«Халюс Вальгус» қандай дерт?

Аяғында артық сүйек кездесетін жандардың жүруі қиындайды, өйткені сүйек оқтын-оқтын мазаны алады. Аяқ киіміңізді бір сәт шешіп қарағанда сүйектің қызарғанын байқайсыз. Сол мезетте аяқтың арнайы жаттығуларын жасағаныңыз жөн, әйтпесе аяқ қызарып, сыздауы мүмкін. Сүйек тасуы деп те аталатын бұл дерт кейбір адамдарда бір ғана аяғында болса, енді бір адамдарда екі аяғында  кездеседі. Бұл аурудың алдын алмаса сүйек одан сайын үлкейе түседі.

image.png

Аяқтың үлкен бақайының қисық өсуін, сүйектің сыртқа қарай шығыңқы болуын медицина тілінде «Hallux Valgus» деп атайды. Вальгустық сүйектің қисая бітіуі тұқымқуалаушылықтан туындайды, я болмаса адам аяғына тар ыңғайсыз аяқ киім киюдің салдары сүйектің тасуына алып келеді. Мұның емі – ота немесе арнайы сүйекке арналған преаппараттар. Бұл ауру ер адамдарға қарағанда көбіне әйел адамдарда жиірек кездеседі. 

Сүйектің сыртқа тасуының 3 сатысы болады: оның алғашқысы башпай сүйегі 15 градусқа дейін, екіншісі 20 градусқа, үшіншісі 35 градусқа дейін қисық бұтақ секілді бітіп кетеді. «Халюс Вальгус» күнде сізді ыңғайсыз жағдайларға түсіруі мүмкін. Мәселен, бурсит (шырышты қабықтың қабынуы) синовит (саусақтың жиі ісініп қатты ауырсынуы). Осындай жағдайда сіз аяғыңызды басып жүре алмай қаласыз, тіпті аяқ киімдер де тура келмей жататын жағдайлар жиі орын алады. 

Мұндай ауруы бар адамдар ортопедиялық орталықтарға жиі жүгінеді. Себебі артық сүйекке жұмсақ аяқ киім және арнайы бандаж керек. Мүмкіндігінше өте жұмсақ және сапалы аяқ киім киген дұрыс, «Халюс  Вальгустың» ең бірінші емі – аяқ  киім.

Медицинада «Халюс  Вальгуске» қарсы бірнеше емдеу жолдары қарастырылған.  Соның бірі – сплинт  (бандаж – сүйекті  таңып қоюшы құрылғы). Сплинт тұтынушылар саны өте көп. Себебі бұл заттың жарнамасы мықты. Негізінде бандажды сүйекке жасалатын отадан сескенетіндер қолданады. Ортопед мамандар осы ауру төңірегінде біршама ізденді.  Нәтижесінде артық сүйекке жасалатын ота түрін ойлап тапты.

«Халюс  Вальгуске» ота Қазақстанда 2018 жылдары дами түсті. Дегенмен, қарапайым халықтың аталмыш отадан хабары аз. Мұндай ота Түркістан облысына да келіп жетті. Медицина саласы адам жанымен тығыз байланысты болғандықтан, әр аурудың емін табуға талпынады. 

image.png

«Халюс  Вальгус» немесе аяқтағы бірінші саусақтың  вальгустық деформациялануы – өте өзекті тақырып. Мұндай деформация кезінде халық емі қандай да бір нәтиже береді деп айта алмаймын. Бұл тұрғыда нақты бір халық емін де білмеймін. Егер нәтижелі ем болатын болса,  елдің бәрі сол әдісті қолданар еді. Дегенмен халық емінің де әртүрлі тәсілі бар.  Кейбіреулер  капустаның жапырағын таңады. Енді біреулер картопты таңып қояды. Мүмкін, олардың барлығы жай ғана симптоматикалық ем беретін шығар.  Мәселен, бурсит, артрит диагнозы болса, ауырсынуын азайтуға сеп болуы ықтимал. Бірақ, түбегейлі артық сүйекті жоя алмайды. Өйткені «Халюс Вальгус» дәлелді медицинамен емделетін диагноз. Осы аурудың пайда болуына әсер ететін фактор: біріншіден  туа пайда болған  бейімділік, екіншіден туа пайда болған байламдардың әлсіздігі, пласкастопия сондай-ақ  неврологиялық тапшылық жағдайларында пайда болған ауру. Бұл ауру көбіне әйел адамдарда кездеседі. Өйткені әйелдер биік өкшелі, жіңішке аяқ киімдер киеді. Бірақ, бұл гипотеза оның бірден-бір себебі болмайды. Мәселен, өмір бойы биік өкше киетін әйел адамдар да бар. Оларда вальгустық белгілер жоқ. Ал, біреулер мүлдем биік өкше кимесе де, аяғында вальгустық деформациялар бар. Яғни ол – әсер  етуші фактордың бірі.  Жалпы Оңтүстік өңірінде «Халюс  Вальгус» бойынша отаға жүгінетіндердің саны аздау. Әсіресе орта жастағы кісілерге ота жайлы айтсаң, тура бір оларға қиянат жасап жатқан секілді тұра қашады. Бірақ олардың диагнозы асқынып отаны қажет ететін деңгейде. Екінші, үшінші, төртінші деформацияларда жағдай қиын. Саусақтар бірінің үстіне бірі мінгесіп қисайып кете береді, – дейді Қожа Ахмет Иасауи атындағы ХҚТУ клиникасының травматолог дәрігері Алмасбек Ахметов.

Бірақ та ортопедиялық орталықта аяққа арнайы бандаждар бар. Бандаждың көмегінен Алмасбек мырза былайша түсіндірді: «Қазіргі таңда арнайы ортопедиялық бандаждар бар. Олар саусақ ұшына арналған гель қорғаныштары деп те аталады. Бандаждың бұл түрлері нәтиже беруі ықтимал. Егер «Халюс Вальгус»  бірінші сатысында болып, әлі сүйекте  деформация пайда болмаса. Күнделікті өмірде бандажды киіп жүру ыңғайсыз. Аурудың бірінші сатысында жатар алдында қолданған дұрыс деп кеңес беретін едім. Дегенмен бұл гипотеза сүйекті жояды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Бандаж тек қана аяқтың бұлшық еттерінің босаңсуына,тынығуына, қалыпты ұстап тұруына көмегін бере алады». 

Ахметовтің айтуынша, негізінде қазіргі таңда «Халюс  Вальгусқа»  көптеген заманауи операциялар жасалуда. Тіпті кейде бірнеше рет ота жасау керек болады. Өйткені бір отадан сол сүйекті ғана алып тастау тиімсіз. Ол бұрыннан келе жатқан, ескі «шеде» деп аталатын ота. Аурудың екінші,  үшінші сатысында «шеде» отасы жасалса, ешқандай нәтиже бермейді.  Жалпы отаның түрі көп: бір саусақты коррекциялау, сүйектерді коррекциялау, табан сүйегін коррекциялау деген секілді. 

image.png

ХҚТУ клиникасының травматолог дәрігері Алмасбек Ахметов

– Науқастардың көпшілігі бізге бірінші, екінші сатыларында келмейді.  Өкінішке орай,  үшінші және төртінші сатыларында аяқ жаралы болып, аяқ киім кие алмайтын дәрежеге жеткенде ғана маманға жүгінеді. Ал, ондай кездерде екінші және үшінші ота түрлерін жасауға тура келеді. Егер аяқ басы хирургиясы немесе подология (ағылшынша foot sozition) арнайы медициналық құрылғылар, микрохирургиялық пилалар немесе бор машиналарымен жабдықталған клиника болса, сол арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады, Сүйек тасуы екі аяқта да кездесетін болса, кейін екінші аяқ үшін тағы да әуреленбес үшін отаны екі бірдей аяққа жасатқан жөн, – дейді маман.

Ота аяқталғаннан кейін аяқ арнайы реабилитацияны қажет етеді. Шамамен екі аптадан кейін тігіс шешіледі. Сонан соң арнайы шина бандаж кигізіледі. Тігіс шешілгеннен кейін арнайы ортопедиялық барук аяқ киімін кию арқылы ертеңіне тұрып жүруге болады. Бұл аяқ киімді киюдегі мақсат – аяқтың алдыңғы бөлігіне салмақ түсірмей бүкіл салмақты өкшеге түсіруге арналған. Аяқ киім кию мерзімі – шамамен  бір жарым ай. Бандаж шамамен екі жарым ай қолданылады. Алты айға дейін аяқта ісіну болуы мүмкін.  Сол кезеңдерде шамалы кең аяқ киім кию қажет. Ерекше күтім жасауды қапелінде ұстау керек.  

Мен отаны 15 жасымда Түркістан қаласындағы ХҚТУ клиникасында жасаттым. Отадан кейін екі аптадай қиналдым. Өйткені жүріп-тұруға болмайды. Бірақ, отадан соң арнайы барук аяқ киімін киіп, жүре бастадым. Екі айдан соң кәдімгі аяқ киімге көштім. Менің аяғым сүйек тасуының жеңіл түрі, ең бастапқы дәрежесінде болды. Сол себепті ота өте тез жасалып, небәрі 15 минутта аяқталды. Ота сәтті аяқталғаннан кейін оң өзгерістер болды. Аяғымда ауырсыну жойылды. Өзім қалаған аяқ киімді кию мүмкіндігіне ие болдым. Жалпы денсаулығыма ешқандай кері әсері болған емес. Бұл аурумен ауыратын жандарға  ота жасатуға кеңес берер едім. Себебі сүйек тасығанда қатты сыздап ауыратынын білемін. Нәтижесінде екі-үш өлшем үлкен аяқ киімдерден құтыласыз. Кез-келген биік өкшені кие аласыз. Жасөспірімдерге айтарым, ауру асқынып үлгермеген уақытта алдын алғаныңыз жөн. Немқұрайлы қарауға болмайды. Адамдардың көпшілігі отадан кейін жүре алмай қалам деп ішкі түйсігімен арпалысып жатады. Қиналасыз, оңай болмайды. 1-2 аптаға созылады. Қанша дегенмен бұл ота. Қалған ғұмырыңызда ауырсынуды сезінбей өткізесіз. Қазір тіпті аяғыма ота жасалғанын ұмытып кеткенмін! – дейді Түркістан облысында отаны ең алғашқылардың бірі болып жасатқан Феруза Патчаханова. 

«Халюс Вальгустың» медицина тіліндегі екінші бір атауы – табан  сүйегінің деформациялануы деп аталады. Бұл жағдай көбіне 12-15 жас аралығындағы жас қыздарда кездеседі. Ал 25 жасқа таяғанда сүйек өсуін тоқтатады деген дәйек бар. Кейбір деректерде аурудың алдын алмаса, сүйек ұсқынсыз хәлде шығыңқы болып бітіп кетеді делінген. 

«Халюс Вальгустың» тұқым қуалау қаупі де басым, анасында бар болса қызында қайталануы ықтимал. Аяқ – адам  денесіндегі ең маңызды бөліктің бірі. Ертерек қамданбасаңыз, мүмкіндіктен қапы қалуыңыз ықтимал. Айтпақшы, аталмыш аурудың 4-ші сатысы – 50 градустан жоғары шығыңқылық толық зерттелген. Бұл сатыда науқас қимылсыз дем алып жатса да өздігінен ауырасынуды сезінеді. Сондай-ақ басқа да саусақтар деформациялану кезеңіне өтіп кетеді. Сондықтан бір сәт денсаулығыңызға назар аударып, ақ халаттыларды тыңдаған жөн. 

Нұрсұлу  ҚУАНЫШҚЫЗЫ 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: «Халюс Вальгус» қандай дерт?