Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен бақылаудағы нысандарды тексеру тәртібі
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге жарияланған мораторий аяқталды. Бірақ, мораторийдің аяқталуы шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін жаппай тексеру басталады дегенді білдірмейді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен бақылаудағы нысандарды тексеру Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы №375-V «Кәсіпкерлік кодексінің» талаптарына сай жүргізіледі.
Осы Кодекске сай нысандардың рұқсат беру талаптарына сәйкестігіне тексерулер жүргізіледі және бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар, шұғыл хабарламалар және өтініштер негізінде тергеп-тексерулер мен жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі.
Нысандардың рұқсат беру талаптарына сәйкестігіне тексерулер жүргізу үшін, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары негізінде әр жарты жылға тексеру кестесі жасалынады. Тексеру кестесі ҚР Бас прокуратурасының ресми сайтында жарияланады.
Бақылау және қадағалау органы бақылау және қадағалау субъектісіне тексеру жүргізудің алдында кемінде 30 күнтізбелік күн бұрын, тексерудің басталу датасы көрсетіле отырып талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізілетіндігі жөнінде жазбаша түрде хабарлауы міндетті. Тексеру жүргізілетіндігі жөнінде хабарлама берілгеннен соң, 30 күнтізбелік күн өткеннен соң нысанды тексеру үшін тексеру тағайындау туралы акті шығарылып, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің аумақтық департаментінде тіркеліп, сонан соң ғана біліктілік талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізіледі.
Тексеру жүргізу кезінде санитариялық қағидалардың талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сай жауапты тұлғаларға әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылады және нысанға кемшіліктерді жою жөнінде, орындау мерзімі көрсетіле отырып санитариялық ұйғарым беріледі.
Нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау, осы бақылаудың алдындағы жылы аталған нысанға бармай профилактикалық бақылау жасалған жағдайда жүргізіледі. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімі жасалады. Тізім ҚР Бас прокуратурасының ресми сайтында жарияланады.
Бақылау және қадағалау органы бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізуден алдын, кемінде 30 күнтізбелік күн бұрын, басталатын датасы көрсетіле отырып нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізілетіндігі жөнінде хабарлауы міндетті. Хабарлама берілгеннен соң, 30 күнтізбелік күн өткеннен соң нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізуді тағайындау туралы акті шығарылып, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің аумақтық департаментінде тіркеліп, сонан соң ғана нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізіледі.
Нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу кезінде санитариялық қағидалардың талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда, анықталған кемшіліктер бойынша әкімшілік шара қолданылмайды, нысанға кемшіліктерді жою жөнінде, жою мерзімі көрсетіле отырып санитариялық ұйғарым беріледі.
Санитариялық ұйғарымдағы кемшіліктерді жою мерзімі өткеннен соң, тексерілген нысан кемшіліктердің жойылғандығы жөнінде бақылау және қадағалау органына ақпарат жолдауы тиіс. Ұйғарымның орындалу мерзімі аяқталғаннан соң, бақылау және қадағалау органына тексерілген нысан ұйғарымның орындалғаны жөнінде ақпарат бермеген жағдайда, тексеру жүргізген орган екі жұмыс күні ішінде ұйғарымның орындалғаны жөнінде ақпарат беру керектігі жөнінде бақылау субъектісіне сұраныс жолдайды.
Анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі ұйғарымның орындалғаны жөнінде ақпарат берілмеген жағдайда, ұйғарымның орындалуын тексеру үшін бақылау және қадағалау органы нысанға жоспардан тыс тексеру ашуға құқығы бар.
Тексеру кестесіне және бару арқылы профилактикалық бақылау тізіміне енбеген, сонымен қатар мемлекеттік тіркеуден өткеніне үш жыл болмаған шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге тыйым салынған. Бірақ, мұндай нысандар сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер болған кезде арыз-шағым негізінде жоспардан тыс тексеріледі.
Сонымен қатар, жұқпалы, паразиттік аурулар, уланулар тіркелгені жөнінде мемлекеттік органдардан немесе қызмет субъектілерден түскен ақпарат (шұғыл хабархат) тергеп-тексерулер жүргізуге негіз болады.
Төлебаев Әбдіманап Қошқарұлы,
Шымкент қ. СЭБД басшысы
Бөлісу тақырыбы: Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен бақылаудағы нысандарды тексеру тәртібі