Менингококк инфекциясын алдын алу шаралары

Менингококк инфекциясы - бактерия тудыратын, ауа – тамшы жолымен берілетін жіті инфекциялық ауру. Науқас адамдар айналасындағылар үшін инфекция көзі болып қауіп төндіреді.  Негізінде ауру ауыр түрде өтеді, науқас жөтелгенде, түшкіргенде сыртқы ортаға қоздырғышты белсенді түрде бөледі.

Screenshot_29.jpg

Менингококк инфекциясы кезінде инкубациялық кезең орташа есеппен 2-4 күн. Бактериясын тасымалдаушылар және назофарингитпен науқастанғандар аурушаңдықтың жұқтыру көзі болып табылады.

Менингоккты менингит жұқпалы ауруы кенеттен басталады: қатты бас ауруы, құсу, денелерінде жұлдызша секілді бөртпелер, дене қызуының 39-40°С дейін көтерілуі, дененің қалтырауы пайда болады. Тері қабаты бозарып, жалпы әлсіздік, денесінде және аяқ-қолдарында ауырсыну байқалады. Ауру симптомсыз бактерия тасымалдаушылықпен және жіті менингококк назофарингиті түрінде,  әлсіз көрінетін интоксикация және ринофарингит белгілерімен өтуі мүмкін, клиникалық белгілері бойынша ЖРВИ-ға  ұқсайды. 

Менингит диагнозы мұрын-жұтқыншақтың сілекейлі қабығынан бактериологиялық зерттеуде оң нәтиже шыққанда қойылады.  Менингит өкінішке орай асқынған  генерализацияланған түрінде менингит және менигококцемия (менингококкты сепсис) түрінде өтуі мүмкін.

Менингиттің алдын алу шаралары:

- қажеттілік болмаса, адамдар көп жиналатын орындарға, сауда-ойын сауық кешендеріне, нашар желдетілетін үй-жайларда өткізілетін мәдени іс-шараларға баруды шектеу, бетперде кию қажет;

- суық тию ауруларының белгілері  (жөтелу, мұрынның бітелуі, түшкіру көздің жасаурауы және басқалар) бар айналасындағы адамдармен қарым-қатынасты болдырмау керек;

- салқын тигізбеу және  мезгілге сәйкес киіну қажет;

- жұқтыруды болдырмау үшін қолды мұқият жуу өте маңызды. Балаларға жиі қол жууды, әсіресе тамақ ішер алдында, қоғамдық орындарда болғаннан кейін, сондай-ақ  жануарларды ұстағаннан  кейін қол жууды үйрету керек;

- әр адам өз денсаулығын күтіп, қалыпты демалып, тұрақты спортпен шұғылданып және дұрыс тамақтанып, иммундық жүйені нығайту керек;

– науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар медицина қызметкерлерінің бақылауымен профилактикалық мақсатта антибиотиктерді қабылдап, дәрігердің нұсқауын орындау қажет.

Н.М.Сарсенбаев,

Шымкент қаласы Абай ауданының

санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшы орынбасары