Асқар БАҚТИЯРОВ, нейрохирург: Біз отадан кейін де пациентпен қоштаспаймыз...

Тағдыр. Жігер. Жауапкершілік. Бір дәрігердің күнделікті тап келер дилеммасы. Түскі үзіліске шықпай қалса да кәсібінен шабыттанады. Оның мұраты – адамдарға қызмет көрсету. Құтқару, бірақ жағдайды ушықтырмау. Науқастың қазіргі сәтін ғана емес, болашағына алаңдап тұрады. Зейнет жасына жетпей демі үзілетін әріптестері үшін қайғырады. Қоғамдық мәселе, әлеуметтік қатынас – шешім қабылдауда ескерер факторы. Тез сөйлейді. Уақытқа ұтылғысы келмейтіні болар. Бір нонометр қателессе, бір тағдыр өзгереді. Сезеді. Хәлің қалай, бүгінгінің батыры?

image.png

– Асқар Қосылбайұлы, дәл қазір көңіл-күйіңіз қалай? Жұмыс күніңіз қалай өтуде?

– Аздап шаршағаным болмаса, жақсы. Сағат таңғы жетілерде науқастардың хәлін сұраймын. Сегізден бастап ота жасауға кірісеміз. 

– Қазіргі кезде пациенттеріңіздің арасында ең жиі кездесетін диагноз қандай?

– Әріптестеріммен жаңа осы тақырыпта диалог құрған едім. Соңғы екі аптадан бері омыртқа жарығына аз ота жасалды. Омыртқа сынулары, омыртқа жотасының тұрақсыздығы, жұлын-ми ісіктері көп кездесті. Ауруханаларда қазір онкологиялық сырқаттар уақтылы анықталуда. Жыл баснан бері қатерлі ісікке ота көп жасалуда. 

Онкоклеткалар барлық адамның ағзасында кездеседі. Дегенмен адамның қай мүшесі әлсірейді, сонда орналасу ықтималы жоғары. Қатерлі ісіктің шығу себептері көп. 

– Осыған дейін маммологпен сұхбатымда ауруханаларда ұйымдастырылған тексеріс кезінде сүт безі обыры диагнозы анықталатынын айтқан еді. Яғни, адамдар өздігінен шағымданып келмейтінін сипаттады. Ми қатерлі ісігінде де адамдар тексерілуге енжар ма?  

– Ми негізі кеңпейіл орган ғой. Ми ісігі бар науқастар көбіне клиникалық көрінісі, мидың қысу белгілері байқалғанда ғана көрінеді. Тілі күрмелу, аяқ-қолы жұмыс істемей қалу, әлсіреу секілді белгілер байқалғанда ғана шағымданады. 

Ми – эластикалық зат. Бас сүйекте кеңістік болса, ми солай ығысады. Ығысатын орын қалмағанда ми қысылады. Тіпті жаншылады. Мидың қысылу салдарынан ісіну пайда болады. Қысылу аймағында мидың қызметтік-функционалды орталықтар болса, клиникалық көріністер пайда болады. Батыс елдеріне тәжірибе алмасуға барып, байқағаным – оларда ісік мөлшері кішкене кезде отасыз ем қабылдайды. Кибер-пышақ және Гамма-пышақ арқылы күйдіріп, обырды жеңеді. Бізде ол әдіс дамымаған. Себебі, науқас өз денсаулығына қаражат бөліп тексерілмейді. Өз денсаулығының жауапкершілігін өзгелерге артады.

 Егер әркім өз саулығына қаймығым МРТ-ға жылына бір рет түссе, уақтылы анықтауға мүмкіндік туар еді. Көлемі кішкентай ісікпен күресу де жеңіл. Науқастың салғырттығынан ісік көлемі ұлғайғанда анықталады. Ми обырын «дәстүрлі емге жүгінемін» деп бақсы-балгер жағалайтын кейбір адамдар ұлғайтып алады. Еуропалық мамандар біздің пациенттердің ісік көлеміне таң қалады. Себебі оларда ерте кезеңде анықталады ғой. Батыста скрининг интервалы жиі. 

– Жильбер Рено есімді доктар «Тән жарасын оймен емдеу» әдісін бұқараға ұсыныпты. «Елімізде қатерлі ісіктен емделдім», ауруды оймен емдеу керек деп курс ашатындардың қарасы қалың. Бұл методқа көзқарасыңыз қалай?

– Әр адамның жігері, сенімі, мықты рухына байланысты. Кейбір адамдардың туыстары «өзін тастап жібереді» деп айтқысы келмейді. Біз науқасқа ісік көлемі, отадан кейінгі асқынулар жөнінде ақпарат береміз. Отаның қаншалықты күрделі екені жөнінде сөз қоғамауға тырысамыз. Операциядан кейінгі гистологиялық зерттеу арқылы ғана тұшымды пікір айта аламыз. Кей науқастардың айығуға деген сенімі мол.

 Мен пациенттерге «отаға күліп кірсеңіз, күліп оянасыз» деп ішкі сенімін жоғалтпауына кеңес беремін. Қабағынан қар жауып, диагнозына наразылық танытып, өмірге нала жанармен қарайтын науқастарды бірге күресуге шақырамыз. Дәрігер қанша әрекет еткенмен науқас тарапынан сенім керек. Іштей тұйықталып, күйзеліске салынған науқаспен жұмыс істеу өте күрделі. Еңбегің мен ізденісің құмға сіңген судай. Науқас ашық болуы шарт. Әйтпесе қандай шебер нейрохирург болса да, қасапшының қызметін атқарғандай эффект  болады. «Не болса, ол болсын» деген енжарлық сыймайтын ауқым ғой. Науқастың жағдайын түсіне білу керек, әрі өзіне де түсіндіре білу керек. 

– Яғни хирург қасапшы емес қой?

– Әрине, мида ондай түсінік болмайды. Ми – бар ағзаны басқаратын орталық. Қоршаған ортадан ақпарат қабылдау, жауап қайтару, қимыл-тірек барлығы ми арқылы жүзеге асаады. Мидың әр бөлігі өмір үшін қажетті қызметтерге жауапты. Сүйектің қате бітуі секілді кей ақауларды түзетсе болады. Ми түзетуге келмейді. Тек қателеспеу керек. Хирургия – медицинаның бекзат саласы, нейрохирургия – хирургияның бекзат саласы. Еш саланы кемітпеймін, әр саланың өзіндік орны бар. Дәрігердің функциясы тән жарақатымен шектелмейді. Адамның жанын ұғу – маңызды. Отадан кейін науқасқа «қош болыңыз» демейміз. Науқас тағдырын тек аурухана аймағына қарастырмаймыз. «Бұл жерден шыққан соң қандай болады?» деген сауалдың төңірегінде де  ізденеміз. Дәрігерлер өзара ақылдасамыз. Біздің ота салдарынан науқаста қандай өзгеріс болатынын анықтауға тырысамыз. Ісіктің гистологиялық түр-әлпетіне қарай статистикалық мәліметтерге сүйенеміз. Ісіктің қайта өсу-өспеуін гистологияға қарай статистикалық дерек нақтыланады. 

АҚШ, Еуропа, Оңтүстік Корея, Израиль секілді медицинада алға шыққан елдер тәжірибесінде де осы форма. Науқастар қомақты ақша құртып, шетелге барып ем алса да, ол түбегейлі жойылмайды. Тек көлемін кішірейтеді. Оны түбегейлі жою үшін ота жасадық делік. Тереңде орналасқан ісікке сау миды бұзып барады. Мақұл, ол қызметтік орталықта орналаспаса да, отадан соң бас ауруы болуы мүмкін. Қайтадан қалпына келгенмен, бұрынғысыша болмайды ғой. Мысалы, ақ парақты умаждап, қайтадан қалпына келтірейікші. Бәрібір қыжымдар қалады ғой...

– Облыстық клиникада қандай диагнозы бар науқастар республикалық деңгейде емделуге квота алады?

– Ісіктің орналасуына қарай. Тереңде орналасқан ісіктер республикалық деңгейде қаралады. Медицинаның әлемдік тенденциялары, инновациялар орталыққа жұмылдырылады ғой. Ота барысында көп аппаратты қажет ететін диагноздар жолдама алады.  

– «Қатерлі ісіктен айықтым» деген мотивтегі біршама жазба оқыдым. Сол қаншалықты рас әңгіме? Қатерлі ісіктен түбегейлі емделу мүмкін бе?

– Түбегейлі айығу мүмкін емес, қайталануы мүмкін. Егер науқасқа дер кезінде ота жаслса, отадан кейінгі терапиялар дұрыс қабылданса, ауру ремиссия кезеңінде болады. Ауру қоздырушы фактор болмаса, ауру белсенді болмайды. Кән сәулесінде жүруге, физпроцедура қабылдауға болмайды. Күтімі дұрыс болуы керек. 

Ісіктің түріне баланысты ісік көлемі ұлғаяды. Қан тамырға бай болса, қанмен қоректік зат көп келеді. Соған байланысты ісік ұлғаяды. Кей ісіктер ұлғаю процессі баяу болады. Егде тартқан 70-80 жастағы қарттар қабықшада пайда болған 2-3 сатиметрлік ісігімен келеді. Біз оларға еш зиянсыз ісік екенін түсіндіреміз. Бас сүйек қалыбын сақтағанмен ми жас өткен сайын солады. Кішірейе түседі. Бос кеңістік болғандықтан, ісік мазаламайды. Клиникалық көрінісі жоқ науқасқа ота жасағанмен, ол жақсаруды сезбейді. Ісікті ап тастағанмен, ота жасау кезеңі адам азасына өзгеріс енгізеді. Жаңа «хирург қасапшы емес пе?» дедіңіз ғой.. Хирург не болса соны кесе бермейді. Зерттейді. Зерделейді. Тек пайдасы болса ғана, нақты қадам жасайды. 

– Шетелдік фильмдерде қатерлі ісікті хабарлағанда барынша жіті түсіндіруге тырысады ғой. Сіздерде қалай?

– Науқаспен диалогтың өзіндік этикасы болады. Біз тек науқасқа түсіндірумен шектелмейміз. Туысқандарына да түсіндіреміз. Отада кейінгі болуы мүмкін асқынулармен құлағдар етеміз. «Бұны білсек, ота жасатпас едік» демесі үшін барлық туысының разылығын аламыз. Өзіме жақсы болсын деп қана шешім қабылдамаймын. Түнгі сағат 10-12 болмасын ота жасай береміз. Хирургия – тәуекелшіл әрекет. 

Мысалы, қазір миының төрттен бір бөлігінен көп мөлшерінде ісік бар науқасты емдеп жатырмыз. Ота сәтті өтті. Науқастың қант диабеті бар, инсулинге тәуелді. Ол гипрергликимия комаға дейінгі жағдайға алып келуі ықтимал. Әлсіз. Барлық тексеріс оң нәтижелі болса да, апаның қозғалысы болмады. Сосын эндикринолог көмегіне жүгіндік. Қазір ешнәрсе болмағандай «рақмет, балам» деп сөйлеп жатыр (күліп алды – Ә.Б). Мен ол кісіге «қант диабетіңіз бар, ота жасамаймын» десем де болар еді.  Көз алдымда ол кісінің солып бара жатқанын көргім келмеді. Балаларына барлығын түсіндіріп, әрекет еттік. Егер қант диабеті болмаса, ол кісі шапқылап жүріп кеткен болар ма еді...

Біреуде қан қысымы, жүрек ырғағының бұзылу секілді диагноз болуы мүмкін. Біз науқастың дене бітімін ескереміз. Тәуекел деңгейінің қандай екенін туыстарына түсіндіреміз. 

– Былтыр ресейлік Андрей Павленко «Такие дела» басылымымен бірлесіп қатерлі ісікке шалдыққан науқасқа арнап жазбалар дайындап еді. Туыстарға қалай айту керегін, өміріңе қалай жоспар құру керегін үйрететін еді. Қазақ тілінде мұндай мағлұматтар қолжетімсіз ғой. Дәрігерлер ғылым тілімен оқиды. Науқастарға диагнозын түсіндіру қиын емес пе?

– Науқастың тілімен сөйлесеміз. Медицинаның тілін науқас ұғынбайтынын ескереміз. Мысал үшін бір жағдаят қарастырайықшы. Дәрігер қабылдауына ата-апа келді делік. «Ойпырмай, атам сізді жұмсай беріпті ғой» деп апаға айтып қалсаң, ол кісі бар жағдайын баяндайды. Баяндау тіліне қарап, науқастың сөйлеу мәнерін тап басып бейімделіп аламыз. Апам «жас күнімде су тасып, нан жаптым» деп осы уақытқа дейінгі бар ауруын адақтап өзі-ақ айтып береді. Біз үшін ол көмек қой. Көңілі марқайған пациентке емен-жарқын сөйлесіп отырып, диагнозды түсіндіреміз. Осындай «отпен кіріп, күлмен шығатын» тірліктерді орындау арқылы бойын әлсіздік билеп, ішіне жиналған бар энергияны сыртқа шығарады. Қарап отырсаңыз, апада тұрмыстық мәселе көп. Ол тек өзін тыңдайтын адамды күтеді. Дәрігер тыңдай білсе, ары қарай емдеу ісіне де көмек.

«Мен бәрін білем» деп терминге жүгіну дұрыс әрекет емес. Пациенттің мамандығын сұраймын. Ол кісі көлік жүргізуші болса, көліктің тілімен сөйлеймін. Омыртқа жарығы бірінші протрузия болады (бастапқы кезең). Сіздің көлігіңіздің дөңгелегі бар ғой. Соның покрышкасына шишка шығады. Балон – бүтін, айдап жүрсіз. Сіздің покрышкаңыздағы шишка – протрузия. Ертең қатты соққы болған кезде, жұқарып тұрған жер жарылады. Ауа кетіп қалады деймін. Осылайша ол кісі түсінікті тілмен ұғынады. 

–Әңгімеңізге көп рақмет!

Балерке ӘСІЛХАН