Ерте пісетін бақша өнімдеріндегі нитрат мөлшері
Көктем мезгілі келе базарлар мен дүкен сөрелері ерте пісетін жеміс-жидектер мен бақша өнімдерімен толыға түседі. Тұтынушылардың басым көпшілігі ерте бақша өнімдеріндегі нитрат мөлшеріне аса мән бермейтіні және қаншалықты қауіпті екендігін ескере бермейтіні жасырын емес. Егін кәсібімен айналысушылар өнімді ерте әрі көп мөлшерде жинау мақсатында азот қышқылының тұзы – нитраттарды қосады. Тыңайтқыштың аз мөлшері біздің ағзамызға зияны жоқ, дегенмен, егер дозасы шектен тыс көп қосылған жағдайда адам денсаулығына өте қауіпті. Ағзаға түскен нитраттар тотығу үдерісінің нәтижесінде нитриттерге, яғни уға айналады. Бұл әсіресе, балаларға, егде жастағы адамдар мен жүкті әйелдерге өте қауіпті. Ал, оның шектен тыс мөлшері улануға, кей жағдайда адам өліміне де әкелуі мүмкін. Облыс тұрғындарының назарына халық жиі тұтынатын бірнеше жеміс-жидектердің нитрат мөлшерінің дозасын төменде көрсеттік. Сатып аларда денсаулығыңыздың қауіпсіздігі үшін ескеруді сұраймыз! Құлпынай, алма, алмұрт, мандарин, лимон құрамындағы нитрат мөлшері талап бойынша 60 мг/кг аспауы қажет. Қауын - 90 мг/кг, қарбыз- 60 мг/кг, қызанақ-500 мг/кг, қияр-400 мг/кг, банан-200 мг/кг болуы тиіс. Бақшалық өнімдерді сатып алу кезінде сатушыдан олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын, құрамындағы нитраттардың деңгейін анықтайтын ілеспе құжаттарын көруді де ұмытпаңыз.
А. Искаков, Түркістан облысының СЭБД басшы орынбасары