Жаңарған Шардара су қоймасы сандық технологиямен басқарылады

55.jpg

Шардара су қоймасы толық жөндеуден өткеннен кейін 7 балдық жер сілкінісіне шыдас беретін сейсмикалық төзімділікке ие болады. Бұл туралы еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов пен Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қойма бөгетінің сейсмотұрақтылығын қайта жаңғырту және арттыру құрылысымен танысу барысында айтылды.

2019 жылы су нысанының қабырғаларын нығайтуға республикалық бюджеттен 7 млрд 733 млн теңге қаражат бөлінген. Осылайша жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған су қоймасын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Су қоймасының құрылысы 2022 жылы толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.  

Жалпы сыйымдылығы 5 млрд 200 млн текше метрді құрайтын  Шардара су қоймасына алдағы уақытта сандық технологияларды енгізуді де жоспарлап отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін су бөлу және оны есептеу жұмыстары толығымен автоматтандырылмақ. Су қоймаға электронды есептеуіш құралдары қойылады. Бөгеттен шығып жатқан сулардың барлығы компьютер арқылы есептеліп отырады.

4.jpeg

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара тұрғындарымен кездесіп, ауызсу мәселесін түбегейлі шешу үшін қаладан 34 шақырым қашықтықта, құмның ішінде орналасқан су қоры жеткілікті «Тастанбек» жер асты суын жеткізу қолға алынғанын жеткізді. Су сапасы сынақтан өтті. Ендігі кезекте республикалық бюджеттен қаржыландыру қажет. Жобаны келер жылы толық жүзеге асыру көзделген. 

Суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін барлық жерде жақсарту және олардың құнарлылығын арттыру мақсатында, сондай-ақ суаруға пайдалану мүмкіндігі үшін тиесілігі мен меншігіне қарамастан, істен шыққан барлық тік дренаж ұңғымаларын қалпына келтіру және реконструкциялау жөнінде кешенді жұмыстар жобасы Ислам даму банкі есебінен екі кезеңмен іске асырылмақ. Жоспарланған 512 дана тік дренажды ұңғыманың жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіру нәтижесінде Жетісай ауданының жалпы ауданы 37059 га, Шардара ауданында 64513 га суармалы жерлерінің мелиорациялық жай-күйі жақсарады.