Қызылшаның қауіпі жоғары

image.png

Түркістан облысында наурыз айының өзінде   қызылша аурушаңдығынан  15 күдікті  жағдай тіркелді. Оның 13-і зертханалық дәлелденген. Соңғы жұма күні түскен 2 науқасқа қатысты  зерттеу қорытындылары жұмыс үстінде.  Қызылша ауруына шалдыққандардың барлығы дерлік балалар арасында,  тіркелген жағдайлар Түркістан қаласы мен Сауран ауданының тұрғындары. Тек  біреуі ересек адам.   Науқас балалар қызылшаға қарсы вакцина алмаған.

 Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі эпидемияның алдын алу үшін   қызылшаға қарсы екпе алмаған өңір тұрғындарын вакцина алуға шақырады. 17 жасқа дейінгі бала қандай да бір себептермен егілмеген болса, қызылша ауруының алдын алу үшін екпе алу қажет. Вакцина алу үшін жергілікті емханаларға, дәрігерлерге жүгінуі қажет. Екпе алу тегін. Қызылша ауруы асқынған жағдайда бронхопневмонияға, лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит (тамақ ауруларының асқынуына) -энцефалитке (мидың қабынуы) әкелуі мүмкін.

Науқаспен байланыста болған, қызылшаға қарсы вакцинаны алмаған адам және  жасы отызға толмаған азаматқа  ҚР ДСМ 2021 жылғы №13 бұйрығына сәйкес қызылшаға қарсы екпе салынады.

Эпидемияның алдын алу, және оны болдырмау үшін  білім ошақтары мен балабақшаларда да  санитариялық-эпидемиологиялық шараларды (қызылшаға қарсы қарсы екпе алу, бөлмені жиі желдету, ылғалды тазалау жұмыстарын жасау, дене қызуының көтерілуі, бастың ауыруы, әлсіздік және бөртпе сияқты аурудың алғашқы симптомдары пайда болғанда дәрігерге қаралу, халық көп шоғырланған орындарда маска киіп жүру  ұсынылады)  күшейтіп, сақтық шараларын ұстанған абзал. Қызылша ауруы  - көбіне балалар арасында жиі кездесетін,  ауа-тамшы жолдары арқылы тарайтын инфекция. Күз-көктем мезгілдері эпидемиялық маусымдары болып саналады.  Адамнан адамға жұғуы өте жоғары. Аурудың жасырын кезеңі 7-21 күнді  құрайды.

Науқаспен байланыста болғаннан кейін, суық тиюдің белгілеріне ұқсас симптомдармен біліне бастайды.  

Вирус сыртқы ортаға төзімді болмағандықтан ауру ошақтарында дезинфекция шаралары жүргізілмейді. 

Б. Елемесов, Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары  










®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қызылшаның қауіпі жоғары