Жайнар АСТАНАЕВА: Бізде де «алтын қанды» адамдар бар

Screenshot_1.jpg

Шымкент қалалық қан орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы:

- Жайнар Орынбасарқызы, күн сайын тоқтаусыз процесс  жүріп жататын қан орталығының қызу жұмысына пандемия қаншалықты кері әсерін тигізді? 

– Әлемді қиын жағдайға қалдырған  барлық салаға кесірін тигізгені анық. Пандемияның салдары біздің орталыққа да тигенін жасырмаймын.   Мәселен, қан және оның компоненттерін дайындауға қажетті шығыс материалдары шет елден (АҚШ, Германия, Франция) келетіндіктен, еліміздегі карантин жағдайы уақытша логистикалық мәселелер туындатты. Бірақ бұл мәселе біртіндеп шешімін тауып, орталық қан дайындау жоспарын орындап, медицина ұйымдарын қан компоненттерімен тәулік бойы үздіксіз қамтамасыз етті. Екіншіден карантин күшейген тұста қала шекараларына қойылған блок-бекеттер де қан тапсыру жұмыстарын баяулатты. Тіпті, көлікпен донорларды алып келіп, үйіне жеткізу жұмыстарын да ұйымдастырдық. Қызметкерлеріміздің қауіпсіздігі үшін мамандарымызды арнайы көлік тасымалдап жүрді.  

–  Бұл індет орталыққа жаңа тәжірибе «сыйлағанын» білеміз. Айтпағым биыл коронавируспен  ауырып, жазылған донорлардан иммундық плазма дайындаумен айналыстыңыздар.  Жалпы иммундық плазманың пайдасы қандай және бүгінге дейін қанша плазмасы дайындалды? 

–  Тәжвирус жер бетінде бұрын-соңды кездеспеген инфекция болғандықтан оны жеңген адамдардың қан плазмасын әзірлеу біз үшін ғана емес әлем үшін өте қажет шаруа  болды.  Біздің ұжым да  вирустан айыққан пациенттерден плазма дайындауға шұғыл кірістік. Бүгінге дейін   барлығы 21 донордан 84 доза Covid-19 вирусымен ауырып сауыққан донорлардан иммунды плазма дайындалды. Қазіргі таңда мекемеде  66 доза иммунды плазма қоры бар.

Әрине мұндай  тұрғындарды  орталыққа шақыру оңай болған жоқ. Дегенмен мамандарымыздың  әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде жүргізген түсіндіру жұмыстары оң нәтиже берді.  Халық ішінде донорлық сауаттылықтың артуының арқасында қазір  бізге келушілердің саны күн сайын өсуде.

     Плазманың бір донациясы  аталмыш инфекциядан зардап шегетін екі науқастың жағдайын жеңілдетуге көмектеседі. Қарапайым сөзбен айтсақ, иммундық плазманың құрамында инфекцияға қарсы антиденелер бар. Коронавирустық инфекцияға қарсы антиденелер де дамиды. Ол біреуде көп, біреуде аз. Онымен жүргізілген емдеу арқылы адам сауығады. Бұл антиденелер белгілі мерзім бойы адамның қанында сақталады. Сондықтан сондай адам антиденелерге бай плазманың доноры бола алады. Антиденелерге бай плазма науқас адамға, ағзадағы вирустарды жеңуге көмектеседі. 

        Барлық қан донорларына қойылатын талаптардан басқа (жасы 18 және одан жоғары, салмағы 50 кг және одан жоғары, анамнезде онкологиялық аурулардың, В және С гепатиттерінің, АИТВ-инфекциясының және т. б. болмауы) иммундық плазма донорлары үшін келесідей талаптар қойылды: COVID-19 жұқтырғанын растайтын ПТР әдісімен зертханалық фактісі;  сауыққаннан кейін коронавирустан айықты деген ПТР әдісімен екі теріс зертханалық нәтиже;  кем дегенде 14 күн ішінде донордың COVID-19 клиникалық белгілері болмауы керек. Сонымен қатар, донорлыққа барынша жастар мен орта жастағы ерлер, сондай-ақ жүкті болмаған әйелдер жарамды.

Донация алдында әрбір донорда қандағы COVID-19 антиденелерінің және олардың титрінің болуы анықталады. Плазманы тапсыру үшін антиденелердің титрі жеткілікті жоғары болуы және шекті деңгейден асуы керек. Өкінішке қарай, иммундық плазманың доноры болғысы келетіндердің барлығы бұл критерийге сәйкес келмейді. Көптеген жарамды донорларда антиденелер титрі жеткіліксіз. 

Screenshot_3.jpg

- Бұған дейін орталықта ковидтен өзге қауіпті аурулардан қан плазмасын дайындап көрдіңіздер ме? 

– Бізде  Конго-Қырым қанды қызбасымен ауырып сауыққан адамдардан да иммунды плазма дайындалады. Бұл плазма аталмыш  жұқпалы кеселге душар болған  науқастарға таптырмайтын ем.

- Орталықтың ең құнды  байлығы донор екені белгілі. Карантин қан тапсыруға ниеттілердің және тұрақты келушілердің  санын азайтып жіберген жоқ па? 

- Пандемия жағдайы орын алғанға дейін орталықта күніне 100-ге жуық адам қан тапсыратын. Карантин режимі күшейгенде бұл көрсеткіш 30 пайызға төмендеген еді. Ал қазір жағдай тұрақталды.  Күніне 100-120 адам қан тапсырады.  Өткен жылы жалпы 26 мыңдай адам донор болған. Негізінен адамдар өтеусіз негізде қан беріп, сырқат жандарға көмек көрсеткісі келеді. Мұндай адамдардың үлесі 95 пайызға жуықтайды. Бірақ ақылы негізде қан тапсыратындар да бар. Олар жасуша донорлары, яғни бұл жерде адамның денсаулық жағдайының маңызы зор. Олар 20 мен 40 жас аралығындағы ер адамдар және сирек қан топтарының донорлары. Дегенмен, біз өтеусіз донорлықты дамытып жатырмыз, бұл бүкіл әлемдегі алтын стандарт болып саналады.  Бізде  донорлар саны күрт азайды.  Ал біздің орталық 42 медициналық ұйымды үздіксіз қан компоненттерімен қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан қызметкерлеріміз  донорларға телефон шалып, үйлерінен арнайы автокөлікпен қан  тасымалдадық. Өйткені қанға сұраныс тоқтаған жоқ.

– Австралиялық Джеймс Харрисон әлемге  «Алтын қанды адам» ретінде танымал.  Яғни ол ең көп қан тапсырған адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Біздің қалада немесе облыста осындай ең жиі қан тапсырып тұратын азаматтар бар ма? 

– Әрине бар, бірақ донордың рұқсатынсыз аты-жөнін жариялай алмаймыз. Мысалы Д.В. деген азамат 2002 жылдан бері біздің тұрақты донорымыз.  Ол  бүгінге дейін 80 литр  қан және оның компонентін тапсырған.

– Жалпы қанның тазалығына қазақ халқы ерекше мән береді. Осы «қан тазалығы» деген сөзді қалай ұғуға болады? Шын мәнісінде таза қан қандай болады?

– Таза қан – дені сау, ешқандай инфекциялық аурулармен ауырмаған, созылмалы аурумен есепте тұрмайтын, медициналық тексеруден толық өткен донордың қаны дер едім.

– Зерттеушілер некенің баянды болуы қан тобына да байланысты екенін анықтаған. А(II) мен AB(IV), А(II) мен O(I) қан тобындағылар қосылса ауыз біршілік мықты болатын көрінеді.  Осы секілді некелесуде ерлі-зайыптылар қан тобына қаншалықты мән бергені дұрыс? Балалы болу, болмауда қанның атқарар рөлі қандай?

– Жоқ, мен мұндай мәліметпен келіспеймін. Некенің бақытты болуына ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі, мейірімділігі, сенімділігі керек деп ойлаймын. Балалы болу, болмауда да қан тобының әсері жоқ.

Screenshot_2.jpg

– Ең сирек кездесетін қан тобы қайсы және ол неліктен сирек кездеседі?

– Ең сирек кездесетін AB(IV) қан тобы, себебі статистика бойынша бұл топтағы азаматтар жалпы халық санының 10%-ын ғана құрайды.  IV -ші топқа тек IV -ші топтағы адам қан құюы тиіс. Ең қызығы ғалымдар мен өнертапқыштардың денінде осы қан тобы кездеседі екен. 

– Еркектер әйелдерге қарағанда қаннан жиі қорқады деген қызықты факті бар екен. Айтыңызшы, қан тапсыру кезінде еркектер жиі қорқа ма әлде әйелдер ме?

–  Шынында да өте қызықты сұрақ екен. Тәжірибеме сүйенетін болсам қаннан ер кісілердің көбірек қорқатынын байқаймын. Соған қарағанда  «әйелдің қырық жаны бар» деген сөз бекер айтылмаса керек.

- «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» демекші,  тышқан жылы сіз үшін несімен есте қалды, жаңа жылдан не күтесіз?

- Биылғы жылды бүкіл адамзат ұмытпасы анық. Дегенмен бұл індет бізді бірінші кезекте денсаулыққа көңіл бөлуге, тазалыққа, сабырлыққа, төзімділікке үйретті. Тышқан жылы сонысымен есте қалды. Біздің орталық үшін де жаман жыл болды дей алмаймыз. Біріншіден жоғарыда атап өткенімдей өтеусіз донорларымыз көбейді. Көрсеткіштеріміз жыл санап жақсарып келеді. Соңғы үлгідегі замануи қондырғылар алдық. Бізде донорды қабылдаудан бастап, қанды сұрыптау, өңдеуге дейін барлығы автоматтандырылған. барлық мекеменің қанға деген сұраныстарын өтеп жатырмыз. Бұл біздің ұжымның үлкен жетістігі деп санаймын. 

Келер жылдан  зор үміт күтемін. Сиыр жылы еліміз үшін жайлы, берекелі жыл болады деген сенімдемін.. 

–Сұхбатыңызға  көп рақмет!

 Әңгімелескен:  Б.БӨРІБЕК