Заңсыз кейтеринг жасауға болмайды!

1221.jpg

Қазіргі таңда кейтеринг қызметі белең алып келеді. Кейтеринг (кейтерингтік қызмет көрсету) – қоғамдық тамақтану объектілерінің әртүрлі мақсаттағы іс-шараларға көшпелі қызмет көрсетуді ұйымдастыруды және дайын аспаздық өнімдерін бөлшектеп сатуды қоса алғанда және тамақтануды ұйымдастыру бойынша мердігерлік қызметтер көрсететін барлық объектілер мен қызметтерді көрсетуден тұратын қоғамдық тамақтану объектісінің қызметі.

Кейтерингтік қызмет көрсету кезінде:

- қызмет көрсететін нысан эпидемиялық маңыздылығы жағынан  жоғары топқа жататын болса, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының, ал егер эпидемиялық маңыздылығы елеусіз нысандар тобына енетін болса, тамақ өнімдерін өндіру, өлшеп-орау, тасымалдау, сақтау және өткізу және т.б талаптарына сәйкестендіріп, қызметінің басталғаны туралы берілген хабарламаның болуы;

- нысан басшысымен бекітілген өндірістік бақылау бағдарламасының болуы мен ондағы талаптардың толыққанды жүзеге асырылуы;

- қызмет көрсетушілердің медициналық тексеріп-қараудан, гигиеналық оқытудан өткендігі туралы белгісі және жұмысқа рұқсаты бар әр жұмыскердің жеке медициналық кітапшасының жұмыс орнында сақталуы, санитариялық киіммен қамтамасыз етілуі мен жеке бас гигиенасын сақтауы;

- кейтерингтік қызмет көрсету кезінде қатысушылардың бір мезгілде пайдалану қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ыдыс санымен қамтамасыз етілуі; 

- әрбір тапсырыстың тамақтану объектісінің есептік құжаттамасында қоғамдық тамақтану өнімінің атауын, дайындалған күні мен сағатын, таратудың (босатудың) аяқталу уақытын көрсете отырып тіркелуі;

- дайын тағамды тұтынушыға жеткізу изотермиялық көліктік қаптамада (контейнерлерде), әрбір қаптама бірлігіне тамақ өнімінің атауы, тамақтану объектісінің атауы мен мекенжайы, тамақ өнімдерін дайындау күні мен сағаты, таратудың аяқталу уақыты, сақтау шарттары мен жарамдылық мерзімдері, жауапты адамның тегі, аты көрсетілген ақпараты бар таңбалау жапсырмасы қоса беріліп немесе желімделіп жүзеге асырылуы, жапсырмалардың іс-шара қызметінің соңына дейін сақталуы;    

- дайындалатын тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мақсатында тамақ өнімдерінің әрбір партиясынан тәуліктік сынама алынуы мен сынамалардың кемінде 48 сағат арнайы тоңазыту жабдығында немесе дайын тамақ өнімдерін сақтауға арналған тоңазыту жабдығының арнайы бөлінген орында +2 °C-тан +6 °C-қа дейінгі температурада сақталуы сияқты талаптар қойылады.

Жоғарыда аталған талаптардың сақталуы тұтынушылар арасында тағамнан уланудың, жаппай тағамнан уланудың алдын алудың бірден-бір жолы екенін назарларыңызға саламыз!

Д.Алиасқар,

Әл-Фараби ауданы СЭББ бас маманы

Шымкент қаласы


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Заңсыз кейтеринг жасауға болмайды!