Органикалық ауыл шаруашылығы-экожүйені жақсартатын, адам денсаулығын қорғайтын өндіріс жүйесі

Адамның өмірі, денсаулығы Қазақстан Республикасының Конституциясында қорғалған.  Органикалық ауыл шаруашылығы-экожүйені жақсартатын, адам денсаулығын қорғайтын өндіріс жүйесі. Органикалық өнімді өндіру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы Конституцияға негізделе отырып, 2015 жылы «Органикалық өнім өндіру туралы» ҚР Заңы қабылданған. Осы Заңның 11-бабына сәйкес, органикалық өнім өндіру кезінде мынадай шарттар сақталуы тиіс:

Screenshot_10.jpg

1) сау жануарлар және сау өсімдіктерден алынған қауіпсіз өнім мен шикізатты пайдалану;

2) синтетикалық заттарды, пестицидтерді, гормондарды, антибиотиктерді және тамақ қоспаларын қолдануды болғызбау;

3) генетикалық түрлендірілген объектілерді (ГТО) қолдануды болғызбау;

4) иондаушы сәулені қолдануды болғызбау;

5) топырақ құнарлылығын сақтау және молықтыру;

6) жаңартылмайтын табиғи ресурстарды пайдалануды барынша азайту;

7) жабайы өсімдіктерді өңдеудің химиялық әдістерін болғызбау;

8) өсімдіктерді зиянкестерден, арамшөптерден және өсімдіктердің ауруларынан қорғаудың механикалық, биологиялық және физикалық әдістерін артықшылықпен қолдану;

9) тиісті үй-жайлар мен жайылым жағдайларын қамтамасыз ету, табиғи иммунитетін ынталандыру арқылы жануарлардың саулығына қамқор болу;

10) жергілікті жағдайларға бейімделген төзімді өсімдіктердің түрлерін, сұрыптарын және жануарлардың тұқымдарын таңдау;

11) органикалық өнім өндіру нәтижесінде, сондай-ақ табиғи жолмен алынған заттардан тұратын ингредиенттерден азықтар мен азық қоспаларын мал шаруашылығында қолдану.

Органикалық өнімді таңбалау кезінде органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларында келтірілген, «био», «эко», «органик» деген белгілемелерді пайдалануға рұқсат беріледі. 

Органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісінің бейнесі, оған қойылатын техникалық талаптар ҚР СТ 3109-2017 "Органикалық өнімдер. Органикалық өнімдердің ұлттық сәйкестік белгісі. Техникалық талаптар және органикалық өнімдерді таңбалау тәртібі" Қазақстан Республикасының ұлттық стандартында белгіленеді. Егер ингредиенттер тізімі көрсетілген жағдайда, қандай ингредиент органикалық екені көрсетіледі.

Органикалық өнім өндіру мен органикалық өнімнің сәйкестігін растау нәтижесі – сәйкестік сертификаты болып табылады және ол «Органикалық өнім өндіру туралы» заңның 12-бабына сәйкес, ерікті сипатта болады. Органикалық өнім өндіру мен органикалық өнімнің сәйкестігін растау осы Заңға, органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларына, сондай-ақ қолданыстағы стандарттарға сәйкестігіне жүзеге асырылады.

Органикалық өнім өндіру мен оның айналымының қағидалары «Органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларын бекіту туралы» ҚР АШМ 2016 жылғы 23 мамырдағы №230 бұйрығында айқындалған. Бұйрық «Органикалық өнім өндіру туралы» заңға сәйкес бекітілген және онда органикалық өсімдік шаруашылығының, органикалық мал шаруашылығының, құс шаруашылығының, балықтар мен басқа су жануарларын органикалық өсіру, бал ара шаруашылығындағы орг.өндіріс, органикалық өнім айналымы мен орг.өнімді буып түю, тасымалдау, сақтау, кәдеге жарату, жою қағидалары регламенттелген. Органикалық өнімді өндіруші осы жоғарыда аталған заңнама талаптары мен қағидаларды сақтауға міндетті.

 Осы заңда органикалық өнім өндіру саласындағы құқықтық реттеудің мақсаттары мен міндеттері айқындалған. Мақсаттары: 

1) органикалық өнім өндіруді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау;

2) табиғи ресурстарды сақтау;

3) топырақты, суды, ауаны, табиғи ресурстарды басқарудың орнықты жүйелерін пайдалану;

4) тамақ өнімдерінің сапасын арттыру;

5) органикалық өнімнің ұлттық брендін жасау болып табылады.

Міндеттері: 

1) халықтың денсаулығын сақтау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау;

2) қоршаған ортаның сақталуына жәрдемдесу;

3) органикалық өнім өндіру мен органикалық өнімді инспекциялау және сертификаттау;

4) органикалық өнімнің ішкі нарығын дамыту және ҚР халқының органикалық өнімге қажеттіліктерін қанағаттандыру;

5) органикалық өнімнің экспортын ұлғайту;

6) органикалық өнім өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну болып табылады.

Техникалық регламенттердің талаптарын бақылау бөлімінің басшысы М. Бейбітқызы