Тәжірибені шетелде жинап жүр
Кез келген емдеу мекемесінде ең алдымен кадрлық ресурсты реттемесе онда медициналық көмек сапасы толық болмайды. Сол принциппен Отырар аудандық орталық ауруханасында жыл сайын жоспарлы түрде мамандарды біліктілік арттыру курстарына және заман талабына сай қажеттілікке орай жетіспей жатқан мамандарды қайта даярлаудан өткізу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл бағытта отырарлық ақ халаттылар Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен соңғы жылдары шет елдерге шығып білімін жетілдіріп жүр. Атап айтқанда, 8 маман Ресейдің Новосібір қаласында білімін жетілдірсе, 2 дәрігер Оңтүстік Корея мемлекетінде біліктіліктерін арттырып, тәжірибе жинаған.
- Қазіргі таңда ауданымыздан 2 дәрігер қайта даярлау курсынан өтуде. Оған қосымша биыл 3 маманды қайта даярлауға жіберу арқылы кадр тапшылығын жоюды көздеп отырмыз. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес биылдан бастап емдеудің жаңа технологиясын пайдаланатын 29 дәрігер мен 88 мейіргер ауруларды басқару бағдарламасы бойынша білімдерін жетілдіріп, елге қызмет етуде. Олардың айлық жалақысы 20 пайызға көтерілді. Енді патронатты жүйе бойынша жұмыс істейтін қызметкерлерді оқыту үстіндеміз. Осылайша, біліктілікті арттырудағы жалпы қажеттілікті толық көлемде қамтамасыз етпекпіз, – дейді аурухананың бас дәрігері Р.Тасырбаев.
Дәрігерлердің білімін жоғарылату өз кезегінде көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға, тәжірибеге жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік бермек.