Жүнісбек ІЛИЯС, стоматолог: Тісінен ұялғандықтан стоматологқа қаралмайтындар көп
Өмірдің бақытты сәтінде риясыз күлгеге не жетсін? Кей адамдар тісінен қысылып, ақжарылып күле алмайлы.Тіс саулығы – қашан да өзекті. Көпшілігіміз тіс дәрігері десе, үрейленетініміз жасырын емес. Ауруы жанына бастпайынша, дәрігерге қаралмай жүре беру – көпшілігіміздің әдетімізге айналғаны рас. Осы мәселенің төңірегінде шымкенттік білікті стоматолог Жүнісбек Ілияспен сұхбат алуды жөн көрдік.Ол @dr.iliyas инста-парақшасы арқылы 80 мың оқырманына тіс саулығы туралы кеңес береді.
– Тіс дәрігері неліктен көп адамның санасында қорқыныш сөзімен астасқан. Тіпті кейбір адамдар дәрігерге баруды кейінге қалдырып, жағдайын ушықтырып, тісінен айырылып жатады. Мұның себебі неде болуы мүмкін?
– Жалпы сіз айтып отырған қорқыныш стоматологияда «дентофобия» деп аталады. Кейде пациент тіпті қатты ауыртып жанына батқанда да осы қорқыныш салдарынан тек ауруды уақытша сейілтетін препараттарға жүгінуі мүмкін. Ал кейбір пациенттерде медициналық құрал жабдықтар мен олардың дауысынан, тіпті жай стоматолог үстелінен де қорқуы әбден мүмкін. Ал мұндай синдром кездесетін пациенттерде жүрек қағысы жиілеп, қан қысымы көтеріліп, басы айналуы секілді белгілер кездеседі.
Ал дентофобиядан бөлек 80 % адамдарда мынадай қорқыныш кездеседі:
Ең алдымен пациенттің басынан өткен келеңсіз тәжірибе себеп болуы мүмкін. Соның салдарынан іште үрей қалып қойып, стоматологқа деген сенімсіздік қалыптасып жатады.Санаддағы үрей пациенттерде сонау Кеңес үкіметі кезіндегі тегін стоматологияларға барып, 3-4 сағат кезекте отырып, жантүршіктірерлік стоматологиялық құралдармен емделудің салдарынан қалса керек.
Одан кейінгі бір себеп – қаражат. Бұл дегеніміз стоматологтың алдына барғанда өзінің қалтасы көтермейтін сомма айтылып, ыңғайсыз жағдайға қалудан қорқыныш. Кейінгі себеп комлекс. Менің инстаграмдағы парақшама (@dr.iliyas) күніне ондаған адам ауыз қуысындағы тістерінен ұялғандықтан стоматологқа қаралмай жүргенін алға тартады.
– Ал өзіңізге келген біз әңгіме етіп отырған қорқақ пациенттермен қалай жұмыс жасайсыз? Қандай тактикалар қолданасыз?
- Әр тіс дәрігерінің пациенттермен жұмыс жасау стильі әртүрлі деп ойлаймын. Мен ең әуелі пациенттерімді қабылдарда, оларға қазір тек консультация беріп, диагноз қоятынымды айтамын. Демек бірден ауыз қуысын ашып, емге кіріспеймін. Ондағы мақсатым пациентті өзіме сендіру, ол да бір плацебо секілді. Тек сонда ғана пациент сабырмен, еш үрейсіз, өзін алаңдатып жүрген мәселелерін бүкпесіз айтуы мүмкін. Себебі мен дереу емге кіріссем, пациент кейбір жағдайы тым мүшкіл тістерін іштегі белгілі бір себептен туындаған қорқынышы салдарынан бүгіп, айтпай қалуы әбден мүмкін. Сөйлесу барысында оның жасын, қайда оқитынын не жұмыс істейтіні сұралады. Дәл осы консультация кезінде-ақ проблемалық пациенттерді анықтап, олармен әрі қарай ем жоспары қалыптасады.
Тактикаға келетін болсам, көпшілік пациенттерде біздің құралдар, олардың дауысы стресс тудыратыны белгілі. Сол себепті «музыкатерапия» қолдануды дұрыс көремін. Психологтар музыканың адам ағзасына релаксациялық әсер беретінін әлдеқашан дәлелдеген. Әуенді композициялар пациентті тыныштандырады, назарын өзіне аударып, алаңдаушылықты сейілтеді. Емдік процесс аяқталғаннан кейін бірақы рақметтерін айтып, расында да көмектескендігін, емдік процедураның ойдағыдай өткенін айтып жатады.
– Осы тұста, сіздің тәжірибеңізде қорқып келген пациентпен қандай да бір келеңсіз жағдай болған ба?
- Күніне қанша пациент келсе, сонша түрлі жағдай өтеді екен қарап тұрсам. Адамдар әр түрлі, біз сонау оқып жүрген күндерімізден-ақ психологиялық дайындықтан өтеміз. Себебі әртүрлі жағдайға дайын болуымыз қажет. Талып қалу да болады, мүлде сөйлемей қалу да болады. Не себептен талуы мүмкін? Біреулері кабинетке кіргеннен-ақ талып қалады немесе аш қарынға келіп, қорыққаннан есінен талып қалады. Ол жағдайда алдымен бірінші көмек көрсетіледі және де үйінде алдымен седативті дәрілер ішіп келуге кеңес беріледі. Дәл осындай жағдайлар болмас үшін мен ең алдымен пациенттерімді консультация алуға жазамын. Консультация кезінде үйінде тамақтанып, тыныштандыратын дәрі ішіп келуге кеңес беремін. Ал уколдан туылғаннан қорқатын пациенттерге алдымен теріні жансыздандыратын себетін жансыздандырғыш қолданамын. Яғни қазіргі дамыған заманда шешімі көп.
– Егер де әрекетсіздік танытып, қорқынышын сылтауратып, тіс дәрігеріне мүлде бармай қойса, қандай жағдайларға алып келуі мүмкін?
– Ондай жағдайда қарапайым кариес пульпитке айналуы мүмкін, ал егер сіз жағдайды одан да көп кешіктірген болса, онда тісті жұлу керек болады. Сондай-ақ, тістердің нашар жағдайы бүкіл организмге теріс әсер ететінін ұмытпаған жөн, өйткені кариес инфекция болып табылады.
Дәрігерге бір-екі рет барғаннан кейін түбегейлі жоюға болатын қызылиектің қабынуы периодонтит немесе гингивитке айналады. Бұл тістердің қозғалғыштығының пайда болуына да алып келіп жатады. Халықтық емдеу әдістерін қолдану көп жағдайда уақытша ауырсынуды жоюы мүмкін, дегенмен мәселе одан да ушығатыны анық. Ең сорақысы қызыиек қабынғаннан кейде түрлі операцияға дейін алып келетін жағдайлар да болады. Сондықтан қорқынышпен дер кезінде жұмыс жасалуы қажет деп есептеймін.
– Стоматологтар стоматологқа барудан қорқады ма?
– Стоматолог болып өмірге келмейді ғой (күлімсіреді,- М.Ш) Ол да адам баласы. Пациенттерді емдеу бір бөлек, өзің пациент болу бір бөлек. Дегенмен тіс дәрігерлері тістің күтімін жақсы ұстанады, жылына екі рет тістерін кәсіби тазартып тұрады. Сондықтан мамандарда тіспен мәселе өте сирек кездеседі. Бірақ та өмірімде бір рет тіс дәрігеріне барғанымда менде қорқыныш емес, сенімсіздік болды. Бәрін біліп тұрғаннан болар, дұрыс жасамай қояды ма деген сенімсіздік болып тұрады.
– Олай болса сұхбатымыздың соңғы сұрағын былай қояйын. Тісін емдетуге қорқатын пациенттерге қандай ұтымды кеңестер берер едіңіз?
– Қазіргі стоматология бұрынғыдай емес. Заманауи анестетиктер мен жоғары сапалы материалдарды қолдану бүкіл емдеу процесін науқас үшін ауыртпалықсыз және мүмкіндігінше жайлы етеді.
Позитивті ойлау қажет. Емдеу процессі кезінде жақсы нәрселер туралы ойлануға болады. Мәселен тістерінің енді ауырмайтынын, тістері сау әрі әдемі болатыны жайында.
Тіс дәрігерімен қорқынышымен бөлісуге болады. Сол кезде дәрігер процесстің қалай өтетіндігі туралы толықтай ақпарат бере алады.
Дентофобия потологиясы кездесетін науқастарға ең маңызды кеңесім - тіс дәрігерін дұрыс таңдау. Қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы ғой, алдымен дәрігер жайлы пікірлер мен деректерді қарастырып, тек өзінде іштей сенім қалыптастырған дәрігерге бару да қорқынышты едәуір сейілтеді.
Кез-келген заманауи стоматолог пациенттің тістерін тез, ауыртпалықсыз және жақсы емдеуге тырысады. Бұл дәрігердің өз мүддесіне жақсы әсер етеді. Өйткені, егер пациентке жұмыс ұнаса, ол болашақта клиникаға міндетті түрде оралады. Сонымен қатар, тіс дәрігерін достарына да кеңес береді. Бұл кез-келген маман үшін өте маңызды.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Әңгімелескен М.ШАДАЙ
Бөлісу тақырыбы: Жүнісбек ІЛИЯС, стоматолог: Тісінен ұялғандықтан стоматологқа қаралмайтындар көп