Әдеп – қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптар
Әдеп – қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптар. Олай дейтініміз, адамның сөйлеу мәнері, іс-қимылы, жүріс-тұрысы, өзін ұстай білуі оның мәдениетті, әдепті екендігін байқатады. Адамның бойынан әдептілік қасиет көрініп тұрса, ол парасатты, адамгершілігі мол екендігін көрсетеді.
Бүгінде мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән беріледі. Өйткені мемлекеттік қызметкер қоғамның айнасы деуге болады. Сондықтан бізге қойылар талап та жоғары. Мемлекеттік қызметші мемлекеттің мүддесіне және азаматтардың құқығына залал келтіретін іс-қимылдарға қарсы тұруға, заңмен белгіленген шектеулерді сақтауға міндетті. Мемлекеттік қызметкерлер әр кезде қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсете білуі тиіс. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы мен әділдігі, жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы-әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Мұндай сенім мен құрметке ие болу үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің жеке мінез-құлық мәселесі бар. Яғни қызметшінің кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдық адамгершілік қасиеттері қатар тұруы керек. Мемлекеттік қызметкер азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде өз ойын дұрыс және дәлелді түрде баяндау, сөйлеп отырған адамның сөзін бұзбай, азаматтардың сұрақтарын мұқият тыңдау, әңгімелесушіге ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру, толық кеңес беру және болуы мүмкін тәуекелдер туралы азаматтарды хабарландыру, жасы үлкен адамдарға, ардагерлерге, мүгедектерге ізгі ниетпен қарау, оларға қажетті көмек көрсетуі тиіс. Шағым түскен жағдайда мемлекеттік қызметкер туындаған мәселені жылдам шешу үшін бірден шаралар қабылдау және болашақта ұқсас жағдайлардың алдын-алуы керек. Мұндай қарым-қатынас мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық мәдениеті мен кәсібилігі туралы оң пікірді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметші үнемі салауатты өмір салтын ұстанып, отбасы құндылықтарын насихаттауы қажет. Жұмыстан тыс уақытта өз іс-әрекеті мен мінез-құлығына жауапты екенін, кез-келген жағдайда әдеп қағидаттарын сақтау қоғамның бізге деген сенімінің негізі екендігін есте сақтау қажет. Жұмыстан тыс уақытта қызметші өз беделін түсіретін және қоғам тарапынан сын мен айыптау тудыратын жағдайлардан аулақ болуы қажет. Жол қозғалысы ережесін бұзу, алкогольді мас күйде автомобиль жүргізу, жол полициясы қызметкерлеріне бағынбау-өрескел әдеп бұзушылық болып табылады. Мемлкекеттік қызметші лауазымдық өкілеттігін объективті орындауда жеке мүддесінің әсер етуіне жол бермеуі қажет. Осы орайда құқықтық әдеп тұрғысынан да айта кетсек, ҚР-ның Конституциясы мен заңнамасына сәйкес әр азамат өзге тұлғалардың құқықтарын, бостандығын, ар-намысы мен абыройын құрметтеуге міндетті. Өз кезегінде мемлекет осы құқықтарды адамның нәсіліне, діни сеніміне, жынысына және т.с.с. қарамастан кепілдік беруге және сақтауға міндеттенеді. Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексіне сәйкес басшы және қол астындағы қызметкер барлық тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңдық мүдделерінің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші әлеуметтік желіні қолданған кезде интернет желісінің басқа қолданушысымен әңгімелесуде сыпайылық танытып, өз парақшасында құпия немесе жабық ақпараттарды жарияламауы қажет.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Сенімге селкеу түсірмеу – әрбір мемлекеттік қызметшінің қызметтік және азаматтық міндеті.
М.Т.Сарманова,
Шымкент қаласы Тұран ауданының
СЭББ бас маманы