Дәрігер-блогердің кеңестері
Қазір ақпарат айдыны шексіз. Әсіресе инстаграм желісін қолданушылардың саны күннен-күнге артып келеді. Мұнда қызықты посттар, пайдалы кеңестердің барлығын табуға болады. Инстаграм біреулер үшін жәй уақыт өткізетін алаң болса біреулер үшін ақша табудың жолы. Әлеуметтік желі арқылы халыққа пайдасын тигізіп отырған жандар да жеткілікті. Инстаграм дамығалы бері дәрігер блогер деген жаңа «мамандық иелері» пайда бола бастады. Желіде отырып, халыққа кеңес беріп, «ем жүргізетін» инстадәрігерлердің мақсаты не? Бұл туралы желінің сүйікті дәрігеріне айналған маманның бірі Алтынай Нұрсейітова бізге айтып берді.
Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығы бойынша тәмамадаған Алтынайдың жасы 29-да. Үш баланың анасы. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы ауруханада дәрігер ретінде қызметін бастаған. Жас маман тек кабинетке келген пациенттерге ем-дом көрсетпей барша халыққа білгенімен бөлісуді ұйғарып, инстаграмда парақша жүргізуді қолға алады.
«Түсіне білген адамға инстаграм ақпарат берудің жалпы идеологияның мықты құралы. Ал мұндай құралды неге жақсы мақсатта пайдаланбасқа?! Көптеген адамдар, әсіресе жастар, үйде отырған қыз-келіншектер көп уақытын осы желіде өткізеді. Оның ішінде пайдалысы-пайдасызы бар барлық посттарды оқиды. Осы жағдайды бағамдағасын елге пайдалы парақша ашуды жөн көрдім. Сөйтіп 2017 жылы дәрігер блогер ретінде өз парақшамды аштым. Алғашқыда қолым босаған сәттерде медициналық ақпарат, пайдалы кеңестерді салып отырдым. Ақырындап желі қолданушыларынан көптеген сұрақтар келіп түсе бастады. Сол сәтте оқырмандарыма өзімнің керек екенімді сезіндім. Халықтың сұранысына сай түрлі жазбаларды салып отырдым. Осылайша 0-ден басталған парақшам бүгінде 75 мыңнан астам оқырман жинады. Қазір бала күтіміне байланысты декреттік демалыстамын. Үйде отырсам да халықтың денсаулығы мені қатты алаңдатады. Елге ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол сілтеп жүрмін деген ойдаймын»,- дейді дәрігер.
Ақ халаттылардың айтуы бойынша соңғы жылдары халықтың медициналық сауаттылығы артып келеді. Бұған Алтынай секілді желіде блок жүргізетін дәрігерлердің артуы да септігін тигізіп отырған болар. «Инстаграмда қазақ тілінде блок жүргізетін дәрігерлер өте аз. Сондықтан жазбаларымды тек қазақ тілінде жазамын. Менің мақсатым қазақ әйелдерінің денсаулығын нығайту, жас қыздарды ана болуға дайындау, жүкті келіншектерге күтім жасауды үйрету, жүкітіліктен кейінгі денсаулықты қалпына келтірудің жолдарын көрсету және егде жастағы денсаулығына салғырт қарайтын әйелдердің «қартайдық» деген қате стереотипін жақсы жаққа өзгерту. Қазір әр жазбамды асыға күтіп отыратын оқырмандарым жеткілікті»,- деген кейіпкерімізге біраз сауалдарды қойған едік.
- Оқырмандарды қандай тақырып қызықтырады?
- Өтімді посттарға дұрыс тамақтану, артық салмақтан арылу, асқазан ішек жолдарының алдын алу секілді тақырыптар жатады. Фитнес залдарына бармай-ақ үйде ішті кетіретін жаттығулар, жеңіл диета секілді жазбаларым көбірек лайк жинайды. Ең бастысы желі қолданушыларына ақапаратты түсінікті, жеңіл тілмен және ашық түрде жеткізсең, олар қызығып оқиды.
- Жазбаларыңның халыққа пайдасы тиіп жатқанын сезесіз бе?
-Әрине. Осы күнге дейін қаншама оқырмандарымның алғысын алдым. Асқазан ішек жолдарының және қалқанша без ауруларының алғашқы симптомдары және алдын алудың жолдары туралы ақпаратпен бөліскенімде біраз адамдардар хабарласып менің жазбамның арқасында өздерінде осы аурудың белгілері бар екенін білгенін айтып, қазіргі таңда ем алып жатқандарын жеткізіп, алғыстарын айтты. Сондай-ақ қаншама қыз-келіншектер менің кеңестерім арқылы ешқандай шығынсыз, дәрі-дәрмексіз артық салмақтан арылды.
- Инстаграмға күніне қанша уақыт жұмсайсың?
- Бір сағаттан көп уақытым кетеді. Постты тек жазып қана отырмай оқырмандардың пікірлерін оқып отырамын. Әрбірінің сұрақтарына толыққанды жауап беруге тырысамын. Кейде өздері келесіде мынадай ауру жайлы жазсаңыз, мынадай кеңес берсеңіз екен деген ұсыныстарын айтып жатады. Халықпен жақын болсаң олар да саған жақындай түседі. Маған оқырмандардың саны емес сапасы маңызды. Ал оларды сапалы ететін блогер, яғни посттың авторы. Егер олар қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, барынша сапалы кеңес бере алсаң олар да белсенділік танытып отырады.
Диетолог мамандығын қоса игерген Алтынайдың әңгімесінен ұққанымыз дәрігерге блогер болу оңай емес. Айтуынша әсіресе нәзік жанды ақ халатты блогерлер барлығына үлгеруі тиіс. Жұмысын істеп, желі оқырмандарымен байланыста болып, үй шаруасы, бала тәрбиесі, сондай-ақ өмірлік жарының да көңілін таба білу керек. Жас маман инстаграмда сурет, видео өңдеу секілді тәсілдерді өз бетінше үйренген көрінеді. Қажет жағдайда жолдасынан ақыл сұрайды. Блогер болудың өз жауапкершілігі бар дейді ол. «Жұртқа ақыл айтып отырған соң өзің де өзгелерге үлгі болуың керек. Сондықтан мен барынша дұрыс тамақтануға тырысамын. Рационымда қуырылған, ащы және тәтті тағамдар, фаст-фуд, газдалған сусындар секілді зиянды тағамдар жоқ. Оның орнына балғын және кепкен жеміс жидекдер, көкөністерден жасалған салаттар тұтынамын. Дене бітімімді бір қалыпта ұстап тұру үшін күнделікті таңертең ваакумды, лимфодренажды жаттығулар жасаймын».
Дәрігер – қадірлі де қасиетті мамандық. Гиппократқа ант берген ақ халаттылардың негізгі міндеті халықтың денсаулығын сақтау, науқастарға ем көрсету. Ақпараттық, цифрлық дәуірде науқастардың жүрегіне виртуалды тәсілмен жол тауып отырған Алтынай секілді дәрігер блогерлердің көбеюі ел саулығының нығаюына септігі тиер деген ойдамыз. Құрметі оқырман, ендеше Алтынайдың кеңестеріне сіз де көз жүгіртіп көріңіз.
Аяқ қолдың ісінуі неден екенін білесіз бе ?
Кейбір жағдайда қонаққа,тойға барғанның екінші күні немесе етеккір циклы кезінде байқауға болады. Ағзада ұсталып қалған артық судың арқасында салмақтың көбеюі байқалады.
Ешбір тиын шығармай дұрыс тамақтанып ағзадағы артық суды шығаруға болады.
Ағзадан суды қалай шығарамыз?
- тұздың мөлшерін азайту !
- ағзаңызда су тұз алмасу бұзылған болуы мүмкін. Бір тәулікте тұз нормасы 5 граммнан аспасын.
- өзінен ісікті байқаған адам суды шектейді , керісінше суды 2л дейін ішкен дұрыс. Судың жеткіліксіздігі ісінуге алып келеді.
- В группасының дәруменін және темірдің мөлшерін жоғарылату.
- етеккір циклы кезінде магний және кальцийды қолдану,ағзада артық судың ұсталуының алдын алады.
- 1 грамм көмірсу 4 грамм суды ағзада ұстап қалады.
- Тәтті жегеннен кейін екінші күні таразыға тұрып таңғалмаңыз.
- кофе, алкоголь ағзаны сусыздандырады
- спортпен айналыссаңыз ағзадағы су циркуляцисын жақсартасыз
- лимфодренажды жаттығу және массаж жасау.
- отырып жұмыс жасайтын болсаңыз әрбір сағат 1 сайын орныңыздан тұрып 5 минут жүріңіз.
- түнгіге шамадан тыс су ішпеген дұрыс. Күндіз су нормасын орындамай ,кешке орнын толтыру қате !
Бүйрек түнде демалу керек.
Ісінудің басқада себептері болуы мүмкін , бүйрек немесе жүрек ауруынан. Әр жарты жыл сайын анализ тапсырып дәрігерге қаралып тұрыңыздар .
Жүктіліктен кейінгі артық салмақтан арылудың жолдары
Жүктіліктен кейінгі салмақ көптеген келіншекті уайымға салады.
Артық салмақтың болмауын жүктілікке дейін қадағалаған дұрыс.
Ал , артық салмағы бар келіншектерге мынадай кеңес беремін.
1. Режим. 7-8 сағат ұйқы.22.00-23.00 уақыт аралығында ұйқыға жатып,т аңертең ерте тұру.
2. 1,5-2 литр су ішу!
3. Өзіңізді көп аямай ,көбірек қозғалыста болыңыз. Жаттығу күнара 15-20 минуттан бастаңыз.
4. 5000-10000 қадам жүру(шагомер программасын жүктеп алыңыз).
5. Табиғи жолмен босансаңыз 3 айдан кейін, КС болса 6-7 айдан кейін вакуум жаттығуын жасаңыз.
6. Таза ауаға күнде шығып 15-20 рет терең тыныс алыңыз. Ауаны мұрынмен тартып, ауызбен шығару.
7. Аш қарынға 100-200 секіру.
8. Тәттінің орнына көкөніс, кепкен жемістер жеу (кешкі сағат 17.00 дейін).
9. Таңғы асқа ботқа дайындап жеңіз. Кейбір адамдар таңғы ас ішпейді,ол қате.
10. Өзіңізді үнемі айнаға қарап мақтаңыз,жақсы көріңіз ! Қандайсыз дәл сол күйіңізде өзіңізді қабылдаңыз!
А.АСАНҚЫЗЫ