Жыныстық жолмен жұғатын аурулардың асқынулары
Қазіргі таңда жыныстық жолмен жұғатын аурулар (ЖЖЖА) әлемдік денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметтері бойынша, жыл сайын 300 миллионнан астам адам түрлі ЖЖЖА жұқтырады. Бұл жұқпалар репродуктивті денсаулыққа елеулі қауіп төндіріп, бедеулік, жүктілік асқынулары, нәрестелердің өлім-жітімі және АИТВ инфекцияның таралу қаупін арттырады.
ЖЖЖА-ның негізгі берілу жолы – қорғалмаған жыныстық қатынас. Алайда кейбір инфекциялар қан арқылы немесе анадан балаға жұғуы мүмкін. Егер ауру уақтылы анықталмаса және тиісті ем жүргізілмесе, оның созылмалы түрге өтіп, ауыр асқынулар туғызуы ықтимал.
1. Репродуктивті жүйе асқынулары: ЖЖЖА-ның ең жиі және ауыр салдары – адамның ұрпақ өрбіту қабілетіне әсер етуі.
Әйелдерде:
- Жатыр мойнының қабынуы (цервицит) – хламидиоз немесе гонорея кезінде жиі кездеседі.
- Жамбас ағзаларының қабынуы (ЖАҚ) – жатыр, түтік және аналық бездер зақымданады. Бұл бедеулікке және жатырдан тыс жүктілікке әкелуі мүмкін.
- Түтік бітелуі – сперматозоидтың жетілуі мен ұрықтануға кедергі келтіреді.
- Созылмалы жамбас ауыру синдромы – әйелдің өмір сапасын төмендетеді.
Ерлерде:
- Уретрит – зәр шығару түтігінің қабынуы, ауырсыну және күйдіру сезімімен жүреді.
- Эпидидимит – ұрық жолының қабынуы, нәтижесінде сперматозоидтар бұзылады.
- Простатит – қуықасты безінің қабынуы, эректильді дисфункция мен бедеулікке себеп болады.
2. Жүктілік және ұрық асқынулары – жүкті әйелдердің ЖЖЖА жұқтыруы ана мен баланың өміріне қауіпті болуы мүмкін:
- Сифилис кезінде ұрықта даму ақаулары, өлі туу немесе түсік тастау орын алады.
- Хламидиоз және гонорея жаңа туған нәрестелерде көз іріңдеуі (конъюнктивит) мен өкпе қабынуын тудырады.
- Герпес және АИТВ – босану кезінде балаға тікелей жұғып, иммундық жүйені зақымдайды.
-Трихомониаз – шала туу мен ұрықтың салмағының азаюына әкеледі.
Осы себепті жүкті әйелдерге жүктіліктің алғашқы кезеңінде ЖЖЖА-ға скринингтік тексеруден өту ұсынылады.
3. Жалпы ағзалық асқынулар – кейбір ЖЖЖА тек жыныс мүшелерінде емес, бүкіл ағза жүйелерін зақымдай алады:
- Сифилис – емі толық жүргізілмесе, жүйке жүйесі, жүрек-қан тамыр жүйесі мен сүйек тіндерін зақымдайды (үшіншілік сифилис).
АИТВ инфекциясы – адамның иммун тапшылығы синдромына (ЖИТС) алып келеді, ағзаны кез келген жұқпаға осал етеді.
- Гонорея – буындарда қабыну (гонококкты артрит) және қан арқылы инфекцияның таралуына себеп болуы мүмкін.
- Хламидиоз – көздің (конъюнктивит), тамырлардың және буындардың қабынуын (Рейтер синдромы) туғызады.
ЖЖЖА-ның алдын алу – жеке және қоғамдық денсаулықтың негізгі міндеттерінің бірі. Аурудың алдын алудың негізгі шаралары:
1. Қауіпсіз жыныстық қатынас: презерватив қолдану – ең тиімді әдіс.
2. Тұрақты медициналық тексеру: әсіресе бірнеше серіктесі бар адамдар үшін.
3. Жүкті әйелдерді скринингтен өткізу: ерте анықтау арқылы ұрықты қорғау.
4. Білім беру: жастар арасында сексуалдық сауаттылықты арттыру, ЖЖЖА туралы ашық ақпарат тарату.
Жыныстық жолмен жұғатын жұқпалар – дер кезінде анықталып, емделмеген жағдайда адамның денсаулығына, ұрпақ жалғастыру қабілетіне және өмір сапасына үлкен қауіп төндіретін дерттер тобы. Олардың асқынулары тек жеке адамға емес, тұтас қоғамға әсер етеді. Сондықтан ЖЖЖА-ның алдын алу, уақтылы диагностика және дұрыс емдеу дені сау ұлт қалыптастырудың басты кепілі болып табылады.
Балжан Амангелді,
Түркістан облыстық тері-венерологиялық аурулары диспансерінің дәрігері
