Марат ТӨЛЕГЕНОВ, онкохирург : Елімізде обырды емдеуге бар жағдай қарастырылған
Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы. Жайқалып тұрған бөлме гүлдері. Қабырғаларға түрлі картиналар ілінген. Өзімді арт-терапия қабылдап жүрген адамша сезіндім. Ботаникалық бақ іспетті үш дәлізден өтіп, онкохирургия бөліміне келдік. Мақсатымыз – бөлім меңгерушісі Марат Төлегеновпен кездесу. Өмір үшін күдік пен үміт майдандасқан бөлімде әр сәт бағалы. Уақыт – адам өмірінің құнындай. Кейіпкеріміз жылы шыраймен сәлемдескен сәттен, кез келген тақырыпта тосырқамай әңгіме өрбітуге мүмкіндік алдым.
Бөлімнің көмегіне тек Түркістан облысының тұрғындары ғана жүгінбейді. Сондай-ақ Тараз қаласы, Қызылорда облысының тұрғындары да портал арқылы ем алады. Көпсалалы бөлімше болғандықтан, мүмкіндік жоғары. Қазір дүниежүзінде сүт безі ісігі мен өкпе рагының кездесуі жиілеген. Сондықтан әр адам 35-40 жас шамасында тексерістен өтуге салғырт қарамау шарт. Қатерлі ісік ерте анықталса, соғұрлым емдеу оңайырақ болады. Клиникалық көрініс байқалғанға дейін науқас денсаулығына жіті мән беру керек. Мысалы, сүт безі ісігі анықталған әр үш әйелдің бірі өмірден озады. Ол фактор – диагноз кеш анықталғанымен байланысты. Сүт безі обырын әйел адамдар өзін-өзі тексеру техникасын қолдану арқылы анықтауына да болады. Ауруға ерте диагностика жасалған сайын толық жазылуға мүмкіндік жоғары болмақ. Түскі үзілісін бізге арнаған Марат Асанбайұлымен көбірек пациент пен дәрігер арасындағы қатынас туралы диалог құруға тырыстық.
– КСРО кезінде онкологиялық диагнозды науқасқа тіке айтпаған. Қазіргі тенденция дәрігер мен науқас арасындағы ашық диалогты қажет етеді. Ғаламтор да, ақпарат та қолжетімді. Қазір ашық түсіндіреміз. Емделуі, аурудың қайталанбауы өзіне байланысты екенін айтамыз. Науқастен ешнәрсені жасыру мүмкін емес. Отадан кейін химиялық немесе сәулелік терапия алудың маңызын айтамыз. Ағзада болатын өзгерістерге дайындаймыз.
Онкоклеткалар ағзадағы өзге клеткалардан тезірек өседі. Обыр клеткалары бөлініп өсетіндіктен, қоректік заттарды көбірек қажет етеді. Адамның денесіне тағам арқылы баратын барлық нәрі обыр клеткаларына тиімді болады. Химиятерапияның негізгі миссиясы – обыр клеткаларын улау. Обыр клеткалары уланғанда, белсенділігі төмендейді. Ағзада түк, шаш, бет тері қабаты, қан клеткалары жиі жаңарып отырады. Осы тіндер әлсірейді. Химия алатын кісілер пандемия жағдайында әлеуметтік арақашықтықты сақтап, оқшаулануы керек.
Барлық ауру – адамның басында, ойында.. Науқстың сауығам деген сенімі – үлкен күш. Адам сағы сынып, ауруды «өлім» үкіміне кесілгендей қабылдаса, емдеуші дәрігер мен медицинаның көмегі аз тиеді»,- дейді дәрігер. .
Әңгімеміз ақ халаттылардың бөлмесінде өрбіп жатқан. Қанша жылдық тәжірибесі болса да, алғаш рет ота жасайтын адамша жауапкершілікпен аттанған хирург та, отадан кейінгі күтімге байланысты кеңес беріп жүрген маманды да қапелімде ұстадым. Бәрі де тамақтануға бөлінген уақыттың 5-10 минутын түстенуге арнап, ары қарай қызметін жалғап кетті. Марат Төлегеновке қоңырау шалушылардың қарасы қалың болды. Тіпті науқастардың туысқандары қоңырау шалып, кеңес сұрап жатты. Сол мимика, сол дауыс ырғағы сақталды. Жылы лебіз. «Доктор Куин», «Доктор Хаус», «Ғажайып дәрігер» секілді шетелдік телехикаялар ойыма оралды. Отандық дәрігерлер туралы фильм түсірсек, жанры шытырман оқиғалы болатынына кәміл сендім. Фильм дегеннен шығады, осы шетелдік киноларда қатерлі ісікке қатысты сюжеттер көп. Мифі мен ақиқаты аралас. Сондай кадрларды көріп алып өз ауруының емделу барысын басқарғысы келетін науқасқастарға қалай қатынас жасайсыз деп сұрақ қойдық.
–Қазір ондай науқастар көп кездеседі. Бұрын болмайтын. «Мен білемін», «өзім емдеймін», «маған мынандай сал» дейтіндер де бар. Ондай науқаспен терең психологиялық диалог құрамыз. Емделу ниетінде келіп отырғандықтан, пациент дәрігерге толығымен сену керек. Сонда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. Дәрігерге сенбей, «емделем» деу негізсіз шешім.
«Обыр» диагнозы қойылғаннан дәрігер науқастың жанына үңілуі керек. Онсыз жақсы дәрігер атану қиын. Емнің әр этапында науқастың тұла бойын ғана емес ойын ескеру керек. Дәрігер өзі жанып, науқастарға жылу береді. Жанған нәрсе күлге айналады, таусылады. Дәрігерге де қиын. Өз денсаулығына көңіл бөлуге уақыты да болмайды. Зейнетке шыққан хирург жайлы естісек, өзіміз шыққандай қуанып кетеміз. Әр отаға кемі 2сағат, кейде 8-9 сағат уақыт кетеді. Рентген сәулесімен жұмыс істейміз. Ол – адам ағзасына радиация. Іс тәжірибемде ең көп уақыт жұмсалған бауыр ісігне жасалған ота – 10 сағатқа созылған болатын.
Осы арада емделуі ең қиын ісік қандай екенін білгім келді. Дәрігер пациенттерге ауыр әсер ететінін ескеріп, жауап бермеді. Жеті өлшеп бір кесер сұңғылалық – дәрігердің қаруы іспетті. Әркімнің жеке кеңістігін сыйлай білетініне риза болдым. Медицина – күрделі ғылым. Сөздік қоры жалпыхалықтық тілден ұзақ. Түсіну қиын. Марат Асанбайұлынан науқасқа диагнозын қарапайым тілмен қалай түсіндіруе болатынын дилемма ретінде ұсындық. Өзіміз өкпе рагына шалдыққан науқас кейіпінде тыңдауға келістік. Дәрігер арнайы суретке жақындап сөйлеп бастағаннан, фотоаппаратымызға сурет түсіріп үлгердік.
–Көліктің дөңгелегі я моторы іспетті бөлшектерімен диагнозды бейнелеу арқылы айтамыз. Одан бөлек үй жануарларының ағзасымен өкпе, өт , бауыр секілді органдардың құрылымын сипаттап береміз. Бауырда тек онкология емес, өт қапшығының тасын көруге болады. Көбі лазермен алып тастауға болады деп ойлайды. Бірақ кей бөлікте толық тазармайды . Суретте ағзаның сау күйі мен ауруға ұшырағандағы күйі бейнеленген.Осы суретпен таныстырып, қалай ем алуды, күтінуді түсіндіреміз. Емнен кейін науқасты бақылауда ұстаймыз. Яғни пациент бес жыл көлемінде диспансерде есепте болады. Бірінші жылы 3 ай сайын, 2-ші жылы 6 айда бір, 3-ші жылдан бастап 6 ай сайын тексерістен өтіп тұрады.
Онкологияның негізгі себебі – ағзадағы бөтен клеткалардың пайда болуы. Бір рет иммундық бұзылыс орын алған ағзада ауру қайталануы ықтимал. Сондықтан науқастың денсаулығын бақылаймыз. Үлкен шелек өндіретін зауытты мысал ретінде қарастырайық. Бір шелектің құлағы сынып қалса, тексеруші оны қайта өңдеуге жібереді. Сол тексеруі іспеті ағзаны бақылау қызметін иммундық жүйе атқарады. Иммундық жүйе әлсіреген сәтте жарамсыз клеткалар көбейеді. Ондай клеткалардың саны артуы салдарынан, обыр клеткалары күшейеді. Онкоклеткалардың белсенділігі кешенді емнен соң төмендейді. Науқас тек тексерістен өтіп тұрса болды. Дәрігердің көмегіне қайта жүгіну мүмкіндігі төмен.
Марат Төлегенов дайын сурет қолданып немесе қолмен сызып түсіндіреді екен. Осы жасқа келгенше, мән бермеген мәліметтерге қанық болып, санамыз серпіліп қалды. Осыған дейін «Жұлдыздар отбасы» журналы сүт безі ісігіне шалдыққан әйелдері жұбайы тастап кету оқиғасы жиі кезігетініне байланысты материал дайындаған еді. «Ер азаматтар әйелінің сырқатына шошына қарауы дұрыс ақпараттанбағаннан ба?» - деп сауалымызды жолдадық.
–Иә. Біріншіден, сүт безін толық алып тастағанмен оның орнына протез қояды. Әйелдер арасында ең көп кездесетін диагноз – сүт безі обыры. Ем алып жүрген адамға психологиялық күй өте маңызды. Барынша позитив болғаны жақсы. Сүт безінің орнына протез орнататын оталар осы жылдың аяғынан бастап қолға алынуы жоспарлануда.
Кабинеттен шығып аурухананы бірге араладық. Жаңа аппараттармен таныстырғанда ықыласты болды. Науқастардың барлығы кейіпкерімді көргенде жымия қарады. Арасында жасалып жатқан күрделі оталар туралы бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Тек сүйек обырына ем алуға республикалық деңгейде портал туралайды екен. Әлеуметтік желілерде, фильмдерде қатерлі ісік анықталса, Кореяға, Израильге аттанатын қейіпкерлер ойыма оралды.
–Медициналық туризмнің жарнамасына байланысты ғой. Шетелде емделіп келген науқастар қомақты қаражатқа басқа елден алып келген дәрісі бізде тегін екенін біліп өкінеді. Молекулалық анализ тағайындалады. Ген деңгейінде, онкологияның хромосомасын тексереді. Соны тексерген кезде химиялық препараттар тағайындалады. Ол дәрінің құны -4 миллион теңге. Осындай 3-4 курс қабылдау керек болады. Арнайы комиссия бұл препаратты тағайындайды. Елімізде обырды емдеуге бар жағдай қарастырылған!
Науқастардың дәрігерге сенімі артқанын, дәрігерлерге пара маңызды деген пікірдің жойылуын, отандық медицинаны төмен деген ойдың болмағанын қалаймын.
P.S. Дүниежүзілік онкологиялық аурулармен күрес күніне орай облыстық клиникалық емханада 4-6 ақпан аралығында ашық есік күні өтеді. Акцияда Түркістан облысының, Шымкент қаласының тұрғындары тексерістен өте алады. Бұл хабарландыруды кейіпкеріміз сөз басында айтқан еді.Уақыты қымбат маманның «уақытын алмайық» деп редакцияға қайттық. Емхана аумағында уақыттың қалай өткенін байқамаппыз. Сағат тілі 5:30-ды көрсетті. Кейіпкеріміздің кешке дейін түстенуге уақыты болмағанына таң қалдық. Әркез сын айту барлығының қолынан келеді. Бірақ өмірін дәрігерлік міндетке арнауға батылы жететіндер аз...
Балерке ӘСІЛХАН
Бөлісу тақырыбы: Марат ТӨЛЕГЕНОВ, онкохирург : Елімізде обырды емдеуге бар жағдай қарастырылған