Тараздық жас кәсіпкер медициналық жаңа қосымша ойлап тапты
Тараздық жас кәсіпкер Шерзод Бабаев медицина қызметкерлерінің жұмысын оңтайландыратын жаңа қосымша ойлап тапты. Қазір бұл бағдарламаны емдеу мекемелері қолданысқа енгізіп, тиімділігін көріп отыр , деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жаңа қосымшаны пайдалану үшін ауруханаға келген науқас, төл құжаттағы жеке сәйкестендіру нөмірін айтуы тиіс. Сол арқылы куәлік иесі туралы толық ақпарат компьютерге автоматты түрде енгізіледі. Арнайы қосымша арқылы дәрігерлер науқастың ауруханадан шығару қағазын бұрынғыдай сағаттап отырып емес, 5 минутта толтыра алады. Кәсіпкер тың бағдарламаны екі жылда жасап шығарған. «Бұл жаңа қосымша арқылы уақытты үнемдеп отырмыз. Бұрын емделушінің мәліметін алу үшін жазып, шығарып, қайтадан көшіріп қою секілді көптеген функцияларды орындайтынбыз. Оның бәрі көзге көрінбегенмен, айтарлықтау қолды байлайтын. Қазір оның барлығын көшірмейміз. Бір енгіземіз, сол арқылы бәрі дайын тұрады. Тек қана датасын өзгертіп отырамыз,- дейді кардиохирург Дінмұхамед Бегалиев.