыз?

– Статистикаға сүйенер болсақ, соңғы жылдары ота жасау арқылы босандыру көрсеткіштерінің ішінде жатыр тыртығы бірінші орында тұр. Аталған көрсеткішті төмендету үшін алғашқы кесар тілігі отасы консилиумнан кейін жүргізіледі. Біздің орталықта жатырында бір тыртығы бар жүкті әйелдердің 35 пайызы табиғи жолмен босанады.   

image.png

– Орталықтарыңызда сәбиін ерекше жағдайда дүниеге келтірген аналар туралы айта аласыз ба? Мысалы,  ВИЧ диагнозы қойылған ананың босану процесінде қандай ерекшелік болуы ықтимал?

– Жыл сайын орталықта 8,5 мыңнан астам босануда. Әрқайсысының жағдайы әртүрлі, күрделі десем де болады. Өйткені перинаталдық көмек көрсетудің үшінші деңгейі болғандықтан орталыққа ауыр акушерлік және экстрагениталды патологиясы бар жүкті әйелдерді босану үшін аналарды аудандардан жібереді. Әрбірі жеке көзқарасты, тәсілді талап етеді. АИТВ жұқпасы бар жүкті әйелдердің жүктілігін жүргізу мен босандыру ерекшеліктеріне  тоқталатын болсақ, болашақ ана дені сау баланы дүниеге алып келу үшін жүктілік кезінде ретровирусқа қарсы ем қабылдауы, босану кезінде элективті (жоспарлы) кесар тілігі отасы жасалуы қажет. Емшекпен емізуге болмайды. 

Он жылдан астам уақыттан бері орталық «АИТВ жұқпасының анадан балаға берілуінің алдын алу» бағдарламасының үйлестірушісі болып табылады. Аудандарда жүргізілген кең көлемді алдын-алу жұмыстарының нәтижесінде Түркістан облысында АИТВ оң нәтижелі аналардан балаға жұғу қаупі 2 пайыздан төмен. 2010, 2011, 2014, 2015, 2017 жылдары тікелей жұғуы 0 пайызды құраған, яғни барлық балалардың дені сау болып туылған.

Бұндай жетістікке әлемде бірде-бір ел, Қазақстанда бірде-бір облыс қол жеткізбеген. Халықаралық конференцияларда Түркістан облысы аталған бағдарлама бойынша өз тәжірибесімен бөлісіп отырады.

– Сіздердің орталықта дүниеге келген ең аз салмақты сәби мен ең алып нәрестенің салмағы қанша болды?

– Жаңа туған нәрестелердің ең аз салмағы 514 грамм болса, алып нәресте 6800 грамм салмақпен туылды.

– Қазірде болашақ аналар жүктілігін жоспарлауды дағдыландырған. Жүктілікті гинекологиялық тұрғыда қандай жас ерекшелігінде жоспарлаған жөн деп кеңес берер едіңіз?

– Халықаралық ұсынымдар мен Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары бойынша жүктілікті жоспарлап жүрген туу жасындағы барлық әйелдер алдын ала дайындықтан өтуі тиіс. Атап айтқанда, зерттеулер кешені және жоспарлы жүктілікке дейінгі 3-6 ай ішінде фолаттар қабылдауы керек. Зертханалық – аспаптық зерттеулермен қандай да бір ауытқушылықтар анықталған кезде, уақытша контрацептив пайдалана отырып сақтануға және толық емделіп болғаннан кейін ғана жүктілікті жоспарлауға кеңес береміз.   

– Жаңа туған нәрестелердің реанимация және патология бөлімдері туралы айтып беріңізші. Шала туылған нәресте неліктен анасынан оқшауланады? Ана мен баланы бөлмейтін қандай да бір жағдай бар ма?

– Орталықта 18 төсек орынға арналған нәрестелер реанимациясы және қарқынды терапия бөлімшесі бар. Онда аз салмақпен, мезгілінен ерте, туа біткен ақаулары бар, ауыр сырқатпен туылған нәрестелер жатады. Жағдайлары тұрақталғаннан кейін нәрестелерді күтудің екінші сатысы – нәрестелер патологиясы бөлімшесіне ауыстырылады. Аталған бөлімше 60 төсек орынға арналған. 

Бөлімше әкімшілігі мен қызметкелерге ана мен баланың бірге болуы үшін бар күштерін салады. Реанимация бөлімшесінде жатқан нәрестелердің  аналарына жақын жерден  палаталар қарастырылған. Олардың күндіз түні нәрестелерінің жанында болу мүмкіндігі бар. Бөлімше қызметкерлері оларды қолдарын дұрыс өңдеуге, нәрестелерін зонд арқылы тамақтандыруға, жөргектерін ауыстыруға және жай ғана сөйлесу, сонымен қатар денесі арқылы сезініп байланысқа түсуге көмектеседі. Шала туған нәрестелерді қолдау және дамыту күтімінің тәсілдеріне үйретеді. 

Біздің орталықта нәрестелердің өлім-жітімін 40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін Кенгуру тәсілі кеңінен қолданылады. Нәрестелер патологиясы бөлімшесінде барлық сәбилер анасымен бірге болады.

– Ана мен баланың өмір қауіпсіздігі неге байланысты?

– Ана мен бала қауіпсіздігі дегеніміз өз алдына үлкен тақырып. Мен алдында айтып өткендей Қазақстанда 10 жылдан бурын енгізілген кең көлемді «Қауіпсіз Ана» бағдарламасы жұмыс жасайды. 

Ана мен баланың қауіпсіздігі ең алдымен – жоспарланған жүктілікке дайындық, дұрыс антенаталды күтім, қауіпсіз босану, перзентхана қызметкерлерінің жалпы жедел көмек көрсетуге дайындығы, отбасын жоспарлау және қажетсіз жүктіліктен сақтану. Тереңірек үңілер болсақ, ол – қыз баласының өмірге келгеннен бастап денсаулығы, диспансерлеу, сауқтыру және салауатты өмір салты, ерте жыныстық қатынасқа түсудің зияны, жыныстық жолымен берілетін жұқпалар туралы әңгімелер жүргізу.

– Дәрігерлердің қатаң ескертпесін біле тұра тәуекелге бел буып жүктілігін жалғастыратын аналар аз емес. Өміріне төнген қауіп көрсеткіші  жоғары пациентпен жұмыс істегенде дәрігер өз психикасын қалай дайындау керек?

– Әлеуметтік желілердегі, баспасөздегі және теледидардағы кейбір жағымсыздықтарға қарамастан, тынымсыз жұмыс нәтижесінде ана мен перинатальды өлім-жітім азайып келеді. Сонымен қатар ауыр экстрагенитальды және акушерлік аурулары бар әйелдерде, жүктілікті өткізуге абсолютті қарсы көрсеткіштері бар аналарда жүктілік пен босану жағдайлары көп. Дәрігерлер әйелдердің өздеріне және олардың отбасыларына кеңес береді. Босану мекемелерде психикасы және физикалық денсаулығы мықты адамдар жұмыс істеуі керек. Мекемеде штаттық психолог жұмыс атқарады, анкетирование, тренингтер тұрақты түрде өткізеледі, сонымен қатар коммуникативті дағдыларды үйретеді. Орталық әкімшілігі тарапынан қолайлы жұмыс орындарын құруға және ұжымда мейірімді атмосфераны сақтауға барлық күш-жігер жұмсалады, премия мен сараланған төлемдер  беріледі.

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН