Сібір жарасынан сақ болыңыздар!
Сібір жарасы (күйдіргі) – антропозоонозды жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы – бактериялар (Bacillus anthracis). Сібір жарасының қоздырғыштары адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар сыртқы ортаның физикалық-химиялық әсерлеріне өте төзімді, қоршаған ортада жүз жылға дейін сақталады.
Сібір жарасы қалай жұғады? Сібір жарасының адамдарға жұқтырушы көзі – үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа, жылқы, бұғы). Адамға аурудың жұғу жолы көбіне жанасу арқылы (малды сою мен өңдеу кезінде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішкенде жұғады. Сонымен қатар, ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін. Ауру мал және ауру малдың ет өнімімен қатынаста болғандар ауырады.
Ауру адамнан адамға жұқпайды.
Сібір жарасының белгілері мен аурудың ағымы: Ауру теріні зақымдайтын және сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдайтын түрде өтеді. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік түрінде бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсис түрінде 6-8 күнге дейін созылады. Аурудың терілік түрінде қабыршақ (карбункул) айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ, қызыл шоқтың ортасындағы көмір тәрізді көрінеді. Оның айналасында сезімталдық мүлде болмайды. Лимфа түйіндері ұлғаяды. Адамда ауру көп жағдайда терілік түрі болады.
Аурудың сепсис түріне ұласуы (теріден тыс түрі) қоздырғыштың тыныс алу, асқазан-ішек жолдары арқылы енген жағдайында дамиды. Терілік түрінің сепсиске ұласуы сирек кездеседі. Дер кезінде емделмеген жағдайда ауру өлім жағдайымен аяқталады. Аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуі қажет.
Сібір жарасының ең тиімді алдын-алу шарасы — жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцинацияға ет комбинаттары мен мал сойып, өңдейтін нысандарда, мал шаруашылығында жұмыс істейтіндер, тері-жүн өңдеумен айналысатындар, етті тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, қатысатын адамдар жатады. Сонымен қатар, егумен үй жануарлары да егіледі. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарларды егу керек. Жануарларды егу жұмыстары тегін жүргізіледі.
Ет пен ет өнімдерін (соғымнан жілік) тек ветеринарлық дәрігердің берген анықтамасы болғанда ғана алуға болады.
Өлген жануарды тиісті құзырлы мекеме өртеп, жояды. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады.
Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен айығып кетуге болады.
А.Тұрымбетова,
Шымкент қ. СЭБД басшы орынбасары