МӘМС-ке қатысты өтінішті Қорға жолдауға болады

Елімізде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына сәйкес, азаматтар МӘМС жарнасын төлеуге міндеттелген. Бұл бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тұрғындардың өзектілігін жоғалтпайтын сұрақтарына жауап беруді жалғастыруда. Халық арасында мамандар медициналық сақтандырудың тиімділігін жан-жақты түсіндірсе де сауалдар «Диагноз» газетіне жиі жолданып тұрады. Солардың бірнешеуіне Түркістан облыстық тері-венерологиялық аурулары диспансерінің денсаулық сақтау менеджерi Азизхан Гулиев жауап берген еді, назарларыңызға ұсынамыз.

image.png

– Ай сайын Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеймін, сонда да «сақтандырылмаған» деген мәртебе беріледі, неге?

– Сірә, өтініш берген сәтте ағымдағы ай үшін БЖТ төленбеген немесе алдыңғы үш ай ішінде олқылықтарға жол берілген. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, сақтандыру мәртебесін алу үшін БЖТ-ны үш ай қатарынан төлеу қажет. Сонымен бірге, егер ол төртінші айда медициналық көмек алуға ниет білдірсе, онда ол ары қарай БЖТ төлеуі керек.

Мүмкін, адам техникалық себептермен жүйеден «шығып  қалған» шығар. Ол үшін  әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіну қажет. Егер мамандар барлық жарналардың бар екеніне көз жеткізсе, мәртебесін қалпына келтіреді.


– Жеке клиникаға тіркелуге бола ма? 

– Иә, әрбір адам бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсету ұйымын еркін таңдауға құқылы, бұл ереже жеке ұйымдарға да қолданылады. Жалғыз қойылатын шарт – клиника Қордың жеткізушісі болып табылуы және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  (МӘМС) бойынша қызметтер көрсетеді.

Емхананы жыл сайынғы тіркеу науқаны шеңберінде, сондай-ақ егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын, жұмыс істейтін немесе оқитын жерін ауыстырған, басқа елді мекенге көшкен немесе өзі жатқызылған емхана қайта ұйымдастырылған жағдайларда ауыстыруға болады.


– МӘМС төлемегені үшін  адамға қандай қауіп бар? Қандай айыппұлдар қарастырылған? Жұмыссыздарға қалай төлеуге болады?

– Өз қызметкерлері үшін жарна аударатын жұмыс берушілер үшін МӘМС бойынша берешек пайда болған жағдайда төлем күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күн үшін берешек сомасының 1,25 пайыз мөлшерінде өсімпұл көзделген. Егер жұмыс беруші қызметкерге төлем жасамаса немесе оны уақтылы жасамаса, қызметкер МӘМС пакетінде медициналық көмек ала алмайды, оның мәртебесі «сақтандырылмаған» болып өзгереді.

МӘМС үшін аударымдар зейнетақы, әлеуметтік аударымдарды төлеу сияқты міндетті болып табылатынын атап өткен жөн. Бірақ жұмыскерлерге, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, БЖТ төлеушілерге қандай да бір айыппұл санкциялары жоқ. Төлемдер тұрақты болмаған жағдайда азаматқа сақтандырылушы мәртебесі берілмейді.

Жұмыссыздар мемлекет аударымдар жасайтын азаматтардың жеңілдікті санатына жатады.  Жұмыссыз мәртебесін растау үшін жұмыспен қамту орталығына хабарласып, есепке тұру қажет. Егер адам жұмыссыз бола тұра, жұмыспен қамту орталығына жүгінгісі келмесе, онда дербес төлеуші ретінде ай сайын 2125 теңге мөлшерінде жарна төлеу ұсынылады.


– Жүктімін.   Басқа  жерге көшіп кеттім, енді мені бұрынғы емханада қабылдамайды, не істеуім керек?  

– Денсаулық сақтау министрлігі (ДСМ) бұйрығына сәйкес, жүкті әйел нақты тұратын жері бойынша емханада есепте тұруы тиіс. Пациент көшіп келгендіктен, яғни медициналық ұйымның қызмет көрсету аумағынан шыққандықтан, емхана өкілдері оны қабылдамауға құқылы.

Жүкті әйелдер үшін қадамдық қолжетімділік қағидатын есте сақтау өте маңызды: МСАК дәрігерлері егер емхана пациенттің үйінен 15-20 минуттық жаяу жүретін болса ғана көңіл-күйінің нашарлауы кезінде жедел көмек көрсете алады. Сондықтан жақын жердегі   емханаға тіркелуді ұсынамыз.


– Егер МӘМС үшін төлем жасамасам, шетелге шыға аламын ба?

– Иә. Елден кету құқығын шектеу бірнеше жағдайда қолданылады, егер: адам сот процесіне қатысатын немесе қатысса, салық, айыппұл немесе алимент бойынша берешегі болса. Көріп отырғанымыздай, «МӘМС-те сақтандыру мәртебесінің болмауы»  бұл тізімде жоқ.


– Еңбек мигрантының отбасы мүшелері жеңілдік санатын ала ала ма?

– МӘМС жүйесіне қазақстандықтармен қатар Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан азаматтары, яғни Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдер қатыса алады.

Егер еңбек мигрантының балалары Қазақстанда тіркелген болса, олар ұлттық білім беру деректер базасы жүйесіне енгізілсе, онда олар үшін жарналарды мемлекет төлейтін болады. Жүкті немесе бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелі де жеңілдік санатына жатады, бірақ ол әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартылған жағдайда ғана. Егер әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартылмаған болса, ол дербес төлеуші ретінде жарна төлей алады, сондай-ақ МӘМС-тің барлық қолжетімді қызметтерін пайдалана алады.

Егер шетелдік, мысалы, Италиядан болса, оған тек ақылы медициналық көмек көрсетіледі.   

 

 – Менің арқам ауырады, физопроцедура қтейін деп едім. Мұны тегін жасауға бола ма?

– Физиопроцедуралар тек екі жағдайда тегін жүргізіледі: егер олар ауруды емдеудің клиникалық хаттамасында көзделген және емдеуші дәрігер тағайындаған немесе оңалту кезіндегі қызметтер кешеніне кіретін болса.


– Бала 10 жаста, ауруханадан шыққаннан кейін күтім қажет. Ата-ананың біреуіне аурухана парағын ашуға бола ма?

– Әрине, ата-ана 14 жасқа толмаған науқас балаға күтім жасау үшін еңбекке жарамсыздық парағын ашуға құқылы. Құжат ол күтімді қажет ететін кезеңге, бірақ күнтізбелік 10 күннен аспайтын мерзімге беріледі және ұзартылады.


– Медициналық сақтандырусыз еңбекке жарамсыздық парағын ашуға бола ма?

– Еңбекке уақытша жарамсыздығын тану үшін адамға еңбекке жарамсыздық парағы қажет. Егер ол бір жерде жұмыс істесе, онда жұмыс беруші ол үшін аударымдар жасайды және медициналық сақтандыру болуы керек. Егер адам қандай да бір себептермен МӘМС жүйесінен «шығып қалса», онда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде еңбекке жарамсыздық парағын ашуға болмайды.


– Мен жеңілдетілген жеке кәсіпкермін, жалдамалы қызметкерлерім жоқ, МӘМС үшін қандай соманы төлеуім керек?

– Жеке кәсіпкерлер үшін,  салық есептілігі нысанына қарамастан, ай сайынғы жарна сомасы тіркелген және 2021 жылы 1,4 ең төменгі жалақынің (ЕТЖ) 5 пайызын – 2975 теңгені құрайды. МӘМС төлемін өзіңіз үшін екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі, «Қазпошта» АҚ, мобильді қосымшалар арқылы аударуға болады Kaspi.kz, TengriBank, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету «Касса24» және Qiwi әмиян терминалдары арқылы төлеуге болады.

Естеріңізге сала кетейік, МӘМС-ке қатысты өтінішті кез келген кері байланыс арнасы – 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-бот @SaqtandyryBot және ресми сайт арқылы қалдыруға болады fms.kz.

Суреттер ашық дереккөзден алынды