Вакцинация - денсаулық қорғаны
Түркістан облысында 23- сәуір күні иммундау апталығы басталды. Халықты жаппай вакцинациялаудың арқасында мыңдаған адамды көптеген эпидемиологиялық аурулардан сақтауға бағытталған иммундау апталығы жыл сайын сәуірдің екінші жартысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен өткізіледі. Биыл апталық 23-29 сәуір аралығында жүргізіледі.
Ұйымның мәліметтері бойынша, иммундау жыл сайын дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша ауруларынан 2-ден 3 миллионға дейін өлімнің алдын алуға мүмкіндік береді. Вакцинаны уақытылы алатын балалар саны осындай иммундау апталықтарының арқасында артқан. Жыл сайын дифтерия, сіреспе және көкжөтелге қарсы егулер әлем бойынша 100 миллионнан астам балаға жасалады.
Полиомиелит дерті бойынша әлем елдерінің басым бөлігі жойылды деген бағаға қол жеткізсе, дифтерия, сіреспе аурулары бірлі жарым деңгейге дейін төмендеген. Мысалы, қызылшаға қарсы вакцинацияның арқасында 2000-2016 жылдары әлемде өлім-жітім саны 84%-ға азайған. Дүниежүзілік иммундау аптасына 180-нен астам ел қатысып, денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен, жыл сайын әр түрлі девиздермен өткізіледі. Өкінішке орай, қоғамда әр түрлі эпидемиялық ауруларға қарсы салынатын екпеден бас тартушылар саны әлі де көп.
Түркістан облысында 637 адам вакцина салдыруға бас тартқан. Олардың ішінде діни көзқарастағылар-235, жеке наным-сенім-221, БАҚ-тың таратқан теріс ақпараттары-137 адам және т.б . Екпеден бас тартушылардың едәуір бөлігі 15-жасқа дейінгілер құрайды. Талдаулар нәтижесінің басым көпшілігі діни көзқарастағы және жеке нанымдағы азаматтар екенін көрсетіп отыр. Екпеден бас тартқандар арасында сауалнама да жүргізілген, басым бөлігі интернет желілерінде авторы белгісіз, вакцина туралы теріс пікір қалыптастыруға арналған видеоларға сенген, кейбірі алып-қашпа әңгімелердің әсері болғанын алға тартқан.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары тарапынан екпеден бас тартушылармен түсіндіру жұмыстары нәтижесінде 26 азамат екпе салдыруға келісім берген.
Уақытылы, әрі тиісті контингенттің вакцина алуы ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына, жұқпалы аурулардың жеңіл өтуіне үлкен септігін тигізеді. Вакцинация азаматтардың тұрғылықты жері бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Облыс тұрғындарын, ата-аналарды белгіленген жоспарлы екпелерді уақытылы алуға, сондай-ақ әртүрлі себептермен екпе алмай жүрген мерзімдерін өткізіп алған тұлғаларды екпе алуға шақырамыз.
Нұрбек Нышанов, Түркістан облысының СЭБД басшысы