Энтеровирусты инфекция, Сероздыменингит: белгілері және алдын алу шаралары

 


 

     






Энтеровирустар пикорновирустар тобына жатады. Оларға полимиелит вирусының 3 типі, А Коксаки вирусының 23 типі, В Коксаки вирусының 6 типі, ЕСНО-вирусының 31 типі және 68-71 энтеровирусының 4 типі жатады. Ішек вирусы тобының құрамына кіреді. Энтеровирустар адамда энтеровирустық инфекциялар деген терминмен біріктірілген бірқатар аурулар тудырады, соның ішінде – сероздық менингит, өзіне тән емес қызбалық, өкпенің ісінуі, экзантемалар, перикардит, миокардит, сал және тағы басқалар.

    Энтеровирустардың таралу жолдары әртүрлі. Энтеровирустық инфекциялар көбінесе нәжіс-ауыз қуысы арқылы (ластанған тағам өнімдері, көкөністер мен жемістер, су, әсіресе ашық су қоймаларында, хауыздарда шомылғанда), тұрмыстық жолмен (вирусты тасымалдаушымен тікелей қарым-қатынаста болу, немесе үйде қолданылатын ластанған заттар арқылы) және ауа-тамшылары – жөтелгенде, түшкіргенде сілекей тамшылары, қақырық арқылы беріледі. Энтеровирустық инфекциялармен жапа шегушілердің көбісі үш жастан алты жасқа дейінгі балалар арасында кездеседі, жасы ұлғайған сайын сырқаттанатындар саны азаяды, өйткені инфекция қоздырғыштарын ағза қабылдамайды. Бір жасқа дейінгі сәбилер арасында жұқпа ауыр түрде өтеді.

    Көбінесе сырқат суық тиюдің жеңіл белгілерімен басталады. Әлсіздік, дімкәстік, дене қызуының 39-40 0С-қа көтерілуі, бас ауруының үдеуі, жүрек айнуы,  құсу, іштің ауруы, аяқ-қолдың тартылуы да мүмкін.

     Аурудың алғашқы күдікті белгілері пайда болған кезде дереу дәрігерге көріну қажет, өйткені энтеровирустық инфекция, соның ішінде серозды менингиттің ағзаға (көз көрмей, құлақ естімей қалады және психиканың дамуына кедергі болады) тигізетін теріс әсері зор.

     Энтеровирустық инфекциялардың, соның ішінде серозды менингиттің алдын алу шаралары кез келген ішек инфекцияларының шараларына ұқсас болып келеді. Ауырмау үшін келесі қағидаларды білу қажет:

- ішу үшін тек қана қайнатылған немесе бутылкадағы суды колдану керек;

- әрбір тамақ ішер кезде және дәретханадан кейін қолды сабынмен жуып, жеке және қоғамдық гигиенаның қағидаларын қатаң сақтау қажет;

-түшкіргенде және жөтелгенде бір рет қолданатын майлықтарды пайдалану қажет;

-жемістер мен көкөністерді қолданар алдында алдымен щеткамен, сосын  қайнап тұрған сумен мұқият жуу керек;

 - тек қана арнайы келісілген орындарда ғана шомылу қажет және оның суын жұтпауға тырысу керек;

- ауру деңгейі көтерілген кезеңде хауыздарға, аквопарктерге және ашық су қоймаларына барудан бас тарту керек;

- жеке адамдардан және сауда үшін белгіленбеген орындардан тамақ өнімдерін сатып алмау керек;

- бөлмелерді жиі желдетіп, сулы тазалау жұмыстарын жүргізу қажет;

- ауырған балаларды бала-бақшаға және мектепке жебермеу керек.

         Естеріңізде болсын, ауырып ем іздегенше, аталған қарапайым шараларды орындап, оның алдын алу оңай!

 

 

 

 

Шымкент қаласы

Әл-Фараби ауданының

СЭББ-ның  жетекші маманы

Ордабаева А.Т.