Мұрат Әбенов жаңадан шыққан препараттарды науқастарға сынақтан өткізуге қарсы шықты
Адамдарға тәжірибе жасалмаса, оны емдеу қиын болады. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған бастамалардың бірі қоғамда қызу талқыға түсуде. Қоғам белсенділері жаңадан шыққан препараттарды науқастарға сынақтан өткізуге қарсы. Ал, медицина мамандары бастаманы жақтап әлек.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасаған stan.kz хабарлайды.
Ғалымдар мен қоғам белсенділерінің кезекті теке-тіресі. Бұл жолы дәрі-дәрмектің әсерін тексеру үшін адамдарға тәжірибе жасау бойынша туындап отыр. Парламентте қабылданған заңды еліміздің бас дәрігері Елжан Біртанов таныстырған болатын. Оған сәйкес, әскерилер, кәмелет жасына толмағандар, жүкті әйелдер мен ақыл-есі кем жандарға арналған препараттар зерттелмекші.
«Туберкулезді емдеуге арналған дәрі болса, бірнеше елде зерттеліп, бізге кеш келді. Біз оларды енді сатып алып жатырмыз. Олар жақсы нәтиже көрсеткен. Біздің елде зерттеуге тыйым салынып келгендіктен, ұзақ уақыт күтіп жүрдік. Көштен қалып қойдық десе де болады. Келешекте бұл мәселе туындамауы үшін алдын алу керек», – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Бұл заң жобасын медицина саласындағы ғалымдар қолдап отыр. Өйткені ауыр науқастарға қажет дәрінің мерзімінен кеш келуі үлкен қауіп дейді. Оның үстіне адамдарға сыналатын препараттар алдымен жіті тексеріледі деп отыр. Жаңа өзгеріс тек соңғы кезеңді меңзейді. Яғни, қандай дозада берілуі керектігі анықталмақ.
«Өз ісіне жауап бере алатын адамдарға зерттеу жүргізіледі. Содан кейін барып қана ақыл-есі кем жандар тексеруге қатысатын болады. Яғни, препараттың оң әсер ететіні 99 пайыз дәлелденген кезде қолданылады. Одан бөлек, пациенттің жағдайы тым ауыр болған жағдайда, оны жәрдемсіз қалдыруға біздің құқымыз жоқ», – дейді психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының бас директоры Николай Негай.
Елімізде бұған дейін мұндай клиникалық зерттеулер жүргізілмепті. Кей жандарға ауадай қажет дәрінің уақытында жеткізілмеуі қылмыс жасаумен тең, дейді ғалымдар.
«Біз дәрінің оң әсерін біле тұра бермесек, ақыл-есі кем жанның құқығын шектеу осы болады. Кез келген адам сапалы ем алуға құқылы», – дейді психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының бас директоры Николай Негай.
Дегенмен, қарапайым халықтың пікірі бұл ретте қақ жарылды.
«Енді адамның өзінен сұрау керек оны. Тәуекелге барады ма, бармайды ма? Ол әр адамның өзінің таңдауы. Амал жоқ десе, келісер едім».
«Жаңадан шығарған заттарын жай біз тұтынып көрсін деген мағынада береді ме, оның ешқандай әсері болған жоқ. 10 күн қолдандым балаға. Ешқандай әсері болған жоқ. Бүгін қайтадан басқа дәрі жазып берді».
«Келіспеймін. Өйткені оның бәрін жарнамадан мақтап шығара береді. Шын мәнісінде жәрдемі жоқ. Пайдасы жоқ. Тимейді. Нәтиже жоқ».
«Мемлекет не үшін керек ондай болса?! Ауырған екенсің, қалтаңда ақшаң жоқ екен. Ондай болса саған тегін анау дәріні тексерсін деп айтамыз ба?» – дейді қоғам белсендісі Мұрат Әбенов.
Жобадағы өзгеріске Мұрат Әбенов қарсылық танытып отыр. Қоғам белсендісі халықтың қалтасы көтермейтін дәріні осылайша ұсыну мазақпен тең дейді. Оның үстіне кері әсер берген жағдайда өтемақының болу-болмауы да белгісіз.
«Ауырып жатқан адам онсыз да жанына батқан аурудан шыдамай, мақұл жасаңдар деп айтуы мүмкін. Бірақ ол біреудің бизнесі. Мысалы ондай зерттеуден өту үшін Америка, Еуропада адамдарға көптеген ақша төлейді. Ал біз онсыз да аз азаматтарымызға тәжірибе жасауға рұқсат береміз. Дені сау, өзіне жауапты адам келіп тексерсін өзін. Ақша алсын ол үшін. Неге олар Америка мен Еуропаның адамдарына тәжірибе жасауға ақша төлейді. Неге бізден үнемдеп қалуы керек?!» – дейді қоғам белсендісі Мұрат Әбенов.
Әр тараптың өз позициясы бар. Құлақ асуға тұрарлық. Сондықтан қоғам белсенділері тәуекелді бағамдап, әркім өзі шешім қабылдай алатын жүйе болуы керек, дейді.
Бөлісу тақырыбы: Мұрат Әбенов жаңадан шыққан препараттарды науқастарға сынақтан өткізуге қарсы шықты